KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
441.79 478.77 4.9

Жаңа Согра кентіндегі медициналық орталық қайта жарақтандырылды

10.05.2017, 18:00 171



Өскемендегі Жаңа Согра кентіндегі Бағдат Шаяхметов атындағы медициналық орталығының ғимараты қайта жарақтандырылып, тұрғындарға әлемдік стандарттарға сай медициналық қызмет көрсететін емдеу орнына айналды. Кеше орталықтың алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек бөлімі ашылды. Оның ашылуына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

- Осыдан бір жыл бұрын ғана дәл осы жерді көріп кеткен едім. Бір жыл ішінде еңбек ұжымының өз қаражаты есебінен осындай тамаша емдеу нысанын іске қосқаны қуантады. Облыста халықтың қамы үшін әлеуметтік жобаларды іске асыратын ұйымдар көп емес. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-солардың бірегейі. Елбасының айтқан «Туған жер» бағдарламасының мәні де осы болатын. Бизнес өзінің туған өлкесінің өркендеуі үшін өз капиталын шығындап, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бағдарламасымен жұмыс істесе оңды. Мен облыстың денсаулық саласының келбеті таяу жылдарда мүлде басқаша болатынына сенімдімін. Сіздердің ел игілігі үшін атқарып жатқан істеріңізге, уақыт тынысын дөп басып келе жатқандарыңызға алғысымды білдіремін, - деді облыс әкімі.

«Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның Бағдат Шаяхметов атындағы медициналық орталығы 2013 жылы іске қосылған болатын. Сол жылы бұл жоба Елбасының «Парыз -2013» сыйлығының иегері атанды. «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ басшысы Әсем Мамутованың айтуынша, 2016 жылы акционерлік қоғамның басқармасы мен акционерлері медициналық орталықты қайта жарақтандыру және алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек бөлімін ашу жөнінде шешім қабылдапты.

-Енді біздің жаңартылған, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген орталық тек кәсіпорынның жұмысшылары мен олардың отбасына ғана емес, маңайдағы барлық елді мекендердің тұрғындарына медициналық қызмет көрсете алады. Мен басталған ісіміздің ойдағыдай аяқталғанына үлес қосқан барлық қызметтер мен ұйымдарға шексіз алғыс айтамын, - деп атап өтті Әсем Тілекқызы.

Қайта жарақтандырылған медициналық орталық енді үш бөлімнен тұрады. Тұтынушылар алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек қызметін, консультативті-диагностикалық қызметті және оңалту бөлімінің қызметін пайдалана алады. Орталыққа бүгінгі таңда 24 мыңнан астам адам бекітілген. Олардың барлығына 120 медициналық персонал қызмет көрсетеді. Облыс әкімі емдеу орнын аралап, заманауи қызмет түрлерімен танысты. Орталықтың медициналық құралдарының барлығы өте сапалы, Швейцариядан, Оңтүстік Кореядан әкелінген екен.

- Оңалту бөлімі іске қосылған үш жылдың ішінде кәсіпорын жұмысшыларының арасында аурушаңдық 20 пайызға азайды. Бұл жерде келушілерге әртүрлі ванналар, душ қызметі, пантымен, батпақпен емдеу түрлері ұсынылады. Омыртқаны су астында тарту сияқты процедуралар жасалады, - дейді орталықтың бас дәрігері Ерлан Мұсабек.
Заманауи құралдармен жабдықталған медициналық орталықтың қызметін сол жерге бекітілген Радужный, Солнечный, Жаңа Согра, Арматура зауыты аудандарының тұрғындары ғана емес, кез келген қала тұрғыны да пайдалана алады.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив