Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылы бойында орналасқан 8/1 ғимараты жанынан жаяу жүргіншілерге арналған шақырту сигналы бар алғашқы бағдаршам іске қосылды.
Ерекше бағдаршам жақында ғана орнатылғандықтан, кейбір жаяу жүргіншілерді ыңғайсыз жағдайға қалдырып отыр. Алайда, әкімшілік полиция басқармасында тұрғындарға құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіріп, айтып берді.
– Сіз батырманы басқанға дейін, бағдаршамда автокөлік құралдарына жасыл түс жанады. Егер сіз батырманы басқан болсаңыз, сізге арнап 30 секундқа жасыл түс жанатын болады. Бірақ үнемі жаяу жүргіншілерге ғана жасыл түс жанып, автокөлік құралдарының қозғалысына кедергі келтірмеу үшін шақыртулар арасы 60 секунд болып белгіленді. Яғни, келесі болып басқан жүргінші жасыл түсті алғашқы шақырудан кейін бір минут күтуі қажет. Мысалы, сіз 40 секунд өткеннен кейін келсеңіз, онда сіз бар болғаны 20 секунд күтесіз, - дейді басқармадағылар.
Тағы бір айта кететін жайт батырманы бір рет қана басу керек, қайта-қайта басқаннан жасыл түс тезірек жанбайды.
Мирас Құмарғалиев
Сурет: Виктор Абакумов, yk-news.kz сайтынан алынды