Сахарадан түлеген сахнаның саңлағы – сұхбат
фото: adyrna.kz
Іргетасы сонау ХХ ғасырдың басында Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин сынды ұлтымыздың біртуар тұлғаларының бастамасымен қаланған Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры 2024 жылғы гастрольдік сапарын еліміздің аймақтарынан бастаған болатын. Мамыр айында өнер керуенін Өскемен қаласына шөгерген театр ұжымы көрермен ықыласына бөленді.
Алтай алабына ат байлаған өнерпаздар арасында халыққа кеңінен танымал актерлер өнер көрсеткен болатын. Солардың бірегейі, өнерсүйер қауымға «Ұят болмасын» хабарында ел ақсақалының образын сәтті сомдауы арқылы етене таныс боп кеткен замандасымыз Бекжан Тұрыс.
Орайы келген жерде Бекеңмен жолығып, актердің өмірі мен өнері, жалпы қазақ мәдениеті жайында аз-кем әңгімелескен едік.
Шишаның құдіреті
– Беке, былайғы жұрт жүзіңізді теледидардан жақсы танығанымен өзіңіздің қайда туып, қайда өскеніңіз, өнерге қалай келгеніңіз жайлы жақынырақ білгісі келері сөзсіз.
– Жақсы. Алматы облысында көп жылдардан бері «Атауын өзгертсек!» деп күресіп жүрген Ұйғыр деген аудан бар. Атауы айтып тұрғандай ол ауданның басым бөлігін ұйғыр ағайындар жайлап отыр. Осы ауданда қазақы қаймағы мен салт-дәстүрі бұзылмай, уыздай ұйып отырған Шошанай деп аталатын шағын ғана қазақ ауылы менің шыр етіп дүниеге келген, кіндік қаным тамған жер. Өнерге бала күнімнен жақын болуыма себепкер адам өзімнің туған жеңгем десем де болады.
– Шықсаң дағы қандай биік деңгейге,
Жан жетпейді сырыңды ұғар жеңгейге, – дегендей жеңгем мақтаса мақтағандай жан еді. Сол кезде әйел адамдардың ауыл шаруашылығы техникаларын тізгіндеуі өте сирек кездесетін құбылыс еді ғой. Сол сирек жандардың бірі менің жеңешем еді. Жер жыртатын тракторды да, жүк көліктерін де талғамай жүргізе беретін. Жұмыстан қолы қалт етсе ауыл клубына барып, сол жердегі көркемөнерпаздар үйірмесінде өнер көрсететін өнері де бар еді бойында. Ол кезде мен бар болғаны 3-кластың оқушысымын. Әкем жарықтық «Сен мына қайныңды өнерге баулып, тәлім-тәрбие бер. Мұның бойында нағашыларынан дарыған ән айтып, домбыра тартатын өнері болуы керек», – деп келініне мені аманаттап тапсырғаны есімде.
Сөйтіп, ақырын-ақырын домбыра тартып, ән айтуды үйрене бастадым. Кітап оқуға деген құштарлығымды оятқан да жеңгем болды. Өзім-өз боп оқыған ең алғашқы кітабым әйгілі сықақшы Оспанхан Әубәкіровтің «Ымды білесің бе?» деген әзіл-сықақтар жинағы болды. Кейін кез келген ақын-жазушының кітаптарын басымызға жастанып жатып оқитын болдық. Көңілім қанша құштар болғанымен, сахнаға бірден шығып кетуіме мүмкіндік болмады.
– Неліктен?
– Неліктен болғанда, ол кезде өзіңіз білесіз, кеңестік жүйе. Сахнаға тек қана сабақты жақсы оқитын, тәртібі жақсы оқушыларды шығаратын. Ал менің тәртібім де, сабағым да оңып тұрған жоқ. Әдебиет пен тарих болмаса, анау химия, физика, математика, геометрия деген пәндер миыма кіріп-шықпайтын. Не істеу керек? Қалайда жолын тауып, сахнаға шығуым керек. Ол кезде «7 ноябрь, Жаңа жыл, 23 февраль, 8 март, 1-9 май» дейтін үлкен мерекелер болды ғой. Сол мерекелерде ауыл клубында мектеп оқушыларының үлкен концерттері өтетін. Ауылда Кемелбай деген ағамыз бар еді. Қазір де көзі тірі, сол ауылда тұрады. Жастау күні. Аздап ащы сумен достығы бар. Сол ағама «Аға, менің сахнаға шығып өнер көрсетуіме көмектесіңізші, мұғалімдер шығармайды» деймін жалбарынып. Неге шығармайды?! – деп таңғалады ағам...
Ақыры екеуіміз ымыраға келеміз. Ол кісі мені сахнаға шығаратын боп, мен ол кісіге бір шиша арақ сатып әперетін боп келістік. Арақ алуға ақша керек. Мереке болса таяп келеді. Содан көрші үйдің тауықтарын аңдып жүретін болдым. Қыт-қыттағанын естісем болды, жүгіріп барып жұмыртқаларын қағып әкетем. Сөйтіп жүріп мерекенің қарсаңында бір шишаға ақша жинап алдым. Ағамыз да берген уәдесінде тұрып, мұғалімдерді алдаусыратып жүріп мені сахнаға шығарды ғой ақыры.
– Актерлікке қалай кеп жүрсіз әлде біреулердің ақыл-кеңесі әсер етті ме?
– Актерлікке да сол бала күнімнен құмар болдым. Күн ұзақ қой бағып жүріп қиялмен түрлі-түрлі кино түсіріп, басты рөлдердің барлығын өзім ойнаймын. Не керегі бар, Төлеген де, Бекежан да, Шеге де өзім. Қажет болса Төлегенді өлтіртпей аман алып қалған серияларым да болған. Одан жалықсам баладан бастап, кемпір-шалдардың, ұрысқақ әйелдердің, қайсыбір мұғалімдердің бәрінің дауысына пародия жасаймын. Одан кең далада емін-еркін ән саламын. Қол радиосы деген болатын. Әлгіден күніне бір ән үйреніп алатынмын. Ол кезде Отан алдындағы борышыңды өтеу – ең бірінші кезекте тұратын. Мектеп бітірісімен оқуға түсуге аса талпына қоймадым. Әскерден келгесін де бірер жыл қой бақтым.
– Неге қой бақтыра береді, одан басқа жұмыс жоқ па?
– Жұмыс көп қой. Мен қойға шопандардың көмекшісі болуға өзім сұранатынмын. Неге екенін кім білсін, еркіндікті, кеңдікті аңсаймын да тұрамын. Иен дала. Алдыңда бір отар қойдан басқа ештеңе жоқ. Күні бойы өзім би, өзім қожа. Ән айтқым келсе, ән айтам, пародия жасағым келсе, оны жасаймын. Кино түсіріп небір мықты кейіпкерлердің образын сомдаймын. Бұдан артық не керек?!
Жұмбақ жанашыр
Кластастарымның біразы Алматыда оқуда. Бірде жаз айында демалыс алып, соларға келдім. Олардың қайсыбірі сырттай оқиды да, былайғы уақытта түрлі мекемелерде жұмыс істейді. Бір-екеуі СМУ деген жерде жұмыс істейді екен. Табыстары жақсы. Олар күндіз жұмыста, мен жатақханадамын. Кешкілік басымыз қосылып мәре-сәре боп қаламыз. Содан, бір күні әлгі достарым жұмыс істеп жүрген жерлерінде көркемөнерпаздардың сайысы болатындығын айтып, маған «Өз мекемелерінің атынан сайысқа түсіп берші?!» деп қолқа салды.
Қойшы, сонымен СМУ-дың атынан сайысқа түсіп, пародиямды салып, әнімді айтып, пантомима көрсетіп, «Катюша» деген әзіл әңгімемді айтып беріп елді қыран-топан күлкіге кенелдіріп, І орынды алып бердім. Достарым да, олардың басшылары да мәз-мейрам.
Сөйтіп жүлдені қанжығамызға байлап, сол жердегі парктің бір бұрышындағы сыраханаға жайғасып ап сыра, әне-міне алып жеңісімізді атап өттік. Қанша уақыт өткені есімде жоқ. Бір уақытта қасымызға орта жастағы жігіт ағасы келіп жөн сұрасты. Кластастарым бірі политехта, бірі КазГу-де оқитындарын, енді бірі СМУ-да жұмыс істейтіндерін айтып жатты. Бір кезде әлгі кісі: – Сен қайда оқисың? – деп менен сұрады. Өзгелер секілді қалада оқып жатқан оқуым да, жұмысым да жоқ. Өтірік айтатын емес, біраз сасқалақтап қалып, жөнімді айттым.
Содан әлгі ағамыз достарыма қаратып: – Сендер өздерің қалада оқиды екенсіңдер. Осында театральный институт деген бар екенін білесіңдер ме? Білсеңдер мына достарыңды сонда неге апармайсыңдар? Мен мана бұл жігіттің өнерін тамашалап, талантына тәнті болғасын айтып тұрмын. Қазір сол өнер институтында сынақ емтиханы өткелі жатыр. Барсаңдар үлгересіңдер, – деп тағы да басқа намысты қамшылайтын сөздер айтып бізді сол жаққа жіберді.
– Ол кісінің аты-жөні кім, неғылған адам екен?
– Соны сұрамаппын, қазір соған қатты өкінемін. Ол кісі мен үшін осы күнге дейін жұмбақ жанашырым боп қалды.
Содан алып-ұшып айтқан жеріне келсек, расымен де, актерлікке бейім талапкерлердің қабілеттерін тексеретін сынақ емтиханы жүріп жатыр екен. Қасымдағы жігіттердің екеуі менімен кірді де, қалғаны сыртта қап қойды.
Емтихан алып отырған атақтарынан ат үркетін, қазақтың театр жұлдыздары Асқар Тоқпанов пен КСРО-ның Халық әртісі Шолпан Жандарбекова апамыз бастаған біраз адам екен. Мен оларды танымаймын да, білмеймін де. Жалпы театр тарихынан мақұрыммын ғой... Отырғандардың арт жағын ала біз де жайғасып отыра қалдық.
Сырыханадан сынақ алаңға
– Сендер де сынақ тапсыруға келдіңдер ме? – деп сұрады комиссиядағылардың бірі.
– Иә, иә, – деп қоямыз.
Содан Шолпан апамыз: – Ондай болса «Сен кел!» деп қасымдағы досымның бірін шақырды. Досым шашы бұйра, қалаша киінген, өңді жігіт болатын.
Киімім олпы-солпы, бет-аузым қап-қара боп күнге күйіп кеткен, шашым өсіңкіреп, кетеуім кетіңкіреп қалған маған көз салып қараған да жоқ.
– Жо-жоқ, апай! Мен емес, сынаққа келген мына жігіт, – деп досым мені нұсқады.
Апамыз маған менсініңкіремей бір қарады да:
– Домбырамен ән айта аласың ба? – деді.
Неше жыл қой соңында жүргенде, радиодан үйреніп алған әндерім бірқыдыру боп қалған.
– Айтамын! – дедім де, абитуриенттердің бірі әкеп берген домбыраны қолыма алып, Құдай аузыма қайдан салғанын «Ақан сері - Ақтоқты» спектакліндегі Ақтоқтының зарын айтайын. Ән әуелей жөнелгенде әлгінде ғана маған кіржие қарап отырған Шолпан апамның көзі күлімдеп, жүзі бал-бұл жайнап қоя берсін. Ән аяқталғасын: – Ақанның қандай әндерін білесің, «Құлагерді» айта аласың ба? – деп сұрады.
Ол да репертуарымда бар болатын. Бойда сыраның да қызуы бар дегендей, маңдайым шып-шып терлеп оны да жібердім, аңыратып. Аудиториядағылар дуылдата қол соғып жіберді. Комиссиядағылар болса, бір-біріне қарасып, бастарын изесіп ризашылықтарын білдіріп жатты.
Асқар ағамыз: – Ой, айналайын! Өзің бір өнерлі бала екенсің. Шашубайдың «Ақ қайыңын» білесің бе? – деді.
– Білем! – деп оны да орындап бердім.
Сөйтсем, Шолпан Жандарбекова апамыз «Ақан сері - Ақтоқтымен» театр тарихында аты қалған, есімі алтын әріппен жазылған аңыз адам екен. Мен оның бірін де білмейді екем ол кезде. Бір жағынан жастық, бір жағынан ауылдан шықпаған қараңғылық та бар.
– Енді қандай әзілің бар? – деді Асқар ағамыз.
– Сол кезде қостанайлық бір сатириктің «Тойдағы сайыс» деп аталатын екі әйелдің ұрысы бар болатын. Соны екі шарқыш әйелдің дауысына салып тұрып орындап бердім. Одан бір кездері «Бауыржан-шоу» театры орындаған орыстың «Катюша» әнін өзбектің, әзірбайжан мен қазақтың орындалуында айтып беріп едім, комиссияда отырғандар да, залдағы абитуриенттер де күлкіден қырылып қалды.
Ең соңында риза болғандары сонша, отырған абитуриенттің бірінен Жайлау Нағашыбаевич деген декан бар екен. Соны шақыртып ап, қалған емтихандарға допуск алып берді. Жасырары жоқ, пәндік емтихандарда Шолпан апам өзі арнайы келіп қадағалап, үлкен қамқорлық жасап, өнер институтына оқуға қабылдандым.
– Қазір сондай сынақ бар ма, талантты балаларды қалай таңдайды? – дегенім ғой.
– Кеңес үкіметінің тұсында театрдың белді-белді актерлерінің өздері ел-елді аралап гастрольге шыға жүріп, ел ішіндегі өнерге бейім жастарды іріктеп алатын еді ғой. Сол үшін есіңізде болса, «Алло, мы ищем таланты!» деген арнайы үгіт бригадасы да болған. Қазір ғой, кез келген оқуға ақша төлейді де, бес жыл оқу оқыған боп, табақтай дипломды ала салады. Қазіргі театр институтында білім алып жүргендердің тең жарымы қолдарынан түк келмейтін дарынсыздар. Оларды бұрынғыдай іріктеп, жіліктеп, таңдап алатын заман келмеске кетіп қапты. Содан барып «Дарынсыз, қабілетсіз мамандар қайдан шығады?» деп шыр-пыр боп жатамыз.
Талант таңдауы
– Оқудан соң бірден театрға келдіңіз бе?
– Институттың ІІІ курсынан бастап спектакльдерде, ара-арасында басты рөлдерде де ойнап жүрдім. Соңғы курста атақты режиссер Әзірбайжан Мәмбетов ағамыздың сынағы болады екен. Сол сынақтан сүрінбей өтіп, М.Әуезов атындағы академиялық театрға актер боп қабылдандым. Бұл 1989 жыл болатын. Биыл міне, бақандай 35 жыл бопты.
– Сіз халыққа «Ұят болмасын» бағдарламасындағы қарияның рөлімен танылдыңыз ғой. Қарияның рөлін өзіңіз таңдадыңыз ба әлде?..
– Әлгінде айтқанымдай, мен театрға келмей тұрып өздігімнен пародия жанрын жақсы меңгерген едім. Ең алғашқы театрлық гастролім Торғай өңірінен басталды. Сол сапарда бір қызық оқиға болды да, сол оқиға менің қария рөлін сомдауыма себепкер болды.
– Ол қандай оқиға, біз де біле жүрейік?
– Театрдың бір топ әртісі ел аралап жүрміз. Тобымызда сол елдің тумасы, аса дарынды актер Әнуар Молдабеков, Әшірәлі Кенжеев ағаларымыз, Нүкетай, Салиха апаларымыз, тағы да басқа біраз адам бар. Кешкілік спектакль қоямыз, күндіз боспыз дегендей. Күндіз түскі асқа барамыз. Жергілікті азаматтар дастарқанды «аста төк» етіп жаяды. Содан үлкендеріміз бірінен соң бірі әңгіменің түр-түрін жібереді ғой. Күнде осы. Ол кезде жаспын. Бір-екі күннен кейін дастарқан басындағы әңгімелерден ішім пыса бастады. Бір күні бізді «Қонақ үй» деп түсірген ауласы ат шаптырым үлкен үйде түскі ас беріп жатты. Мен әдеттегідей тамағымды ішіп ап, тысқа шығып кеткем. Кенет әртістігім ұстап кетіп, сол елдің үлкен ақсақалына пародия салмасым бар ма?! Тал-теректің тасалау жеріне жасырынып ап, баланың дауысымен:
– Ассалаумағаләйкум, ата! – деймін үйдегілерге естіртіп.
Сосын: – Уәликсәләм! Әй, әлгі Алматыдан кеп жатқан дөкейлер осында ма-а? – деймін ақсақалдың дауысымен.
– Осында ата, осында...
«Жасым үлкен болса да, ел азаматтарына сәлем берейін деп келіп едім! – деймін қарияның дауысына салып.
Осы кезде бұл екеуара диалогты естіп отырған үйдегілер «Ақсақалға өзіміз сәлем бермесек ұят болады» деп дүрк етіп далаға шығады. Бірақ, сыртта тірі жан жоқ.
– Ой, астапыралла! Әлгі ақсақал қайда кете қалды? – десіп үйге кіріп кетті.
– Өзің жасырынып тұрсың?
– Иә. Абыр-сабыр басылып, арада біраз уақыт өткен соң, тағы да баланың дауысына салып:
– Апа, амансыз ба, жайша жүрсіз бе? – деймін де, іле-шала кемпірдің дауысына салып: – Өй, әй-нә-нәй-ін амансың ба, әкем? «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы кәрия сәлем береді» деген. Сонау Алматыдан өнерпаздар кеп жатыр деген соң үйде қарап жата алмай, амандасайын деп келгенім ғой. Өздері осында ма, қайда? – деймін.
– Иә, апа, осында. Үйде тамақ ішіп жатыр, – деймін.
Күн жаз. Есік-терезенің барлығы ашық. Сырттағы адамның дауысы іштегілерге анық естіліп тұр. Содан диалогты естіп отырғандар тағы да дүр етіп сыртқа шығады. Шықса, тағы да ешкім жоқ...
Аң-таң боп, бір-біріне: «Мынау не, жын ба, шайтан ба?» десіп біраз даурығысып қайтадан ішке кіреді.
– Әбден қатырған екенсің. Сен екеніңді ешкім білген жоқ па?
– Әуелде білген жоқ. Кейін оны өзіммен бірге оқыған әріптесім Данагүл біліп қойып, гастрольдің соңында барлығына жайып салмасы бар ма. Содан бәрі шулап: «Қарияның рөлін осыдан былай Бекжан ойнасын» деп, осылайша қарияның рөлін өзім сұрап алғаным бар.
Шығыс өңірі көптеген ақын-жазушылар мен небір майталман спортшылар шыққан қазақтың қасиетті мекендерінің бірі ғой. Табиғаты қандай көркем?!
Рухани азығымыз мол болсын.
Елімізге амандық тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Серік Құсанбаев