KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Невзоровтар отбасы атындағы мұражайының қорынан алынған көрме ашылды

10.11.2015, 18:00 228



Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан өнер мұражайында Семей қаласындағы Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорынан әкелінген кескіндемелік, графикалық туындылардың көрмесі ашылды. Бұл сурет көрмесі биылғы жылы кеңінен атап өтіліп отырған маңызды даталардың бірі - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған.

Бүгінгі күні Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайының қорындағы жәдігерлер саны 4,9 мың бірлікке жетеді. Олардың арасында - Қазақстан суретшілерінің, орыс және батыс европалық бейнелеу өнері шеберлерінің шығармалары, сондай-ақ КСРО Мемлекеттік көркемсурет қорының кескіндеме және графикалық үлкен коллекциясы бар.

Шығыс Қазақстан өнер мұражайы Өскеменнің тұрғындары мен қонақтарын Невзоровтар мұражайының негізгі қорының жәдігерлерімен бірінші рет таныстырып отырған жоқ. Қазақстан суретшілерінің кескіндемелері мен графикалық туындылары көрсетілген «Материктің ортасы қандай түсте», «Төртінші өлшем» атты семейліктер көрмелері қалалықтардың есінде. Ал мына экспозициядан сіздер біздің замандастарымыз бен өткен ғасырдың 60 - 80-ші жылдардағы кеңес өнері классиктерінің жұмыстарын көре аласыздар. Көрмеге қойылған түрлі жанрдағы шығармалар сізге кеңістікте ғана емес, уақыт бойынша да саяхатқа шыққандай әсер береді. Арменияның пейзаждарын М.М.Абегянның («Жаз»), А.С. Аракелянның («Гетап селосы»), М.Х. Товмасянның («Пейзаж») полотнолары арқылы тамашалауға болады. Латвияны сіз Б.Е.Земитистің («Двинадан ары»), Россияны О.П. Петровичеваның («Алғашқы қар») көздерімен көре аласыз. Сюжеттік картиналар көрерменді бір кездері бір мемлекеттің құрамында болған республикалардың салт-дәстүрлерімен таныстырады.

С.Е. Бабиковтың 1960 - 1962 жж. салынған «Ескі кілем шеберханасында» сияқты картиналары «Түркімендік кескіндеме мектебі» деген ұғымның қалыптасуына жол ашты. Д. Вепхвадзенің әсем де дәлме-дәл, көпқырлы, түс пен жарықты өзіндік түсінуімен, деректерінің аса молдығымен және кеңістікті шебер ұйымдастыра алуымен ерекшеленетін «Кэноба» полотносы нидерландтық суретші Питер Брейгельдің шығармашылығын еске салады. Залға қойылған отыз шығарманың ішінен осы туынды көрерменнің назарын өзіне магнитше тартады. Кэноба - XIX ғасырда Грузияның өткен тарихының шұғыласы тәріздес, Тбилиси көшелерінде өтетін көңілді карнавал. Суретшінің бұл полотносындағы карнавалдық мерекенің панорамасына қарай отырып, қылқалам шеберінің өзі де осынау ескі үйлердің қаптаған балкондарының бірінде отырғандай әсер аласыз. Экспозицияда Қазақстан мен Қырғызстан қылқалам шеберлерінің жұмыстары да қойылған, олардан отандастарымыз өз жүректеріне жақын пейзаждар мен мақамдарды көре алады. Олар - О.Т. Идрисовтың «Теректер» және В. А Христолюбовтың «Киіз үймен пейзаж» атты картиналары.

Бұл көрменің ерекшелігі авторлардың кәсіби деңгейлерінің жоғарылығында. Оны ең алдымен жігерлері мен көркемдік әуестіктері әр түрлі шеберлер жұмыстарының талғампаздықпен іріктелуінен, мұқият ойластырылған колориттен байқауға болады. Социалистік реализмнен заманауи авангардқа (Е.И. Воробьева «Ақ қант») дейінгі стильдер мен техникалардың әр түрлілігі де қуантады.

Шебердің қолына түскен майлы бояу, темпера, пастель, құдды, адамның жанды дауысына айналып кеткендей. Олар бізбен түрлі халықтардың тілінде сөйлесе алады, ал аудармашыны қажет етпейді.

Л.И.Мартынова,
ШҚ өнер мұражайының қызметкері
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив