ШҚО-ның жасөспірім дзюдошылары Ресейден жүлдемен оралды
Ресейдің Барнаул қаласында Халықаралық «Дзюдо күніне» арналып «Сенсей Кубогы» өтті. Дзюдодан дәстүрлі аймақаралық турнирге қатысып келген Семейдегі № 1 Шығыс Қазақстан облыстық Олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары жүлделі орындарды иеленіп келді.
Жарыстың бірінші күні 2007-2009 жылдары туғандар арасында 35 кило салмақтағы Темірлан Шыңғаев 1-ші орын алса, 26 килодағы Тамерлан Қуанышев пен 38 килодағы Аслан Сапарғали, 42 кг салмақта Темірлан Шафхаттар өз салмақ дәрежелерінде 3-ші орынға шықты. Жарыстың екінші күні 2004-2006 жылы туған жас спортшылар арасында Мәди Серіков (38 кг) – 1-ші орын, Ақжан Шайхислямов (38 кг) мен Данияр Канағатов (46 кг) – өз салмақ дәрежелерінде 3-ші орынды жеңіп алды. Жарыстың соңғы күні де біздің спортшыларымыз үшін өте жемісті болды. 2001-2003 жылы туғандар арасында 66 килограмм салмақ деңгеінде күрескен Жақсылық Жұмабеков пен 81 килода бақ сынаған Диас Талғатұлылар 1-ші орынды қанжығаларына байлады. Ал Нұрғанат Әлімғазыұлы (46 кг), Айдан Қонысбеков (50 кг) мен Айдар Төлеубаев (55 кг) – 2-ші орын, Әділ Жангуттин (46 кг), Азамат Зулжалелов (55 кг) пен Еркебұлан Маратұлылар (60 кг) – өз салмақ дәрежелерінде 3-ші орын алды. Осылайша спорт мектебінің жас балалары мен жасөспірімдері жаттықтырушылары мен ұстаздарының сенімін ақтай білді.