KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность Штиль
478.89 528.74 5.29

Енді «Баспана» бағдарламасы арқылы пәтер алуға болады

25.08.2017, 06:21 232

"Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы саналатын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Баспана» бірыңғай тарифтік бағдарламасын іске қосты. Банк ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап бұрынғы қолданыстағы тарифтік бағдарламалардың барлығын бір бағдарламаға біріктіруді бастады. Бұған дейінгі "Бастау", "Өркен", "Кемел" және "Болашақ" секілді бағдарламалардың орнын енді «Баспана» атты бірыңғай тарифтік бағдарлама басатын болмақ.


Бұл жөнінде аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталмыш банктің облыстық филиалы директорының орынбасары Рауан Баяш мәлімдеді.


Банк өкілінің айтуынша, бұл бағдарлама барынша икемдірек болмақ әрі бұрынғыдай жинақтың нақты бір қатаң мерзімін қарастырмайды. Яғни, ендігі жерде банк салымшысы қанша жыл ақша жинайтынын және тұрғын үй заемын қандай пайызбен алатынын өзі шешеді. Несие беру мерзімін және пайыздық мөлшерлемені анықтайтын негізгі критерий – бағалау көрсеткіші. Бұл өз кезегінде қаржы тәртібінің коэффициенті болып табылады. Жарналар қаншалықты тұрақты және толығырақ өндірілсе, соншалықты клиенттің бағалау көрсеткіші жоғары болмақ.


Алайда, салымшылар банктің ең төменгі талаптарын, яғни жинақтың үш жылдық мерзімін және бағалау көрсеткішінің 16 мәніне дейінгі жетістігін сақтаулары қажет. Мұндай жағдайда банк клиенті тұрғын үй заемына жылдық 5% мөлшерлеме бойынша үміттене алады. Содан соң ол 4 жыл көлемінде ақша жинақтаса, бағалау көрсеткіші 20-ға дейін арта түседі, ал заем бойынша пайыздық мөлшерлеме 4,8%-ға дейін төмендейді. Осылайша, жинақ мерзімінің артуымен қатар бағалау көрсеткіші де артады және заем бойынша сыйақы мөлшерлемесі сәйкесінше төмендейді. Заем бойынша ең төменгі мөлшерлеме – жылдық 3,5%.


– Мұнда түбегейлі ештеңе өзгермейді. Тек жаңа тәртіп банк өнімдерін оңтайландыруға, оны барынша қарапайым және қолжетімді етуге бағытталған. «Баспана» бағдарламасы постдепозиттік операцияларды да біраз қысқартады. Салымшыға қазір тек үш сұраққа жауап беру жеткілікті. Яғни, оның алғысы келетін баспанасы қанша тұрады, бастапқы жарнаның көлемі және ай сайын бөле алатын ақшасының сомасы қанша? Берілген жауапқа байланысты банк клиентіне тұрғын үй жоспарын құру және көздеген мақсатына жету оңайға соқпақ, - деді брифинг барысында Рауан Баяш.


Сонымен қатар 2017 жылдың 1 тамызына дейін ашылған барлық депозиттерге де тараптар міндеттемелерін толық орындағанға дейін банк арқылы тиісті қызмет көрсетіле бермек.


Брифингте айтылғандай, «Баспана» жаңа тарифтік бағдарламасы - салымды төменгі сома 500 АЕК-пен (1 134 500 тенге) ашуға, шарттық соманы арттыруға, депозиттерді біріктіруге, отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының арасында өзара келісімдер жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, толығырақ ақпарат алғысы келетіндер банктің жақын маңдағы филиалына хабарласып, банк кеңесшілерінен кеңес алу мүмкіндігіне ие. Кеңес беру орталықтарының мекенжайларын https://www.hcsbk.kz сайтынан көруге болады.


Рауан Ержанұлы бұдан бөлек жиналғандарға Өскемен қаласында бір бөлмелі пәтерді сатып алу бойынша тұрғын үй жоспары есебінің үлгісін де көрсетіп берді. Мысалға, тұрғын үйдің орташа бағасы - 6 000 000 теңге болатын болса, Салымшы ҚТҚЖБ-дағы депозитіне ай сайын енгізе алатын сомасын банк менеджеріне атауы қажет. Мәселен, ол 48 000 теңге аудара алатын болса, мұндай жарна төлеу арқылы тұрғын үйдің 50%-ын 5 жылда жинап ала алады (бұл есеп аударылған сыйлықақы және банк сыйақысы есепке алынбай жасалынған). Сонда банк жылдық 4,5%-бен тұрғын үй заемын 8 жылға береді. Ай сайынғы төлем – 37 200 теңгені құрайтын болады.


Ақпарат ретінде айтар болсақ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асырушы жалғыз банк. Банк Еуропалық құрылыс жинақ кассалар федерациясының (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үй құрылысын қаржыландыру Одағының мүшесі.

Брифингте Рауан Баяш атап өткен өңір тұрғындары үшін екінші жағымды жаңалық, ол банктің жергілікті филиалында «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында үстіміздегі жылдың 28 тамызы мен 27 қыркүйегі аралығында екі көп пәтерлі үйге өтініштер қабылдаудың басталуы.


– Екі баспана да 19 тұрғын ауданда. Алғашқысы 119 айқындамада орналасқан, 60 пәтерлі бес қабатты кірпіш үй. Бір шаршы метрінің құны – 124 622 теңге. Екінші бес қабатты кірпіш үйде 70 пәтер бар. Бір шаршы метрінің бағасы – 131 529 теңге. Басты ерекшелігі «Нұрлы жол» арқылы жүзеге асырылатын бұл баспаналарды тұрғындар жылдық 5 пайызбен ала алмақ. Бұған банкте депозиті бар кез келген салымшы қатыса алады. Сонымен бірге пәтерлердің 50 пайызына жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар қатысады, олар да банк салымшысы, депозиті болуы міндетті. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы көппәтерлі екі баспанаға өтініштер қабылдайтын боламыз, - деді Рауан Баяш.


Ал брифингке қатысқан Өскемен қалалық құрылыс бөлімі, өндірістік-техникалық секторының меңгерушісі Мадияр Абылханов 19 тұрғын ауданда бой көтеріп жатқан аталған төрт баспананың сапасы, кімдер салып жатқаны, нақты қашан тапсырылатыны туралы ақпараттармен бөлісіп, тілшілер сауалдарына жауап берді. Оның айтуынша, барлық құрылыс заңнамаларына сай салынып жатқан үйлер биыл жыл соңына дейін толық аяқталмақ.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив