Тұрақтандыру қоры Үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне сәйкес құрылады.
Облыста алыпсатарлық және әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерінің бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу үшін тұрақтандыру қорының бұл арнайы бағдарламасы жүзеге асырылған кезеңде, яғни 2011 жылдан қазірге дейін барлығы 50 405,8 тоннаны құрайтын 10 түрлі азық-түлік тауары сатып алынған екен.
Аталмыш бағдарлама операторы «Жәрдем» ЖШС арқылы келісі 150 теңгеден сатылуы тиіс болған 8,9 тонна тазартылған күріш сауда айналымынан алынды.
Өйткені, ұзақ сақталуына байланысты күріш тауарлық сапасын жоғалта бастаған. Осыған орай «Ертіс» ӘКК облыстың тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне азық-түліктің тағамдық қауіпсіздік параметрлері бойынша күріштің сатуға жарамдылығын немесе саудадан алынуын анықтауға сұрау жіберген. Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жауабы негізінде тұрақтандыру қорының күріші жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты сауда айналымынан алынды.
Айжанат Бақытқызы