KZ
Өскемен
+16°
ясно жел 2 м/с, З
481.84 531.33 5.07

Өскеменде «Шексіз шығармашылық» фестивалі өтті

6.07.2024, 15:00 141 Ынтымақ Толқын

Шығармашылықта шек жоқ қой, шіркін! Адам баласының бәрі де талантты, бәрі де қабілетті. Тек сол таланттың көзін аша білу керек.

Бүгін Астана күніне орай Өскеменде облыс орталығының, Риддер қаласының және Алтай, Самар, Тарбағатай, Шемонайха, Катонқарағай аудандарының суретшілері мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қатысқан "Шексіз шығармашылық" атты ерекше фестивалі өтті. Оның ерекшелігі сол, оған қатысқан дарын иелерінің бәрі де ерекше жандар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

- Шығармашылық адамдары қашанда айналасына шуақ шашып жүреді. Бүгінгі көрме-жәрмеңке тегіннен тегін өткізіліп жатқан жоқ. Бұл жерден нағыз шеберлердің қолынан шыққан ғажап туындыларды сатып алуға болады және ол өте бағалы сыйлық дер едім. Ал бұл осы кәдесыйды жасаған шеберге үлкен қолдау, - дейді облыстық қорық мұражай директорының экспозициялық-көрме жұмыстары жөніндегі орынбасары Евгения Рахметулина.


Көрмеге қойылған бұйымдардың ішінде табиғи былғарыдан, қойдың жүнінен, жұқа киізден, шиден, тіпті кәммиттің қағазынан жасалған алуан түрлі бұйымдар бар. Жалпы, мұнда сәндік-қолданбалы өнердің, кескіндеме мен графиканың түрлі тәсілдерімен жасалған екі жүзден астам жұмыс көпшілік назарына ұсынылды.

- Мен бала күнімнен сурет саламын, өйткені менің әкем суретші болған. Картиналарымда саяхаттаған сәттерімді, естеліктерді бейнелеуге тырысамын. Мұндай фестивальға алғаш қатысып отырмын, маған өте ұнады. Көрмеге келушілер менің еңбегімді көріп, өздерінің ой-пікірін айтып жатыр. Мен үшін бұл өте маңызды, - дейді өскемендік суретші Марат Смаилов.


Осы көрмеде көпшіліктің қызығушылығын туғызған тағы бір өскемендік қылқалам шеберінің суреттері болды. Оның есімі - Сергей Елисеев. Өзінің суретке деген, шығармашылыққа деген махаббатының арқасында ол балалардың церебралды сал ауруын (ДЦП) жеңіп шыққан. Картиналарын ол иегіне бекітілген аспаптағы қылқаламның көмегімен салады екен.

Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылынан келген 12 жастағы Алдияр Ибраев - осы фестивальдің ең жас қатысушы. Кішкентай Алдияр жұпар иісті балауыз, сабынды раушан гүл шоғын, гипстен және сіріңкеден жасалған түрлі бұйымдарын көрмеге алып келіпті. Қараған адамның көзі тоймайды, ғажап. Баланың қолынан осындай тамаша туындылар шықты десе сену қиын, құдды бір шебердің еңбегі дерсіз.

Таланттарды облыс орталығына жинаған айтулы фестиваль концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне мүмкіндігі шектеулі өнерпаздар шығып, жиылған көпшілікті ән мен жырға бөледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив