Өскеменде қайырымдылық марафоны өтті
Облыс орталығында ЖИТС дертінен қайтыс болғандарды еске алу акциясына осы қауіпті дерттен көз жұмған туыстары мен достарын еске алушылар мен қала тұрғындары жиналды. Шара аясында қайырымдылық марафоны өтті. Жарысқа бес жастағы балақайдан бастап, 58 жасқа дейінгі азамат қатысты.
-Өңірде АИТВ жұқпасын жұқтырған 30 бала есепте тұр. Қайырымдылық жарысынан түскен 14 мыңнан астам қаржы осы балғындарға дәрумендер алуға жұмсалады. Қатерлі жұқпамен күрес барысында бізге «Қуат», «Ансвер» сияқты белсенді үкіметтік емес ұйымдар үнемі қолдау көрсетіп келеді, - деп атап өтті облыстық ЖИТС алдын алу және күрес орталығынығ бас дәрігері Марина Жеголко.
Акция кезінде ЖИТС дертінен қайтыс болғандардың есімдері жазылған квилт ілінді.
-Жыл сайын бұл күнді әлемде 70-тен астам елде атап өтеді. Бұл тек қатерлі жұқпа арамыздан алып кеткендері еске алу ғана емес, қоғамның назарын осы дертке шалдыққандардың проблемаларына аудару. Қоғамда әлі күнге АИТВ жұқпасын жұқтырғандарды кемсіту, құқықтарын шектеу кездеседі. Біздің қоғамдық бірлестік осындай диагнозы бар адамдарға қолдау көрсетеді. Біздің ұйымда 2017 жылдан бері сілекей арқылы жұқпаны анықтауға жедел тест өткізіледі. Тестің нәтижесінің дәлдігі 99 пайыз десек те, диагноз одан кейін міндетті түрде зертханалық талдаулар жүргізіліп барып, қойылады, - дейді «Қуат» үкітеттік емес ұйымының жетекшісі Андрей Чернышов.
Шара кезінде ниет білдірушілер экспресс-тестің көмегімен өз статустарын анықтау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар жиналғандар қатерлі жұқпа туралы викториналық сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаздардың барлығына естелік сыйлықтар тапсырылды.
Акцияның соңында қатысушылар осы дерттен көз жұмғандарды еске алу мақсатында майшам жағып, аспанға шарлар ұшырды.