ШҚО-ның өрт сөндіру қызметі орман және дала өрттерін ауыздықтауға әзір
Көктем басталғалы бері Шығыс Қазақстанда бір дала өрті тіркелді. Ол Зайсан ауданында орын алған еді. Орман алабында әзірше өрт шыққан жоқ.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жазғы жұмыстарға техниканың әзір тұрғанын хабарлап отыр. Өрт сөндірушілер барлық қажеттіліктермен жабдықталыпты.
-Біз жыл сайын техниканы дайындаймыз. Қазір 112 өрт техникасы әзір тұр. Сонымен қатар бөлімшелер 500-ге жуық аспалы өрт сөндіргіштерімен қамтылды. Жеке құрамды жеткізетін 15 автокөлік бар – дейді ТЖД мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Ринат Қондыбаев.
Сондай-ақ, табиғи өрттерді уақытында анықтау үшін ШҚО ТЖД Ғарыш зерттеулері мен технологиялары ұлттық орталығымен келісім-шартқа отырыпты. Енді олар тәулігіне екі рет түсетін деректер арқылы жедел әрекет ете алады. Осы ақпараттардың негізінде алты өртті уақытында сөндіріп үлгерген екен.
Әзір болған жақсы. Бірақ дайындық тек сөз жүзінде ғана болып жүрмесе. Себебі, біздің облыс су тасқынына да дайын еді.