KZ
Өскемен
+16°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
442.05 474.14 4.74

Берелге дейін асфальт жол төселеді

10.08.2015, 18:00 180



Биыл Шығыс Қазақстан облысында 114 шақырым жол жөнделуі тиіс. Ол үшін 5,5 млрд. теңге бөлінген. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген бұл қаржының бір бөлігі «Өскемен-Зырян-Рахман қайнары» бағытындағы жолды асфальттауға бағытталып отыр, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Әуелде аталған жобаға 2,855 млрд. теңге қарастырылғанымен, бюджетті қайта жоспарлау нәтижесінде тек 496,9 млн. теңге қаржы бөлінді. Аталған республикалық маңызға ие жол 2016 жылға дейін толық жөнделуі тиіс. Біз республикалық жолдың 399-418 шақырымдарындағы жөндеу жұмыстарының үстінен түстік. Мамыр айынан бері жергілікті «Катонқарағай өндірістік жол учаскесі» ЖШС екі бірдей қосалқы мердігердің көмегімен жолдың 20 шақырымына асфальт төсеуге дайындықтар жасауда. Өрел мен Берел ауылдарының арасын жалғап жатқан жол бөлігі бұған дейін жатаған әрі тастақты болғандықтан, оны асфальт төсеуге жарамды етіп биіктету, тегістеу жұмыстары біршама еңбекті талап етуде. Мердігерлер жұмысты ауылдың шетіндегі көпірді жаңалаудан бастапты. Өрел өзенінің үстінен өтетін ескі көпір соңғы кезде тасыған суды еркін өткізе алмайтындай жағдайға жеткен. Көпірді қыркүйек айына дейін жаңалау қосалқы мердігердің мойнына жүктеліп отыр. «Свекс» ЖШС көпірдің беткі жабынын ауыстырып, тіректерін қосымша плиталармен бекіту жұмыстарына барлық техникасын жұмылдырыпты. Өзеннің көпірге құяр тұсындағы екі жақ ернеуі де кеңейтілмек. Кеңейтілген ернеудің 15 метрі бетон плиталармен өріледі. Қалған 250 метрден астам бөлігі құмды таспен биіктетілмек. Құрылысқа қажет қиыршықтар алты шақырым жердегі карьерден әкелінеді. Құрылыс бригадирі Андрей Турдников әзірге жұмыстың тек дайындық бөлігі басталғанын айтады.

Бөлінген 496,9 млн. теңгеге 20 шақырым жолдың алты шақырымы биыл асфальттауға дайындалып бітуі керек. Мұндағы жұмыстарға 15 техника жұмылдырылыпты. Жерүсті жол жамылғысы көтеріліп, көпірлер мен суағар құбырлар төселіп біткеннен кейін кем дегенде жарты жыл уақыт отыруы тиіс. Содан кейін барып оның бетіне үш қабат асфальт төселеді.

Серіктестіктің бас директоры Темірбек Исабаев өз компаниясының бұдан бөлек Үлкен Нарын-Күршім бағытындағы жолдың 23 шақырымын асфальттап жатқандарын айтады. Бұл нысанда жұмыстың негізгі бөлігі бітуге жақын. Жолшылар соңғы үш шақырымға асфальт төсеуде.

Жол құрылысында 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан серіктестіктің сеніп тапсырылған нысанды кешіктірмей әрі сапалы етіп орындауының өз себептері бар. Компанияға тиесілі үш бірдей асфальт зауыты бар. Оның бірі облыс орталығында орналасса, қалған екеуі Үлкеннарын және Катонқарағай ауылдарында бой көтерген. Жуықта ғана жұмысын бастаған Катонқарағайдағы зауыт тәулігіне 300 тонна асфальт дайындауға қауқарлы. Оған қажет битум Өскеменнен тасымалданады. Мұндағы білікті қызметкерлерге 80-90 мың теңгеге дейін жалақы тағайындалған. Ал аудан орталығындағы зауыттың жобалық қуаты тәулігіне 400 тонна асфальт құюға мүмкіндік берсе, Өскемендегі зауыт бір күнде 1000 тоннаға дейін өнім шығарады. Жол құрлысына қажетті материалдың барлығын өздері дайындайтын болғандықтан, компания құрылыс сапасына сенімділікпен кепілдік бере алады. Жол бойына төселетін көпірлер мен суағарлар да серіктестіктің өзінде дайындалады. Компанияның Катонқарағай ауылындағы бетон зауыты сағатына 40 текше метр бетон өндіре алады.

Бүгінде тұмса табиғатымен, маралдың қаны, араның балымен, құнарлы қымызымен танымал Катонқарағай ауданында қуатты өндіріс ашуға бел буған санаулы кәсіпкердің бірі осы Темірбек Исабаев. Ауданда аталған бетон зауыты мен асфальт зауытынан бөлек елеулі өндіріс ошағы жоқ десе де болады. Талайдан бері туризмнің дамуына басты кедергі ретінде саналып келген жол мәселесін шешуде алғаш болып нақты әрекетке қадам басқан да осы кәсіпкер. Ол жоғарыда аталған екі зауыт та компанияның өз қаражатына салынғанын айтады.

- Мемлекеттен тапсырыс болып тұрса жетеді. Басқадай көмекті дәметпейміз де, - дейді кәсіпкер.

Қазақстанның «Құрметті жолшысы», «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы сынды атақтары бар Темірбек Исабаевтың аталмыш компаниясы 150-ден астам адамды жыл он екі ай жұмыспен қамтып отыр. Мұндағы жұмыс жазғы жол жөндеу маусымына тәуелді болғанымен, қызметкерлерін қыс мезгілінде де жұмыссыз қалдырмаудың амалдары қарастырылған. Кәсіпкер әр жылдары Катонқарағай ауылының ауруханасына УЗИ апаратын сыйлап, өзі туған Топқайың ауылының негізгі көшесіне 1,2 шақырым болатын асфальт төсеп, Жеңістің 70 жылдығына арнап аталған ауылда 130 адамның есімі таңбаланған құлпытас орнаттырған. Бүкіл Төр Алтай жұртының ұранына айналған Қаратай батырдың ескерткішіне өз қалтасынан бір млн. теңге бөлгені және бар.

- Катонның ендігі бағы - туризмде. Сол туризмнің дамуына тікелей болмаса да жанама әсер ету үшін арасанға апарар жолды сапалы етіп салып жатырмыз. Мемлекеттен тапсырыс болса, Рахман қайнарына дейін асфальт төсеуге дайынбыз, - дейді Темірбек Исабаев.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив