KZ
Өскемен
+15°
небольшая облачность жел 4 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

ШҚО-да биыл көгалдандыру жұмысы жаңа ережеге сай жүргізіледі

сурет редакция архивінен

22.05.2024, 10:27 107 ALTAINEWS

Бұдан былай жеке және заңды тұлғалар көгалдандыру жұмысын өкілетті орган белгілеп берген учаскеде өзінің қаражаты есебінен жүргізетін болады. Ал жасыл желекті аумақ құруды жергілікті атқарушы орган ғылыми ұйымдардың нұсқауы негізінде жүзеге асырады.

Шығыс Қазақстан облысының мәслихат депутаттары былтыр қаңтарда қабылданған «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заңға сүйене отырып өңірдің елді мекендерінде көгалдандыру, жасыл желекті күтіп ұстау және қорғаудың жаңа ережесін бекітті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сонымен қатар бұл құжат экология және табиғи ресурстар министрінің былтыр ақпандағы бұйрығымен бекітілген елді мекендерді көгалдандырудың типтік ережесіне сәйкестендірілді. Ережеде бірқатар өзгеріс бар.

Атап айтсақ, енді ШҚО-да елді мекендерді көгалдандыру жұмысы арнайы мамандардың ұсынысынан және жергілікті атқарушы органның бекітуінен кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл талап тек саябақ немесе жасыл аймақ салуға қатысты емес, қоғамдық аумақта гүлзарлар жасауға да қатысты болмақ.

Сонымен қоса жеке және заңды тұлғалар көгалдандыру жұмысын уәкілетті орган белгілеп берген учаскеде өзінің қаражаты есебінен жүргізетін болады, уәкілетті органның құрылыс жүргізу туралы шешім қабылдауы немесе жасыл желекті аумақты (саябақ, сквер, бульвар, мекемелер және өзге де өнеркәсіптік нысандар) қайта жаңарту міндетті түрде қоғамдық тыңдаулар өткізу арқылы жүзеге асырылады.

Сол сияқты аталған ережеде жеке және заңды тұлғалардың кесілген ағаштың орнына егілетін көшеттерге күтім жасау мерзімі нақты көрсетілген. Айталық, қылқан жапырақты көшеттерге үш жыл, жалпақ жапырақты ағаштың көшеттеріне екі жыл бойы күтім жасалуы керек. Егер осы уақыт ішінде көшеттер өліп қалса, оның орнына қайтадан жас шыбықтар егіліп, күтім жасалуға тиіс.

Кесілген жасыл желекті қалпына келтіруде бір жылдық көшеттерді егуге рұқсат етілмейді. Осы орайда кесілген жасыл желекті қалпына келтіру үшін егілетін көшеттердің көлемін анықтау нормалары өзгеріссіз қалды. 

Айта кетейік, жергілікті атқарушы органның рұқсатымен ағаштар кесілетін болса орнына он еселенген мөлшерінде көшет егілуі керек. Рұқсатсыз кескен жағдайда елу еселенген мөлшерінде талап етіледі. Ал егер сирек кездесетін немесе жоғалып бара жатқан жасыл желекті рұқсатсыз кесетін болса орнына жүз есе көп көшет егуі қажет.

Естеріңізде болса, былтыр қаңтарда елімізде «Өсімдіктер дүниесі туралы» Заң қабылданған. Ол заң өсімдіктер дүниесін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілеп, қоғамдық қатынастарды реттейді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив