KZ
Өскемен
+23°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, З
476.27 515.47 5.41

Семейде әйгілі композитор Петр Ильич Чайковскийдің «Щелкунчик» балеті сахналанды

15.01.2018, 03:35 234

«Щелкунчик» балетінің режиисер-қоюшысы, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Шығыс Қазақстан облыстық арнайы мамандандырылған балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова. Даңқты композитордың бүкіл әлемдегі ең танымал әрі сұранысқа ие туындысының қойылымына облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова да қатысып, жылы лебізін білдірді:


- «Щелкунчик» балетін ең талантты деген өнер иелері ғана халық назарына ұсына алады. Балеттің партитурасы орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің музыкалық мұрасының классикасы ретінде жоғары бағаланады. Біздің балет мектебінің директоры Камилия Исмаилова премьера деп шақырғаннан кейін, арнайы келіп отырмыз. Қойылымды тамашалағаннан кейін Шығыс өңірдегі балеттің дамуын жоғары деңгейге жеткізудің мәселесін де назарға аламыз.

Чайковскийдің осынау атақты балетінің премьерасы 1892 жылғы 6 желтоқсанда Санкт-Петербургтың Мариинский театрында өткен екен. Семейдегі балет мектебінің  педагог-хореографтары Әлия Көшербаева, Анна Качанова, Альмира Айдарханова, Рыстығайша Иманбековалар «Щелкунщиктің» әр тұсын қырлауға, сомдауға жанталасқаны көрініп тұр.



Мәселен, олар дайындаған  жеке номерлер: күміс Фея, «Қар ұшқындары» биі, шыршаны безендіру, марш, Машаның қуанышы, қуыршақтар биі, Дроссельмейер мен Маша диалогы, жекпе-жек, Щелкунчиктің принцке айналуы және екінші бөлімдегі тәттілер сарайы, араб кофесі, кәмпиттер Феясы, қытай шайы, испан шоколады, жұмақ құстарының биі,  орыс пірәндіктері, гүлдер вальсі, міне осылардың барлығы ерекше суреттелген. Абай театырының залы қалың көрерменге толы болды. Қойылымның әрі бөліміндегі номерлерге барлығы жапырлата қол соғып, риза болып отырды. Маша мен Щелкунчиктің бастан кешетін барлық оқиғалары аса көрнекті композитор П.И. Чайковскийдің керемет музыкасы арқылы берілген, Композитордың жанының сұлулығын музыкалық жұмысы арқылы байқайсыз, бидің күрделілігін талап етеді.


- Қазір аймақтарда қазақ би өнерінің қарқынды дамып отырғанын байқап отырмыз. Сондықтан да біз классикалық бимен қатар ұлттық би өнеріне де тәрбиелеудеміз,- деді Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдерінің иегері, балет мектебінің диреторы Камилия Рашитқызы Исмаилова,-біз бұрындары ұйымдастырған «Бидің ғажайып әлемі», «Әлем халықтарының билері» жобасына 5000-нан аса ауыл балалары қатысты. Олардың бұл өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Былтыр «Без границ» атты балалар мен жасөспірімдердің фестиваль-конкурсында бірінші дәрежелі үш Дипломға ие болдық. Бұлардың барлығы да бұрынғы Семей полигоны жерінде туып-өссе де қасиетті Абай, Шәкәрім, Мұхтар елінің дарынды тұлғалары екендігін дәлелдеп Мәскеуде, Франция, Швейцария, Латвия, Болгария, Финляндия, Испания, Туркия сияқты түрлі елдердің байрақты сындарында бәйгелерге қол жеткізген, болашақтарынан көп үміт күттіретін жастар. Біздің жыл сайын халықаралық сайыстарда осындай деңгейге көтерілуімізге облыс әкімі Даниял Ахметов, қала әкімі Ермак Сәлімовтердің үлесі зор еңбегі зор дей аламын. Сондай-ақ, Мәскеуде өткен «Өнер планетасы-ЭТНОтайм»  конкурсынан  Гранд-при алып келді.  Балет – үздіксіз жаттығуды, темірдей төзімді, белгілі бір жетістікке жету үшін уақытты қажет ететін өнер.  Балет – бекзат өнер. ХVІІІ ға­сырда өмірге келген классикалық осынау  би­де, сәулет өнері мен кескіндеме өнерінің үлес салмағы басым. Шәкірттеріміз Виолета Костенко,  Камила Домагова,  Диляра Мұхамадиева,  Александра Ли-зун-сяндар  Мәскеуде классикалық хореография биі бойынша Гранд-приге қол жеткізсе, ұлттық би өнері аталымында бірінші орынға шыққан. Айта кету керек, «Өнер планетасы-ЭТНОтайм»  конкурсы «Қалалар өмірі» фестивалі аясында Мәскеуде жыл сайын өтеді. Мақсаты ұлттар арасындағы достықты өнер арқылы насихаттау. Қазақстандық, яғни Семей балет мектебі биыл бірінші рет бас бәйге алып отыр, бұған дейінгі жылдары аталмыш өнер додасында Швейцария, Франция, Италия, Болгария, Латыш елдерінің өкілдері бас бәйге алып отырған. Ал Астана қаласындағы «Оқушылар сарайында» өткен «Fiestalonia - Қазақстан» халықаралық конкурсын Астана қаласының әкімшілігі, еліміздегі Испания Королдігінің елшілігі және Еуропадағы Fiestalonia Мilenio деп аталатын арнайы комитет ұйымдастырыпты. Халықаралық бәйгеде «Аққу»деген биді билеп шыққан Ақбаян Серіққазинова «Ұлттық би» номинациясында Гран Приді жеңіп алған. Алдағы уақытта Семей қаласында интернат үйін салу да жоспарымызда бар. Сонда алыс ауылдардағы таланты балалар да балет өнерін үйреніп, салауатты өмір салтына дағдыланар еді.

Айта кету керек, бұдан бұрын да жазғанымыздай Семейдегі облыстық арнайы мамандандырылған балет мектебі жаңа ғимарат пен интернат үйді қажет етіп отыр. Директор Камилия Рашитқызы Исмаилованың сөзіне сүйенсек, балет мектебі жаңадан заманауи талапқа сай жасалуы тиіс. Онда 4 хореографиялық класс бар, одан өзге 2 бөлме музыкалық құралдармен жүретін сабақтарға арналса, 2 бөлме арнайы пәндерге, ал 4 кабинет әкімшілік жұмыстарға, сондай-ақ тігін цехы, костюм киетін және кимідерді жуатын бөлме, асхана, психологиялық қиындытардан арылу, яғни оңашалану бөлмесі,сумен жуынатын, бассейн және тағы басқалары қамтылған.



 -Соңғы кезде елімізде балетке деген қызығушылық артып келеді,-деді Камилия Рашитқызы,-Астанада «Астана Опера» балет және опера театры салынған. Қазақ Ұлттық Хореография Академиясы салынып, іске қосылды. Осының барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер мен мәдениетті түсініп, қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр.  Өнердің даму деңгейі сол халықтың мәдениеті жоғары екендігін көрсетеді. Семейдің балет мектебінде нағыз шеберлер, өз ісінің майталмандары жұмыс істейді. Біздің түлектер «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Жақында облыс басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында кәсіби ұлттық этнографиялық ансамблді құруды ұсынған еді. Біздің балет мектебінің өнерпаздары осы ансамблді жасауға мүмкіндіктері де, таланттары да жетеді. Этнографиялық ансамбль дамып, елге танымал болу үшін оның құрамында таланттылар болу керек. Және біздің ғана емес, шетелдің де жоғарғы өнер мектебімен байланыстарын үзбеген жөн. Біз осы істі бастаған 25 жыл ішінде Қазақ Ұлттық Хореография академиясымен, Алматы хореография училищесімен тығыз байланыс орнаттық. Халықаралық небір оқу орындарымен де әріптестік қарым-қатынастамыз. Бізге үздік өнер майталмандары келіп, семинарлар, шеберлер сыныбын өткізеді. Осының бәрін айтып отырған себебім, балет мектебінің өз үйі мен талантты балаларға арналған интернаты болса, облыс өзінің балет мектебі, этногрофиялық-хореграфиялық ансамбльдерімен халықаралық деңгейде танымал бола түсер еді.

Қазақстандағы үздік балет мектебі болып саналатын Семейдегі арнайы мамандандырылған балет мектебі әзірше жалға алынған ғимаратта дайындалуға мәжбүр екен. Балет мектебінің жұмыс жасап келе жатқанына 25 жыл. 180 орынға арналған мектеп әзірше ғимарат тарлығынан 40 оқушыны ғана қабылдауда. Бірінші қабатта орналасқан балет мектебі әзірше барлық балаға тиісті мөлшерлемені толық орындау үшін таңның атысы, кештің батысы тығыз кестемен жұмыс істеп келеді. Тіпті мұнда демалыс күндері де тыным жоқ. Десек те, хореографиялық өнер әркімді болсын тартады. Тек қала балалары ғана емес,  алыс ауылдардағы өрендер де қалып қалмай осы өнерді үйренгісі келеді.


-Жаңа балет мектебі 180 орынға негізделген, ал  интернатымен қоса алғанда қосымша тағы 60 орындық ғимарат сонау 2013 жылы  салынуы керек еді,-дейді Семейдегі балет мектебінің директоры Камилия Рашитқызы,-сол кезде жаңа нысанның техникалық экономикалық жобасы қолға алынды. Сөйтіп мектеп мен интернаттың салынуына 640 млн. теңге қажет болған еді, қаражат сол күйі бөлінбей қалды. Семей қаласының орталығы «72 квартал» аумағындағы, «8 Наурыз» көшесі бойынан қала әкімдігі әлдеқашан жер бөліп қойды. Бірақ қаржы берілмегендіктен, жоба-сметалық құжат та сол күйі жасалмады. «Семстройпроект» ЖШС бағалағандай, мектеп пен интернаттың құрылысының жоба сметалық құжатына барлығы 15 млн теңгеден артық қаражат керек екен. Ол үшін қазірден бастап, 2018 жылдың бюджетіне осыны кіргізу керек. Қазақстан заңдылықтары бойынша, облыстық бюджетке тек жоба-сметалық құжат жасалған соң ғана тапсырыс беріледі.


-Әрине, Семейдің балет мектебіне лайықты арнайы ғимарат керек,-деді осы мәселе туралы қала әкімі Ермак Сәлімов,-2018 жылдың бюджетіне жоба-сметалық құжатты жасау үшін қаржы қараймыз. Мәселен, «72 квартал» ауданында емес, қала сыртындағы «Қарағайлы» деген жерде төрт мектеп, төрт балабақша салмақпыз. Осы ғимараттардың бірін балет мектебіне лайықтасақ па, деген менде ой да туындап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив