KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

ШҚМУ ғалымдары жылдам өнім беретін картоп сортын дайындап шығарды

22.05.2017, 18:00 223


С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ғалымдары шығымы жоғары, әрі жергілікті климатқа бейімделген картоп сұрыптарын ойлап тапты.

Таулы да жазықты, сулы да нулы, аңызақ шөлі де кездесетін біздің өңірге кез келген өсімдік жерсіне бермейді. Осыны ескерген универсиеттің аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Галина Кузмина өлке жағдайына бейімделген, жаңбыр мен шөлге бірдей төзімді, жоғары сұрыпты картоп өнімін зерттеп, мемлекеттік сұрып сынағына жіберді. Ол турасында зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, биология магистрі Арай Мұратханқызы баяндап берді.

- Мемлекеттік сұрып сынағына жіберген жобаның тақырыбы: «Шығыс Қазақстан аймағында өзіміздің және ТМД елдерінің селекциясының төзімді әрі өнімділігі жоғары картоп сұрыптарын іріктеп алу». Осы жоба бойынша ерекше көзге түскен «Удача» және «Санте» атты екі сұрыпты ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсындық. Сондай-ақ, 32 гибридтің ішінен таңдалған «Шығыс», «Изольда», «Таврия» атты үш гибридке де сұрып шенін бермек үшін ұсыныс жасап отырмыз, - дейді ғалым.

Жалпы университет коллекциясында 60-қа жуық картоп сұрыбы бар. Алдағы күндері осы 60 сұрыптың ішінен 50 түп картоп өскінін «Ұлан-жеміс» шаруашылығына егу жоспарланған. Ал қалған оншақты сорт қалемшелеу әдісі және микротүйнектерін алу әдісі арқылы қайтадан көбейтіледі.

- Қазір өңірде егілетін картоп тұқымдарының көбі Голландия, Ресей, Германия сияқты елдерден әкелінеді. Солардың орнын жергілікті тұқымдармен алмастыру мақсатында картоп сұрыптарын алуға негізделген ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Өйткені, шет елден әкелінген картоп сұрыптары біздің аумағымыздың климаттық жағдайына бейімделмеген. Сондықтан, бұл шетелдік сұрыптар күтімі келсіпеген жағдайда екі-үш жыл өтпей жатып өз өнімділіктерін жоғалтады, - дейді Арай Мұратханқызы.

Жобаның ерекшелігі сол, аталған сұрыптар бас-аяғы 70-75 күннің ішінде өнім бере алады. Мамыр айында тыңға түрен салған дихан ел тамыз айының басында-ақ күрек-сайманы мен қанар-қабын қамдай берсе болады.

Тасқын Болатұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив