KZ
Өскемен
+5°
туман жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

Катонқарағайдағы ауыл үйлері еуропалық туристерді неге қызықтырады?

11.06.2017, 18:00 326



Біздің облыста алыстан ат арытып келген туристерді ғана емес, өз елімізден келген демалушыларды да киіз үй тігіп, қазақы ауылға тән бар жағдайымен, жөн -жоралғысымен күтіп алып жатқан ауылдар бар. Анығырақ айтсақ қонақ үйлер бар.

Қымыз, шұбат, айран секілді ұлттық сусындарды келушілердің дастарханына қойып, қазы-қарта, жал-жая, сары май, құрт,ірімшік, жент ұсынатын бұл қонақ үйлердің иелері қарапайым ауыл адамдары. Ол үйлерге келген саяхатшылардың көз алдында қазанға буы бұрқырап ет асылып, үлпілдеген ып-ыстық бауырсақ пісіріліп, ақ самауыр сарқ –сарқ қайнап жатады.
Катонқарағайдағы ауыл  үйлері еуропалық туристерді неге  қызықтырады?
Бүгінгі күні Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласының маңында аймаққа келген туристерді осындай ұлттық ерекшелігімен, бітім, болмысымен қарсы алып, демалуына мүмкіндік туғызып отырған оннан астам қонақ үй бар. 2014-жылдан бері шығыста іске асырылып келе жатқан «Алтын Алтай-аймақты дамытудың байлығы» жобасы бойынша бұл екі өңірдің ауылдарында отандық, шетелдік саяхатшылар, демалушылар үшін (керемет деп айтуға келмемегенмен) әжептәуір жағдай туғызылып, жасалыпты. Осыдан үш жыл бұрын бұл жақта демалушылар саяхаттайтын арнайы туристік маршруттар түгілі, «қазақ деген халықтың отбасы, шаңырағы осындай болады» деп ұлтымыздың салт-дәстүрін дәріптеп, таныстыратындай үй табу қиын болатын.

-2014-жылы Шығыс Қазақстанда Еуропалық Одақтың қолдауымен ауылдық жерлерде туризмді дамытуға бағытталған айырықша жоба басталған болатын. Біз жобаны іске асыруға Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласының маңын тектен -текке таңдап алғамыз жоқ. Екі өңір де ұлттық парктің жанында орналасқан табиғаты тамылжыған жер, -деді облыста үш жыл бойы жүргізілген жобаға бас –көз болған словакиялық «Machaon International» ұйымының президенті Йозеф Беднар Өскеменге атқарылған іс –шараларды қорытындылай келген сапарында.

Италия, Франция, Испания сияқты еуропалық елдер бүгінде ауылдық жерде туризмді дамыту есебінен, агротуризм есебінен ірі инвестициясыз-ақ ауылдың қаржылық-экономикалық жағдайын айтарлықтай көтеріп алды. Йозеф Беднар Шығыс Қазақстан облысында ауылдық туризмді дамытудың болашағы, әлеуеті зор екенін, ең бастысы ауыл тұрғындарының қонақтарды қабылдап алуға, жағдай жасауға деген ниеті болуы керектігін атап айтты. Жағдай дегенде қаладағыдай асқан қолайлы жағдай да керек емес шетелдік туристерге, жатар орын мен тамақтың тазалығы, қауіпсіздігі, қонақ үйлердің ішкі, сыртқы көріктендірілуі, ауыл тұрғындардың, қонақ үй иелерінің мінез-құлықтарының дұрыстығы сияқты басты талаптар сақталса болғаны дейді Йозеф.

Туризм индустриясы экономикаға табыс түсірудің ең тиімді жолы болса, біздің ауылдарымыздың тұрғындары үшін ауылға келген, қонақ үйлерге келген туристерге, демалушыларға қызмет көрсету- бәрінен бұрын тұрмысты түзеудің, жұмыс табудың, қосымша қаражат табудың көзі. Катонқарағайдың Өрел ауылы жанындағы «Шәкәрім», «Самай», «Ясная поляна» сияқты, Риддердің Поперечное ауылы маңындағы «У Аркадия», «Заезжий двор», «Хлебосольный дом», «Дом ремесел» тәрізді оннан астам қонақ үйлердің иелері, қарапайым ауыл тұрғындары, қожалық иелері үш жылдан бері жаз айын туристерге қызмет көрсетумен өткізіп, табыс тауып жатыр.

Жобаның облыстағы үйлестірушісі Наталья Блох басында жаңа істі бастауға кедергілер көп болғанын, аудан, ауыл әкімдері дайын қаржыны игеруге- қонақ үй ашатындай қолайлы үйлерді тауып беруге, тұрғындарды жобаға тартуға немқұрайлы қарағанын қынжыла айтты. Қазіргі күні Катонқарағай ауданының әкімі А.Нұрғожин жобаны жүргізуге барынша қолдау көрсетіп отырған көрінеді.

Жанаргүл Мұқатай




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив