Семей қаласындағы Полковничий аралының атауы Бейбітшілік аралы деп өзгертілуі мүмкін. Шаһар әкіміне қаланың құрметті азаматтары, ақсақалдары осындай ұсыныспен хат жазған болатын, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Семей қаласының ақсақалдары шаһардағы Полковничий аралының атын қазіргі заманға лайықтап өзгерту жайлы қала әкіміне ұсыныс түсірген болатын . Осыған орай қала басшысы А.Кәрімов қариялармен жүздесіп, олардың пікірлеріне құлақ салды.
Ақсақалдар арасынан алдымен сөз алған Семей қаласының Құрметті азаматы, дербес зейнеткер Мұстафа Ілиясов шаһар келбетіне шырай қосатын осы арал жайында түсінік беріп өтті. Өзен ортасындағы жасыл желекті, тұрғындардың демалуына қолайлы, мәдени нысандары бар мұндай арал республикамызда жоқ. Тіпті, әлем бойынша некен-саяқ екен.
- Бұл арал семейліктердің мақтанышы. Қаланың байырғы тұрғындары да осында келіп, демалыс сәттерін өткізетін. Аралды қазақтар Түйемойнақ деп атаса, өзге ұлт өкілдері Полковничий деп жазып жүр. Бұл екі атау да ресми бекітілмеген. Ендігі аралықта оған лайықты атау берсек. Себебі, бұл аралда халықаралық маңызға ие нысандар орын тепкен. Оның бірі «Өлімнен де күшті» монументі болса, екіншісі «Бейбітшілік» стелласы, ал Бейбітшілік мұражайы болашақта бой көтермек.
Сондай-ақ, бұл аралға Елбасының өзі Семей полигонының жабылуына арналған салтанатты шараға келген болатын. Аралдағы алаңда шетелдік делегацияның қатысуымен түрлі митингілер, жиындар өтеді. Міне, осының барлығы аралға саяси сипат береді. Ал, қала патриоттары сол себепті аралға жаңа атау беру керек деп санайды. Біз, қала ақсақалдары осы орайда өзара кеңесе келе Түйемойнақ аралына «Бейбітшілік»деген атау берілсе деген ұйғарымға келдік, - деді Мұстафа Ілиясұлы өз сөзінде.
Қала әкімі А.Мүталапханұлы өз кезегінде аралда бой көтеретін Бейбітшілік мұражайы құрылысымен таныстырды. Жоба бойынша арал келбетіне елеулі өзгерістер енбек. Жаңадан автотұрақтар салынып, қоғамдық қызмет көрсету орындары бой көтермек.
– «Бейбітшілік» деген атау орынды деп санаймын. Қысқа да нұсқа атау, -дей келе ақсақалдар ұсыныстарын қабылдайтынын, бұл мәселені мәслихат депутаттарының алдағы өтетін сессиясының күн тәртібіне енгізетінін жеткізді.