KZ
Өскемен
+8°
пасмурно жел 1,7 м/с, В
481.84 531.33 5.07

Балет мектебіне арнайы интернат керек

8.12.2017, 06:26 184

Қазақстандағы үздік балет мектебі болып саналатын Семейдегі арнайы мамандандырылған балет мектебі әзірше жалға алынған ғимаратта дайындалуға мәжбүр. Балет мектебінің жұмыс жасап келе жатқанына 25 жыл. 180 орынға арналған мектеп әзірше ғимарат тарлығынан 40 оқушыны ғана қабылдауда. Бірінші қабатта орналасқан балет мектебі әзірше барлық балаға тиісті мөлшерлемені толық орындау үшін таңның атысы, кештің батысы тығыз кестемен жұмыс істеп келеді. Тіпті мұнда демалыс күндері де тыным жоқ. Десек те, хореографиялық өнер әркімді болсын тартады. Тек қала балалары ғана емес, алыс ауылдардағы өрендер де қалып қалмай осы өнерді үйренгісі келеді.



-Жаңа балет мектебі 180 орынға негізделген, ал интернатымен қоса алғанда қосымша тағы 60 орындық ғимарат сонау 2013 жылы салынуы керек еді,-дейді Семейдегі балет мектебінің директоры Камилия Рашитқызы,-сол кезде жаңа нысанның техникалық экономикалық жобасы қолға алынды. Сөйтіп мектеп мен интернаттың салынуына 640 млн. теңге қажет болған еді, қаражат сол күйі бөлінбей қалды. Семей қаласының орталығы «72 квартал» аумағындағы, «8 Наурыз» көшесі бойынан қала әкімдігі әлдеқашан жер бөліп қойды. Бірақ қаржы берілмегендіктен, жоба-сметалық құжат та сол күйі жасалмады. «Семстройпроект» ЖШС бағалағандай, мектеп пен интернаттың құрылысының жоба сметалық құжатына барлығы 15 млн теңгеден артық қаражат керек екен. Ол үшін қазірден бастап, 2018 жылдың бюджетіне осыны кіргізу керек. Қазақстан заңдылықтары бойынша, облыстық бюджетке тек жоба-сметалық құжат жасалған соң ғана тапсырыс беріледі.



Сонымен осы «Дарынды балаларға арналған арнайы балет мектебін» 25 жыл бойы басқарып отырған Татарстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдерінің иегері, Шығыс Қазақстан облыстық Татар қоғамдық орталығының төрайымы Камилия Рашитқызы Исмаилованың сөзіне сүйенсек, балет мектебі жаңадан заманауи талапқа сай жасалуы тиіс. Онда 4 хореографиялық класс бар, одан өзге 2 бөлме музыкалық құралдармен жүретін сабақтарға арналса, 2 бөлме арнайы пәндерге, ал 4 кабинет әкімшілік жұмыстарға, сондай-ақ тігін цехы, костюм киетін және кимідерді жуатын бөлме, асхана, психологиялық қиындытардан арылу, яғни оңашалану бөлмесі,сумен жуынатын, бассейн және тағы басқалары қамтылған.



-Соңғы кезде елімізде балетке деген қызығушылық артып келеді,-деді Камилия Рашитқызы,-Астанада «Астана Опера» балет және опера театры салынған. Қазақ Ұлттық Хореография Академиясы салынып, іске қосылды. Осының барлығы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өнер мен мәдениетті түсініп, қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр. Өнердің даму деңгейі сол халықтың мәдениеті жоғары екендігін көрсетеді. Семейдің балет мектебінде нағыз шеберлер, өз ісінің майталмандары жұмыс істейді. Біздің түлектер «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Жақында облыс басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында кәсіби ұлттық этнографиялық ансамблді құруды ұсынған еді. Біздің балет мектебінің өнерпаздары осы ансамблді жасауға мүмкіндіктері де, таланттары да жетеді. Этнографиялық ансамбль дамып, елге танымал болу үшін оның құрамында таланттылар болу керек. Және біздің ғана емес, шетелдің де жоғарғы өнер мектебімен байланыстарын үзбеген жөн. Біз осы істі бастаған 25 жыл ішінде Қазақ Ұлттық Хореография академиясымен, Алматы хореография училищесімен тығыз байланыс орнаттық. Халықаралық небір оқу орындарымен де әріптестік қарым-қатынастамыз. Бізге үздік өнер майталмандары келіп, семинарлар, шеберлер сыныбын өткізеді. Осының бәрін айтып отырған себебім, балет мектебінің өз үйі мен талантты балаларға арналған интернаты болса, облыс өзінің балет мектебі, этногрофиялық-хореграфиялық ансамбльдерімен халықаралық деңгейде танымал бола түсер еді.



-Әрине, Семейдің балет мектебіне лайықты арнайы ғимарат керек,-деді осы мәселе туралы қала әкімі Ермак Сәлімовке айтқанымызда,-2018 жылдың бюджетіне жоба-сметалық құжатты жасау үшін қаржы қараймыз. Мәселен, «72 квартал» ауданында емес, қала сыртындағы «Қарағайлы» деген жерде төрт мектеп, төрт балабақша салмақпыз. Осы ғимараттардың бірін балет мектебіне лайықтасақ па, деген менде ой да туындап отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив