KZ
Өскемен
+15°
переменная облачность жел 2 м/с, В
476.27 515.47 5.41

Жер қатынастарының жаңа шарттары талқыланды

14.04.2016, 18:00 222



Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусиннің төрағалығымен жер қатынастары саласының заңнамасындағы өзгерістерді талқылаған жиын өтті. Ұлттық экономика министрлігінің мамандары аймақтың аудан, қалаларынан келген сала басшыларына заңнамалық өзгерістердің қалай жүзеге асатынын түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді.

Бұл заңнамалық өзгерістер ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ нұсқаған 100 нақты қадамды іске асырудың аясында қолға алынып отыр. Аталмыш құжаттың 35-36 тармақтарында жерді тиімді пайдаланудың жаңа тетіктерін енгізу үшін қолданыстағы заңнаманы өзгерту қажеттігі айтылған. Шілденің бірінен бастап күшіне енетін заң жобасы игерусіз жатқан жерлерді Қазақстан Республикасының азаматтарына аукциондық сату арқылы жекеменшікке беруді көздейді. Ұлттық экономика министрлігінің өкілі, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұловтың айтуынша, ел аумағында ауыл шаруашылығын жүргізуге ұсынылатын 100,8 млн. гектар жер бар. Соның тек 1,3 млн. гектары ғана жекеменшіктің иелігінде. Ал шамамен 70 млн. гектардан астамы тиімді пайдаланылмай отыр. Қалған алқаптың барлығы әзірге мемлекет меншігі деп танылған.

Осы жерлерді тиімді игерудің бірінші тетігі – мемлекет меншігіндегі ауылшаруашылық жерлерді жекеменшікке аукцион арқылы беру. Бұл шара келесі реттілікпен іске аспақ. Әуелі жекеменшікке ұсынылатын алқаптың кадастрлық құны анықталады. Егер ұсынылған телім екі рет аукционда сатылмаса, бағасы кадастрлық құнының 50 пайызына дейін арзандатылады. Аукцион қорытындысы шықаннан кейін екі күн ішінде жергілікті әкімдік жерді жекеменшік иесіне тапсыру жөнінде шешім қабылдайды. Шешім қабылданғаннан кейін бір күн ішінде мемлекет пен меншік иесі арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалады. Ал меншігінде арендалық алқабы бар адамдар өз жерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін кадастрлық құнының 50 пайыздық бағасына 10 жыл ішінде бөліп төлеу арқылы сатып ала алады.

Заңдағы тағы бір өзгеріс иеліктегі жерді ауыл шаруашылығының басқа саласында игеру үшін бұрынғыдай жерді пайдалану мақсатын өзгерту туралы құжаттар рәсімдеуді талап етпейді. Жерді пайдалану құқығымен-ақ банкке кепілге қою сынды құқықтық мәмілелер жасауға рұқсат берілмек.

Бір айта кетерлігі, жер аукцион арқылы да, конкурстық тәсіл арқылы да шетелдік азаматтарға, оралмандарға және шетелдік заңды тұлғаларға сатылмайды. Олар тек 25 жылға дейін жалға алу арқылы жерді игере алады. Ең бастысы, жерді сатып алған азамат оның дербес әрі заңды иесі бола тұра, оны шетелдікке сата алмайды. Жерін шетелдікке беруден пайда көргісі келген жағдайда мемлекеттің араласуымен 25 жылға дейінгі мерзімге жалға береді.

Жерді аукцион арқылы меншікке беру шілдеден бастап жолға қойылатындықтан өңірлерге жалдағы жерін меншігіне сатып алуға ниетті заматтардың тізімін ұсыну жүктеліп отыр.

-Бұл өзгерістер жерді дұрыс пайдаланбау, заңдылықтар мен ережелердің сақталмауы, жарамды жерлердің бүлінуі сынды келеңсіз жағдайлар етек алғандықтан қолға алынып отыр. Жаңа өзгеріс жерді меншікке беру арқылы ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асуына, экономиканың бойына қан жүгіруіне түрткі болады, - деді Бауыржан Смағұлов.

Жиын барысында құрылыс саласындағы заңнамалық өзгерістер де баяндалды. Жаңа өзгеріс бойынша құрылыс нысанының жобасын сараптау құқығы біртіндеп мемлекет құзырынан заңды тұлғаларға берілмек. Жыл сайын жобалаушы компаниялардың құрылысты сараптау үлесі 10 пайызға арттырылып, 90 пайызға дейін жеткізілмек. Ал мемлекет құзырында аса маңызды деген нысандарды сараптау құқығы қалдырылады.

Жиынға қатысушылар тарапынан аукционға ұсынылатын жердің кадастрлық құнын қайта қарау, елді мекендердегі инфрақұрылымдық нысандар орналасқан жерлерді ресімдеу, мал шаруашылығына жарамды жерлерді жалға берудің шарттарын жетілдіру бойынша ұсыныс-сауалдар қойылды.

Өз кезегінде Дүйсенғазы Мусин осыған дейін заңдағы өзгерістерді түсіндіру жұмыстарын ұйымдастру барысында көптеген шешімін табуы тиіс мәселелермен жолыққанын атап өтті.

-Расымен де заң жобасының жетілдіре түсетін тұстары көп. Облыс жұртшылығы тарапынан түскен ұсыныстарды жолдадық та. Жер телімдерінің кадастрлық құны ескі деректер бойынша жасалғаны рас. Осы сияқты мәселер заңдағы өзгерістер күшіне енбей тұрып реттелсе деген тілек бар, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ернар Бексұлтановтың айтуынша, өңір аумағында ауыл шаруашылығын жүргізуге 10,8 мың гектар суармалы жер ұсынылмақ. Оның басым бөлігі инвестициялық жобаларға конкурс арқылы берілетін болады.

Жиын соңында министрліктен келген жұмыс тобы көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың назарға алынғанын, оның өзекті дегендеріне қатысты нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.

Есімжан Нақтыбайұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив