KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

«Азия Авто» өз өнімін Өзбекстанға ұсынды

19.09.2017, 10:21 208

Қос мемлекеттің басшылары қатысқан қазақ-өзбек бизнес-форумында өскемендік кәсіпорын отандық автокөліктердің соңғы модельдерін таныстыруға мүмкіндік алды.


Бұл форумға екі елдің 500-ге жуық кәсіпкері мен ұлттық компания өкілдері қатысқан болатын. Осы іскерлік топтың назарына LADA брендімен Өскеменде құрастырылған автокөліктер ұсынылды. Vesta CNG, XRay, Largus, Granta лифтбэгі және жол талғамайтын Urban 4х4 маркалары Қазақстанның автоөндіріс саласындағы әлеуетін паш етті.


Форумға қатысушылардың назары LADA Vesta CNG көлігіне жиі ауғанын да айта кету керек. Сығымдалған табиғи газ бен бензинді қатар қолдануға жарамды бұл көлік әмбебаптығымен ерекше. Осы қасиетінің арқасында жанармай багын бір толтырып алсаңыз, 1000 шақырымға дейін жанармай бекетін іздемейсіз.


Өткен жылға дейін «Азия Авто» көліктерді тек құрастырумен ғана шектелетін. Ал былтырдан бері LADA моделінің толық өндірістік циклі қалыптасты. Кәсіпорын Renault-Nissan альянсымен тығыз қарым-қатынас орната отырып, Lada Vesta және Lada Xray модельдерін сәтті шығарып келеді. Осы жылдың алғашқы алты айында Lada Vesta седаны Еуропа нарығындағы танымал модельдердің жүздігіне енді.

Форум барысында осы ұсынылған көліктерді Өзбекстан нарығына жеткізу мәселелері де талқыланды. Бұған дейін «Азия Авто» компаниясы өз өнімдерін Қытай нарығына сәтті шығарған болатын. Екіжақты келісім аясында өскемендік 1500 дана көлік көрші елге сатылған. Бұл отандық автоөндірістегі экспорттың 85 пайызына тең.


«Азия Авто» акционерлік қоғамының президенті Ерік Сағымбаев бұл форумға үлкен үмітпен барғандарын айтады.


-Жылдар бойы Қазақстан өзбекстандық автомобильдер үшін ауқымды нарық болып келді. Сөйте тұра, өзбек шекарасы шетелдік көліктер үшін жабық болды. Елдегі экономикалық саясаттың өзгеруі осы мәселеге жылымық сыйлап, көршілерімізге өз өнімдерімізді ұсынудың мүмкіндігі туады деп үміттенеміз. Мемлекет басшысының шикізаттық емес экспорттың көлемін екі есеге арттыру туралы тапсырмасын іске асыруда Өзбекстанның 32 миллиондық нарығы үлкен септігін тигізер еді, - дейді Е.Сағымбаев.


Өткен сегіз айдың ішінде «Азия Авто» зауыты 7240 автокөлік жасап шығарған. Осылайша, мұндағы өндіріс көлемі алты есеге артып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив