Ұлан ауданының жастарына сайлау жүйесіндегі өзгерістерді түсіндірді
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Ұлан ауданының жастарымен кездесті.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы еліміздің сайлау жүйесінде болып жатқан өзгерістер жайлы, аудан, ауыл әкімдерін сайлаудың маңызы туралы әңгімелеп, жастармен саяси науқан өткізудің құқықтық аспектілері жөнінде әңгімелесті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нұрлан Әбдіров бұл қызметке 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей ұсынысымен бекітілген болатын. Бұған дейін Президент әкімшілігінде қызмет атқарған, екі Палатаның депутаты болған Нұрлан Мәжитұлы үшін бұл лауазым жаңа жауапты қызмет болды. Нұрлан Әбдіров қызметке тағайындалған күннен бастап, еліміздің аймақтарын аралап, екі жылдың ішінде он төрт мыңнан астам тұрғынмен, оның ішінде екі мың жаспен кездесу өткізді. Алматы, Қарағанды, Шымкент, Тараз қалаларындағы университеттің студенттерімен, одан басқа үлкендермен де жүздесіп, сайлау жүйесіндегі реформаның артықшылықтарын түсіндіріп келеді. Нұрлан Мәжитұлы халықпен жеке кездесуінің маңыздылығына тоқталды.
2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы бүкілхалықтық референдум өтті, ал 2022 жылдың 20 қарашасында Президент сайлауы болдв. 2023 жылы наурызда Парламент Мәжілісінің депутаттары сайланды.
Төрағаның айтуынша, қазір жексенбі сайын әр өңірде ауыл әкімдері, ауылдық оруг, кент, аудандық деңгейдегі қалалардың әкімдері сайлануда. Елімізде осындай деңгейлі екі жарым мыңдай әкім бар. 2021 жылдың 25 шілдесінен бастап бүгінге дейін осы санаттағы әкімдердің 80 пайызын тұрғындардың өзі сайлаған.
Сайлау комиссиясы бүгінде дауыс беру тәсіліне көбірек назар аударып, басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделейді.
Кездесу соңында жастар арасында сайлау өткізуге қатысты сауалнама жүргізілді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы олардың пікірлерін зерделеп, нәтижесін талдайтындарын айтты.