"Қисайған қашалар" ШҚО әкімі Алтай қаласының тазалығына қатысты сын айтты
Алтай ауданына жұмыс сапарымен барған ШҚО әкімі Даниал Ахметов аудан орталығының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жергілікті халықпен кездесу барысында әкім көшедегі тәртіпті ең алдымен әркім өз ауласының тазалығынан бастау керектігін ескертті.
- Үйлердің қашалары қисайып жатыр. Иесінен: "неге түзетпейсің" десең түрлі сылтау айтады. Əркім өз үйінен, ауласынан бастауы тиіс. Тазалыққа жауапты ұйымдар да өз міндеттерің дұрыс атқарсын, олар сол үшін ақша алып отыр, - деді Д.Ахметов.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Алтай аудандағы жолдарды жөндеуге 300 млн теңге бөлінбек, ал ауылдарды абаттандыруға 144 млн теңге қарастырылған. Аталған қаражат діттеген жеріне жетіп, жоспардағы жұмыстар жасалған кезде ауданындағы жолдардың біразы жөнге келіп, ауылдардың ажары кіріп қалмақ.