KZ
Өскемен
+12°
облачно с прояснениями жел 1,3 м/с, Ю
441.8 480.02 4.88

ШҚО-дағы жазғы демалыс орындары туралы

31.05.2018, 07:53 204

Ертең күнтізбеде жаздың бірінші күні тұр. Бірақ жаз басталуға асықпайды. Оған қарамастан жылдың қарлы-жаңбырлы үш мезгілінде сапырылысқан тіршілік пен қарбалас жұмыстан шаршаған адамдар демалысқа дайындықтарын бастап кетті.


Демалу үшін қазақстандықтарға шетелге барудың да қажеті жоқ. Бір Шығыс Қазақстанның өзінің аумағында көптеген тамаша демалыс базалары мен кешендері, жағажайлар жетерлік. Олардың ішінде жаз мерзімінде аса танымал демалыс орындары: Алакөл, Сібе көлі, Тайынты, Окуньки, Бұқтырма.


Алакөл


Биыл Алакөлде демалушылар саны жылдағыдан арта түспек. Себебі бұл демалыс орыны жаңартылып, түрлі қызмет түрлері пайда болды. Одан бөлек те көптеген жағымды жаңалықтарымен қуанта алады.


Мұндағы табиғат тұщы көлімен, таза ауасымен, тамаша жағажайларымен және суының емдік қасиетімен танымал. Алакөлдегі демалыс базаларында балалардың ойын алаңдары, балалар бассейні, спорттық ойындар, би кештері, экскурсия, балық аулау, монша, сауна, су аттракциондары, курорттық-санаторийлік ем-шаралар секілді демалыс түрлерін ұсынады. Демалыс маусымы Алакөлде 21 мамырдан басталып, қыркүйектің соңына дейін жалғасады.


Өскемен қаласымен ара қашықтығы: 610 шақырым.


Семеймен ара қашықтығы: 660 шақырым.


Бағасы: орташа есеппен алғанда бір адамға 6000-7000 теңгеден айналады, бұл соманың ішіне үш уақыт ыстық тамағы кіреді. Бағалар демалыс маусымының әр кезеңіне қарай өзгеріп отырады (маусым айында бағалар айтарлықтай төмен).


Жету жолдары: пойыз, ұшақ, автобус, такси және жеке автокөлік.


15 маусымнан бастап Алакөлге «Өскемен-Жалаңашкөл», «Семей-Жалаңашкөл» бағыттары бойынша пойыз жүре бастайды. Билет бағасы: плацкарт – 2800 теңге, купе – 4000 теңге.


Аптасына екі рет «Өскемен-Үржар», «Семей-Үржар» бағытында ұшақ рейстері бар. Билет бағасы: 10000 теңге.


Күнде «Өскемен-Алакөл», «Семей-Алакөл» бағытында автобустар жүреді. Билет бағасы: 2600-3000 теңге.


Алакөлге дейін таксидің жол ақысы шамамен 40-50 мың теңге болады. Сондай-ақ, Өскемен-Алматы тас жолымен жеке автокөлікпен де шығуға болады.


 


Тайынты


Шығысқазақстандықтар арасында аса танымал демалыс орындарының бірі. Бұл жерде адамдар жартастар мен қарағайлы таулар, суы тұп-тұнық, тынық көл, қайыңды, бұталы шоқ орманның ортасында дем алады. Ұсынылатын демалыс түрлері: дәмханалар, серуен, суға шомылу, жағажай демалысы, саңырауқұлақ теру, спорт алаңдары. Демалыс орыны 2 маусымда ашылады.


Өскеменмен ара қашықтығы: 90 шақырым.


Бағасы: тәулігіне 4000 теңгеден басталады


Жету жолдары: такси және жеке автокөлік


Таксидің жол ақысы: Өскеменнен 9000 теңгеге жуық


Жеке автокөлікпен Өскемен-Самар тасжолы арқылы шығуға болады.


 


Сібе көлдері


Жаз мезгілінде сұранысқа ие тағы бір демалыс орыны. Мұнда демалушыларды тамаша табиғаты тартады: айнадай жарқыраған көлдері, граниттен тұратын тау сілемдері, шалғын шөбі мен бұталары. Ұсынылатын демалыс түрлері: балаларға арналған ойын алаңдары, пирс, беседкалар мен спорт алаңдары. Демалыс орыны 4 маусымда ашылады.


Өскеменмен ара қашықтығы: 78 шақырым


Бағасы: тәулігіне 7000-22000 теңге аралығында


Жету жолдары: такси, жеке автокөлік


Таксидің жол ақысы: Өскеменнен шамамен 7000-8000 теңге.


Жеке автокөлік: Өскемен-Алғабас тас жолы.


Өткен жылы демалыс орнына арнайы автобус жүретін. Биылғы жылы бұл рейстің қайта жандануы әзірше белгісіз.


 


Дұбығалы көлі (Окуньки)


Бұл жердің табиғаты керемет: құмды жағажай, жартастар, көл, үңгірлі тас-таулар. Ұсынылатын демалыс түрлері: суға шомылу, дәмханалар, серуен, жағажайда демалу.


Өскеменнен ара қашықтығы: 80 шақырым


Бағасы: тәулігіне 7000 теңгеден басталады


Жету жолдары: такси (Өскеменнен 7000-7500 теңге) және жеке автокөлік (Өскемен-Семей тас жолы).


 


Бұқтырма


Шығыс Қазақстанда ғана емес, шетелдіктерге де таныс демалыс орыны. Базалары 1 маусымда ашылады.


Өскеменмен ара қашықтығы: 76 шақырым


Бағасы: орташа есеппен бір адамға 5000 теңгеден басталады


Жету жолдары: такси, автобус, пойыз, жеке автокөлік


Аптасына үш рет «Защита-Зырян» бағытында «Жаңа Бұқтырма» станциясына дейін пойыз жүреді. Жаңа Бұқтырмадан такси немесе паром арқылы демалыс базаларына жетуге болады. Әзірше пойыздың рейске шығу уақыты мен билет бағасы белгісіз.


Сондай-ақ, «Өскемен-Көгілдір бұғаз-Жаңа Бұқтырма-Айна» бағытында күнделікті автобус шығады. Билет бағасы: 1000 теңге (нақты бағасы 1 маусымнан кейін белгілі болады).


Жаңа Бұқтырмаға дейін таксидің бағасы 7000-8000 теңге, ары қарай демалыс базасына дейін әр шақырымға 70-100 теңгеден айналады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив