Өскемендегі Ворошилов көшесін Шәкәрім Құдайбердіұлының атымен атау туралы ұсыныс көтеріліп жатыр
Өскемендегі көлемді көшелердің бірі саналатын Ворошилов көшесіне биыл 160 жылдық мерейтойы аталып өтілетін ақын, ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін беру жөнінде ҚР Президенті әкімшілігіне "Алтай асуы" қоғамдық бірлестігі атынан хат жолданды, деп хабарлайды Алтайньюс.
Хат мәтінінде Ворошилов көшесін қазақтың кемеңгер ойшылы, аса ірі философ ақыны, қазақ шежіресінің негізгі авторы, сұңғыла аудармашысы, қазақ ғылымының түркітану саласына ерекше сүбелі үлес қосқан абыз ұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының атымен атау туралы ұсыныс айтылады.
«Неге десеңіз, қаладағы Мұхтар Әуезов көшесі Абай даңғылымен жалғасып жатса, Жаңағы Ворошилов көшесі Абай даңғылын қиып өтеді. Егерде Ворошиловқа Шәкәрім бабамыздың аты берілсе, жаңағы үш көше Ұлылықтың қосындысы, Ұлылардың ансамблі сынды болар еді. Не нәрсені болсын он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылданса, артынан өкініш те болмайтыны шындық»,-деп айтылады ҚР Президенті әкімшілігіне жолданған хатта.
Ворошилов көшесі Тәуелсіздік даңғылынан басталады. Абай даңғылымен қиылысатын көше Үлбі өзеніне келіп тіреледі.
Хаттың толық мәтіні:
ҚР Президент Әкімшілігінің Аппарат
Басшысы
Ә. Ж. Жақсыбеков мырзаға,
Шығыс Қазақстан облысындағы
«Алтай асу» қоғамдық бірлестігінен
Сұраныс-хат.
Құрметті Әділбек Жақсыбекұлы!
Елбасының мемлекетіміздің болмысы мен санасын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақала-жобасы мұқым халықтың көңілінен шығып, кеңінен қолдау тауып, бүгінгі таңда өңірлеріміздің жаңаша түр-түс, мүлдем соны мазмұн алып, түрленіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл жоба, әсіресе, кеңестік кезеңнің салып кеткен зардаптарынан толық арыла алмай жатқан руханиятымыздың - ономастика, топонимика салаларында оңды жаңалықтарымен көрініс тауып жатқанын да естіп, көріп-біліп отырмыз. Осы мәселеге байланысты Сіздің есіңізге облыс орталығы Өскемендегі мына бір жайтты сала кетуді орынды санап отырмыз.
Шығыс Қазақстан – еліміздің Монғолия, Қытай, Ресеймен шектесетін оңтүстік-шығыстағы соңғы нүктесі. Желдің өтінде, елдің шетінде. Шекарадағы облыс, аудан орталықтары кез келген мәселеде өз мемлекетінің ар-ожданы, абыройы, қала берді «Мен Қазақстанмын!» деп айшықтап тұрар бет-бейнесі болуға тиіс. Дәл осы бір маңызы мен мәні аса зор мәселеде Өскемен қаласы тиісті үрдістен шыға алмай отырғанына қынжыламыз.Тәуелсіздігімізге 27 жыл болсадағы Өскемендегі 706 көшенің тек 82-сі ғана мемлекеттік тілдегі атауға ие. Яғни, барлық көшелердің тек 12 пайызы ғана қазақша деген сөз бұл. Қаладағы көше атауларының басым бөлігі Кеңестік дәуірде қазақ халқын қырып-жойған, итжеккенге айдаған, аспаққа асқан, біздердің табиғи өсіп-өнуімізге, яғни демографиямызға қанды қасірет шеккізген большевиктердің, қала берді марксизм-ленинизм классиктерінің атында. Өзгеріс тым баяу жүргізілуде.
Ендігі әңгіме мынада. Қаладағы Климент Ворошилов атындағы үлкен көшені қазақша атауға алмастырмақ. Оны қала басшылары кезінде Семей облысының Көкпекті ауданындағы Балалар үйін басқарған, Социалистік Еңбек Ері Жақия Шайжүнісов ағамыздың атына бермекші. Жақия ағамыздың сіңірген еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Жақия Шәйжүнісов атында Семей қаласында үлкен бір көше, Көкпектіде мектеп атауы бар. Ол кісінің ұрпақтарына өкпесі жоқ.
Біздің ойымызша, жаңағы Ворошилов көшесін қазақтың кемеңгер ойшылы, аса ірі философ ақыны, қазақ шежіресінің негізгі авторы, сұңғыла аудармашысы, қазақ ғылымының түркітану саласына ерекше сүбелі үлес қосқан абыз ұлы Шәкәрім Құдайбердіұлының атымен атаса, жарасып кетер еді. Неге десеңіз, қаладағы Мұхтар Әуезов көшесі Абай даңғылымен жалғасып жатса, Жаңағы Ворошилов көшесі Абай даңғылын қиып өтеді. Егерде Ворошиловқа Шәкәрім бабамыздың аты берілсе, жаңағы үш көше Ұлылықтың қосындысы, Ұлылардың ансамблі сынды болар еді. Не нәрсені болсын он ойланып, жүз толғанып барып шешім қабылданса, артынан өкініш те болмайтыны шындық. Бұл ойымызды ҚР Жазушылар Одағының облыстық филиалы, облыстық Ақсақалдар алқасы, Өскемен қалалық Ардагерлер кеңесімен бірлесе отырып облыс әкімі Даниал Ахметовке де жазғанбыз. ( 23. 04. 2018 жыл, құжаттың кіріс саны 324). Алайда, ол кісі хатты Тілдерді дамыту басқармасына жолдапты. Жауап кешігіп жатыр.
Дәл осы мәселеде Сізден мейлінше ойлы да салмақты әрі жедел көмек болар деген ниетпен, осы хатты жолдап отырмыз.
«Алтай асу» қоғамдық бірлестігі атынан,
оның төрағасы: Әлібек Қаңтарбаев
Мекенжай: ШҚО, Өскемен қаласы, Кожедуб көшесі 52-54,
Тел. 8 705 535 48 55.