Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан соңғы дерекке сүйенсек, аймақ бойынша әлі сегіз ауданда шамадан тыс мөлшерде қар сақталуда, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Әсіресе Катонқарағай, Күршім, Зырян аудандарында қар мен судың қалыптан артуы 100 пайыздың үстінде. Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында қар көлемі қалыптан 192 пайызға, Күршім ауданының Марқакөл ауылында 131 пайызға көп сақталыпты. Ал Зырян ауданында ылғалдың көлемі 148 пайызға артық.
Құрғақ сандардың лебі суық болғанымен, жер-жердегі жауапты мамандардың ақпараты көңілге үміт ұялатады. Мысалы, Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанболат Тыныбеков жазықтағы қардың бәрі жерге ешқандай салдарсыз сіңіп жатқанын айтады. Жалпы бұл өңірде көктемгі тасқын екі кезеңмен жүреді. Катонқарағайлықтар соның біріншісінен аман өтіп, бір сәт тыныстауға мұрсат алыпты.
-Екінші кезең шамамен мамырдың екінші онкүндігінен басталады. Таудағы қар әлі еріп үлгерген жоқ. Барлық, Коробиха сынды тау өзендері мұздан жаңа көз ашты. Демек, арнасынан асатындай қауіп жоқ. Қазір Бұқтырманың ағысын аңдып қана отырмыз, - дейді Ж.Тыныбеков.