KZ
Өскемен
-1°
снег жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Семейдегі «Полковничий» аралына жаңа атау берілді

1.06.2018, 02:31 136

Семейде Ленин көшесі мен Түйемойнақ аралының атауы өзгеретіндігін облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова арнайы келген сапарында мәлімдеген болатын. Осыдан бір жыл бұрын Түйемойнақ аралына қатысты жиында Семей қаласының құрметті азаматы, дербес зейнеткер Мұстафа Ілиясов арал туралы былай деп түсінік берді:


-Осы жерге Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев келіп, талай жиындарға қатысты. Халық алдында Семей ядролық сынақ полигонының мәңгіге жабылғаны туралы және Қазақ елінің бейбіт атомды дамытатындығы туралы келелі әңгіме қозғады. Семей қаласының іргесінде орналасқан, Ертіс өзені арқылы жалғасқан осынау әдемі аралды қазақтар «Түйемойнақ» деп атаса, өзге ұлт өкілдері «Полковничий» деп атайды. Сөйтіп екіге бөлініп жарылып жүр. Бұл екі атау да ресми бекітілмеген. Бұл аралда халықаралық маңызға ие нысандар бар, мәселен, шетелдіктер де «29-ыншы тамыз халықаралық Ядролық қаруға қарсы іс-қимыл күнінде» де осы жерге келіп, тағзым етеді. Мұнда әлемге әйгілі «Өлімнен де күшті» монументі бар, екіншісі «Бейбітшілік» стелласы, болашақта Бейбітшілік мұражайы салынады деп отырмыз. Қала ақсақалдары, ардагерлер осы орайда өзара кеңесе келе Түйемойнақ аралына «Бейбітшілік» деген атау берілсе деген ұйғарымға келдік.


Айта кету керек, Бейбітшілік аралында Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов сынды алаш арыстарының жиыны талай өткен, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан өнер көрсетіп, Әміре Қашаубаев, Майралар ән салған тарихи маңызды орын. Семейліктер енді бұл аралды Түйемойнақ деп те, Поковничий деп те атамайтын болды. Бәріне ортақ «Бейбітшілік» деп аталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив