Өскемен: Алаяқтар 100 млн теңге жымқырды (видео)
фото: depositphotos.com
Соңғы кезде елімізде интернет алаяқтық фактілері жиілеп кетті. Қазіргі уақытта Өскемен қаласы бойынша 150-ге жуық қылмыс тіркелген. Келтірілген залал 100 миллион теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемен қалалық Полиция басқармасы Үлбі полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Дулат Кабышевтің айтуынша, интернет алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында кибер жасақ құрылған.
Оның құрамында интернет алаяқтық қылмыстарын ашу бөлімінің жедел уәкілдері мен тергеушілер, анықтаушылар жұмыс атқарады.
Полиция өкілінің сөзінше, соңғы кездері әлеуметтік желілерде «Балам науқас, көмек қажет, өтіп кетпей көмек беріңіз» дейтін пайда тапқыш алаяқтар көбейіп кетті. Бұл да интернет алаяқтықтың бір түрі. Алаяқтар бұл жерде қарапайым халықтың сезімталдығын пайдаланып кетеді.
Дулат Кабышев айтып өткендей, алаяқтар қылмыстарын күннен күнге жаңартуда. Мәселен, екі жыл бұрын «ұялы телефонға келген смс хабарламаларды ешкімге айтуға болмайды» десе, бүгінгі күні алаяқтар телефонмен өздері хабарласып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, шоттағы қаражатты қорғау үшін түрлі бағдарламаларды жүктеуді сұрайды. Аталған қосымшаны жүктеп алғаннан кейін қылмыскер құрылғыңызға еркін кіріп, кез-келген қосымшаңызды қолдана алады. Қаскүнем қашықта отырып-ақ банк қосымшаларын еркін пайдалана алады.