KZ
Өскемен
+18°
переменная облачность жел 1,1 м/с, ОБ
452.92 484.99 5.12

Ресейліктермен бірге тамақ өнеркәсібін дамытуға көңіл бөлінуде

25.11.2017, 13:09 168

Семейдің технолог-ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесе жұмыс істеп, жаңа жоба арқылы адам денсаулығына аса пайдалы азық-түліктер шығаруды жолға қоймақшы. Ол үшін белокты өсімдіктер, дәнді дақылдар пайдаланылып, әр адамның жас мөлшеріне қарай ас мәзірлері бекітілмекші. Мәселен, қаладағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің кафедра ғалымдары балалар және қарттар тағамы өндірісін жолға қою үшін көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Олар геродиетикалық тағамдар әзірлеуді бастап та кетіпті. Бұл қарттарға арналған тағам. Тағам құрамына қарттардың асқазаны нені қорыта алады деген есеппен пайдалы тамақ өнімдері кіргізілмек.

Міне, осындай ас қорыту жүйесіндегі түрлі аурулардың алдын алатын жаңа бағыттар туралы, шаруа қожалықтарындағы ерекше мамандандырылу технологиясы, мембранды техника, биотехнология жетістіктері міне, осының барлығы «Тамақ өнімдерін өндірудің өзекті мәселелері: даму перспективалары мен жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда кеңінен айтылды. Жиын ҚазАШҒА корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Елемес Төлеуовтің 75 жасқа толуына арналды. Конференция барысында Семейдің азық-түлік шығаратын ірі кәсіпорындары бас қосты. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге өз өнімдерін әкелді. Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, техника ғылымдарының докторы Құмарбек Әмірханов жиынды аша келе былай деді:


-Елемес Төлеуовтың ғылыми мектебі Қазақстанға ғана емес, шетелдерде елде де танымал. Оның шәкірттері ірі ғылыми-зерттеу орталықтарында істейді. Өндіріс орындарын басқарып, ұстаздық еңбек жолына да түскендері бар. Ол өмір бойы тамақ өнеркәсібінің, әсіресе ет өнімдерінің тақырыбын зерттеді. 1966-1969 жылы Елемес Төлеуов Жамбылдың жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Семей филиалында күндізгі аспирантураға оқуға түсті. Оның ғылыми жетекшісі - ірі ғалым және ұстаз ветеринария ғылымдарының докторы, профессор С.Д Ульянов еді. Оның жетекшілігімен Елемес Төлеуов 1969 жылы Мәскеудегі ет және сүт өнеркәсібінің технологиялық институтында «Жылқы етінен жасалатын піскен шұжық өнімі өндірісі технологиясын жетілдіру» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады.

Кандидаттық диссертациясын қорғау кезінде ет өнеркәсібінің белгілі ғалымдары, профессорлар А.Соколов, А. Большаков, Н.Журавская сияқты академиктерден, техника ғылымдарының докторлары И.Рогов, А.Горбатов сияқты жетекші ғалымдардан ғылыми кеңестер алды. 1999 жылы Ресейдің Кемеров тамақ өнеркәсібінің технологиялық институтында академик И.А. Роговтың жетекшілігімен жылқы етін кешенді түрде өңдеу технологиясын жетілдіруге орай докторлық диссертациясын қорғады. Бір жоғары оқу орнында Елесем Төлеуов ағамыз ассистенттен кафедра меңгерушісі, профессорға дейін жұмыс істеп өтті.Ол 43 жыл бойы жұмыс істеген «Ет және ет өнімдерінің технологиясы» кафедрасының ұжымы да еңбекқорлығы және ұйымшылдығымен ерекшеленеді. Оның жетекшілігімен 26 кандидаттық диссертация, кеңесшілігімен 3 докторлық диссертация қорғалды, ет өнеркәсібіне 3 мыңнан астам жоғары білімді маман дайындалды, оның ішінде ТМД елдерінде 50-ден астам ғылым докторлары мен кандидаттары жұмыс істейді. Көп жылдық ғылыми зерттеулерінің нәтижелері бойынша 1999 жылы РФ және ҚР техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.


Бидай өңдеуді жетілдіру жолға қойылды


Конференцияда айтылғандай, Шәкәрім университеті өздерінің бидай өнімдеріне арналған ғылыми жобаларын өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнату арқылы жүзеге асырады екен. Мәселен, дәнді дақылдарды Шығыс Қазақстан облыстық ұн-құрама жем комбинаты арқылы зерттеу сынақтардан өткізеді. Бидай бүкіл әлемдегі 148 елдің негізгі азық-түлігі болып табылады және көптеген елдердің экономикасында ерекше орын алады екен. Бүкіл дәнді дақылдар өнімінің 60 пайыздай мөлшері бидайдан алынады. Азық-түлік өнімі ретінде бидайдың көптеген аса бағалы қасиеттері бар. Бидай дәні — аса құнарлы да қуатты азық, оны сақтау да қиын емес, бір жерден екінші жерге тасып жеткізу де оңай және оны өңдеп алуан түрлі өнім алуға болады.


-Европадағы елдерде адамға қажетті барлық калорияның 35 пайызы бидайдан алынады. Адам организмі үшін қажетті белоктар мен углеводтардың жарымына жуығын, Ві витаминінін 70-80 пайыз, РР және Е витаминінің не дәуір белогін, минералдық тұздарды және басқа қажетті заттарды бидай өнімі береді. Бидай наны азық-түлік көзі ғана емес, сонымен қатар ерекше катализатор болып табылады. Осы пайдалану нәтижесінде ас қорыту жақсарады жете басқа қоректер де жақсы сіңеді. Бидай белогының да ерекше бағалы қасиеттері бар, оның амин қышқылдық құрамы үйлесімді ке- леді. Қазіргі жоғары механикаландырылған және мамандандырылған ауыл шаруашылығы өндірісі жағдайында бидай түсімін арттыра берудің және мол өнім алудың негізгі факторы — дақыл үшін ылғал, керек және режимінің ең қолайлы жағдайын жасаумен қатар, оның аса бағалы сорттарын өсіріп шығару болып табылады,- деді конференцияға қатысушы магистрант Ардақ Нұртілеуов,-адамға қажетті азық-түлік пен мал азығы және шикізат үшін қажетті өнімдер молшылығын жасауда дәнді дақылдар селекциясының маңызы зор.


Қазіргі заманғы өсімдіктер селекциясының мақсаты - әр түрлі агроэкотипке арналып шығарылған сорттарды сыртқы орта жағдайына мүмкіндігіне көбірек бейімдей түсу, яғни белгілі бір генотип пен сыртқы ортаның абиотикалық және биотикалық факторлары арасындағы үйлесімділікті барынша арттыра түсу болып табылады.


Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың халыққа Жолдауында былай делінген: «Мемлекеттік саясат-тың ең басты мақсаты – Қазақстан Республика-сының азаматтарының өмір сүру деңгейін,əл-ауқатын жоғарылату», бұл өз кезегінде əлемдегі бəсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру мен елімізде индустриаландыру арқылы 30 корпоративті құру біздің ең басты мақсатымыз екенін дəлелдейді. Агроөнеркəсіп кешені ел экономикасына жоғары табыс əкелетін ең маңызды сала болуы қажет. Агроөнеркəсіп кешенінің алдында тұрған жаңа басымды мəселелер: біріншіден, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, екіншіден, экспортқа тауарларын өткізетін ауылшаруашылық секторларына күшті біріктіру және мал шаруашылық саласының экспорттық əлеуетін дұрыс қолдану.

Қазіргі заманауи тағамдар спортшылардың бұлшық етін өсіреді.


Арнайы ұйымдастырылған тамақ көрмесінде Шәкәрім универститетімен өзара тәжірибе бөлісуге Ресей Федерациясынан да мамандар, ғалымдар келіпті. Атап айтқанда, ірімшік қайнату және мембранды технология саласы бойынша олар өз ұсыныстарын айтты.


– Мембранотехнология молекулярды деңгейде әр бөлшекті дамытуға ықпал етеді,-деді бізбен ой бөліскен Кемерево мемлекеттік университетінің профессоры Борис Лобасенко,-бұл технология сүт және дәрі-дәрмек жасау саласында кеңінен қолданылады. Тіпті кей жерлерде осы технология арқылы лай суды да тазартып алуға болады. Мәселен, спирт өнімін алып қарайық, медицинада кеңінен қолданылады. С2Н5ОН және Н2О молекулалары өздерінің өлшем бірліктерінінің әртүрлі екендігін бірден байқатады. Біз іске қосайық деп отырған мембранды технология спирт пен судың молекуласын бір-бірінен айыруға көмектеседі.Мен осы мембранды техниканы дамыту үшін 30 жыл бойы ғылыми жұмыспен айналысып келемін. Тәжірибеде мембранная технология керемет күшті әсер етеді. Мәселен, соңғы уақыттары спортшыларымыздың жейтін тағамдарында осы мембранды технология өнімдері бар. Осы азық-түліктер спортшыларымызға бұлшық етін өсіруге көмектеседі. Өйткені олардың құрамындағы аминқышқылдары жеткілікті. Міне, сондықтан да әртүрлі жастағы адамдардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, олар сіңіріп, қорыта алатын тағам түрлерін шығаруға мүмкіндік береді. Су кез келген тірі ағза үшін аса қажетті нәрсе. Адам ағзасының 65-70 пайызы судан тұрады. Адам денсаулығы жақсы болуы үшін күніне екі литр су ішу керек. Адам ағзасында көптеген токсиндік заттар кездеседі. Өндірістің зияны, пайдасыз тағам, көліктен шығатын шаң-тозаң, осының бәрі біздің ағзамыз кезігетін жағымсыз заттардың бір бөлігі. Одан бөлек, тамақты қайта ысыту кезінде көптеген токсиндік заттар пайда болады. Ал бұл кейін тамақтан улануға әкеліп соқтырады. Бір жақсысы, судың көптігінен біздің бүйректеріміз жақсы жұмыс істеп, несіппен бірге ағзадағы қажетсіз заттарды шығарады. Айтпақшы, тағы бір маңызды мүше бауыр да сусыз жұмыс істей алмайды. Ендеше, ағзаңызды қажетсіз заттардан тазартқыңыз келсе, су ішіңіз. іздің өміріміздегі көптеген химиялық реакциялар да судың көмегімен орындалады. Ағзадағы барлық заттар тек ерітінді түрінде. Бұлшық ет, тері, сүйек, бұзылған ткандердің қалыпқа келуі, гормондардың синтезделуі, ферменттер, медиаторлар, бәрі де суды қажет етеді.

«Хаппуми» ірімшігі кең қолданысқа ене бастады.


Көрмеде өзара тәжірибе, пікір алысылған тақырып ірімшік тағамы туралы. Ірімшік – ауылшаруашылығы малдарының сүтінен, ферменттер мен сүтқышқылды бактерияларды пайдалану арқылы немесе сүт өнімдерін еріту арқылы өндірілетін өте бағалы өнім.


Ірімшік-өте ертеде біздің заманымызға дейін шамамен 5 мың жылдықта бірінші Азияның оңтүстік батысында жасала бастаған. Кейіннен Иранның, Ирактың, Түркияның таулы аймақтарында бірінші ірімшік ешкінің сүтінен алынды және ол өте жұмсақ болған екен. Бертін келе адамдар ірімшікті адамдар ұзақ сақталатын өнім ретінде ойлап тапқан. Ол уақытта тоңазытқыштар болмағандықтан, тағамдар тез бұзылатын. Одан кейін ірімшік жасау Жерорта теңізінің елдеріне тарады. Бұл жердегі гректер толыққанды тұздалған ақ ірімшік сатыпты. Римдіктер арқылы сыр жасау тәсілі Батыс Еуропа елдерін қамтыды. Ірімшіктің ең көп тараған түрлері- сиыр сүтінен жасалатыны. Сондай-ақ ірімшік ауыл шаруашылығында өсірілетін басқада үй жануарларының сүтінен дайындалатыны мәлім болып отыр. Яғни, жылқы, қой, ешкі және Сібір маралдарының сүтінен де жасалатындары бар. Осы ірімшік қайнату туралы Сібір ғылыми-зерттеу институтының профессоры Александр Майоров былай деді:


-Біздің ұжым қазірде ірімшік қайнатуға мүмкіндік беретін шағын ғана технологялық жабдықты ойлап шығарумен айналысып жатырмыз. Бұны шағын қожалықтарда пайдалануға болады. Және тәжірибе жасап, өндіріс орындарына да аздап кіргізіп жатырмыз. Нәтижесі жаман емес. «Сулугуни», «Чеддер» атты ірімшіктерді шығардық. Қазір Кипр елінің «Хаппуми» ірімшігі танымал болды. Бұның ерекшелігі оны қуыруға болады. Тіпті сол жоғары температура кезінде де ол өз молекулаларын жоғалтпайды. Және тағы бір тиімідісі, ол тез дайындалады. Кеше ғана пісірілген сүттен бүгін қатты ірімшік жасай аласыз. Сөйтіп, оны жарты жылға дейін сақтауға болады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив