KZ
Өскемен
-1°
туман жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Жас ақындар мүшайрасы Тұңғыш Президент күніне орай ШҚО-да өтті

1.12.2014, 18:00 234



Өскемен қаласында «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күніне орай өтіп келе жатқан облыстық дәстүрлі мүшәйраның бас жүлдесін әріптесіміз, "Дидар" газетінің тілшісі Мұратхан Кенжеханұлы жеңіп алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған жыр жәрмеңкесіне облысымыздың барлық қала, аудандарынан ақындар қатысты. Өлеңге таласы барын байқатқан 45 үміткердің ішінен 15 ақын алдын ала іріктеліп алыныпты. Олардың өлеңдегі өресін ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев, ұстаз-ақын Бақытжан Райысова, филология ғылымдарының кандидаты Гаухар Рахымбаева, жазушы Борис Щербаков сынды сөз зергерлері салмақтады. Сахнаға кезекпен шығып, қос-қостан өлең оқыған он бес ақынның көкірегінен шыққан сезім рухы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың акт залына жиналған жырсүйер қауымның жүрегінен орын теуіп жатты. Қос өлеңнің бірі Елбасыға арналса, екіншісі еркін тақырыпқа бағытталды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков жыл сайын мүшәйраға қатысушылардың саны артып келе жатқанын жеткізді.

- Мүшәйраға қатысқан ақындардың саны артуымен бірге деңгейі де өсіп келеді. Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат өңіріміздегі жас ақындардың елге деген, Елбасыға деген құрметін аңдау, жігерін жану еді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі мүшәйра өз дегеніне жетті деп ойлаймын, - деді Т.Түсіпбеков.

Өлең түсінер қауым ақындар оқылған жырларда жалпылай мақтау мен одағай ұрандаудан гөрі салмақты ой мен терең топшылау басым болғанына қуанды. Бұл жөнінде қазылар алқасының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев та тұщымды ой айтты.

- Тақырыпты ашу осы екен деп, сыпыра мақтау - мүшәйраның талабына қайшы дүние. Осыны жете түсінген Қастербек Сайлауғазы, Қызырбек Дүргінбайұлы, Мұратхан Кенжеханұлы сынды ақындар Елбасының дара тұлғасын көркем бейнеге, Ұлт Көшбасшысына деген құрметін поэзияға айналдыра білді. Ақындарға жүлде бөлу барысында да осы талапты негізге алдық, - деді ол.

Расымен де, нені жырласа да ақтарыла толғайтын Қастербек Сайлауғазының:

Күн арқалап ұш қыран, мәңгі түспе бағаннан
Ай мүйізді арғымақ от борасын тағаңнан.
Ал боз інген бошала Сарыарқаны бетке алып
Анам туған босаға күн көрейін сағаңнан,

- деген сынды шумақтары әсерлі шықты.

Семейлік ақын Бауыржан Игілік:
Оң қолына Абылайдың тәбәрігі қамшыны ап,
Сол қолыңа Ұмай енем ұят-ары - шаршыны ап.
Қасат-қасат қарды бұза омыраулап келесің,
Сұлтан аға, сүйек емген долы аязда сарышұнақ,

- деп толғанды.

Өлеңдерінен сартап сағыныштың уілі есіп тұратын өскемендік Қызырбек Дүргінбайұлының:

Арғы жылдар арғымақтың жалында,
Құс ұйқымен түн қатып,
Жауға дүбір тыңдатып,
Терлігі аттың уланып,
Қоныстанып ну барып,
Тоғыз қабат торқалы,
Рух сіңген туды алып,
Жауға шапқан ел едік,

- деп жырлауы залдағы көрерменнің рухын бір көтеріп тастады.

Темір ноқта тоттанды,
Қайыс ноқта су болды,
Тұлпарының кежімі,
Аспан түстес су болды,

- деп жырлаған Мұратхан Кенжеханұлының өлеңі Бұқар жыраудың Абылай ханға «Орыс - темір ноқта, қытай - қайыс ноқта» деп кеңес берген сындарлы шақтарды көз алдымызға әкелгендей болды. Мүшәйраның негізгі жүлделері де осы аталған ақындардың қанжығасына байланды. Қазылар алқасының шешімі бойынша үшінші орын семейлік Талшын Нұрланқызы мен Қуаныш Нұржановқа, абайлық Ұлан Сағадиевке табысталды. Екінші орынның қос жүлдесі өскемендік Қызырбек Дүргінбайұлы мен семейлік Бауыржан Игілікке бұйырды. Мүшәйраның бірінші орнын тағы бір өскемендік ақын Қастербек Сайлауғазы еншіледі. Өлең бәсекесінің бас жүлдесін иемденген Мұратхан Кенжеханұлына жеңімпаз грамотасымен қоса жүз мың теңгелік сыйақы табысталды. Ал қалған қатысушылар да ақшалай сыйлықтарға ие болды.

Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив