20 мамыр күні Өскеменде ғасыр індетінен көз жұмғандарды еске алу акциясы өтеді
Бүкіл әлемде мамыр айының үшінші жексенбісінде ЖИТС дертінен қайтыс болғандарды еске алу күні аталып өтеді. Осыған орай 20 мамыр жексенбі күні Өскемен қаласында амфитеатрдың аумағында 9-12 сағат аралығында ЖИТС дертінен қайтыс болғандарды еске алу акциясы ұйымдастыралады.
Ғасыр дерті арамыздан алып кеткендерді еске алуға, АИТВ жұқпасын жұқтырғандар мен олардың туыстарына қолдау көрсетуге, қатерлі жұқпамен өмір сүретіндердің проблемаларына қоғамның назарын аудару және осындай статусы барларға толеранттық танытуға бағытталған шараның барысында қайырымдылық марафоны өтеді.
Акция аясында эксперсс-тестілеудің көмегімен өзіңнің статусыңды тегін анықтап алуға мүмкіндік беріледі. Жиналғандарға ақпараттық-ағарту бүктемелері таратылады. Қабанбай батыр мен Новаторв көшелерінің қиылысында басталған қайырымдылық марафоны Ертіс жағалауында жалғасады. Медициналық колледждің үгіт бригадасының қойылымы көрсетіліп, аспанға шарлар ұшырылады деп жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, облыста АИТВ жұқпасын жұқтырған екі мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр. ЖИТС дертінен бүгінгі күнге дейін 163 адам қайтыс болды. Қатерлі жұқпаны жұқтырғандардың дені 30 жасқа келе қоймаған жастар.