Өскеменнің төрінде тағы бір жыр кеші өтті. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының облыстық филиалы осыдан бір ай бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай, «Әз-Елбасы – жыр арқауы Шығыстың» атты мүшәйраға қатысушы жас ақындар арасында байқау жариялаған болатын. Бүгінгі айтып отырған кешіміз осы байқаудың ақтық сынына өткен ақындардың аламаны еді.
Мүшәйраны ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, жыр бәйгесіне облыстың түкпір-түкпірінен 32 үміткер өз өлеңдерін жіберіпті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Серік Ғабдоллаұлы, Мүсілім Құмарбек, Әлібек Қаңтарбаев, Бақытжан Райысова сынды қазылар осылардың арасынан 13 ақынның өлеңін үздік деп тауыпты.
Облыстық Жамбыл атындағы драма театрына жиналған сол үздіктер поэзияға сусаған жұртшылықтың шөлін өлең-жырмен қандырды деуге болады. Жыр бәсекесі басталмас бұрын «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков байқаудың басты мақсаты мен Тұңғыш Президент күні туралы ойын ортаға салып, ақындарға сәттілік тіледі.
Аузымен құс тістеген жүйріктер мәрені бетке алып, көсілді. Еншілерінде – екі өлең. Бірі Елбасының қайраткерлігін жырлау болса, екіншісі – еркін тақырып. Шығыс шайырларының еркін тақырыпта қысылмайтыны белгілі. Әркім жүрегіне жақын бір өлеңін оқып, міндетінен құтылады. Екінші, ең негізгі бәсеке Елбасының еңбегін ел тарихымен, ұлт ұлағатымен, терең философиялық түсінікпен өрнектеп, шынайы да шырайлы етіп жырлау шеберлігіне бағытталды. Өйткені, нақты тақырыпты жырлау ақындарға ауыр сын. Бұл тұрғыда бізді ішінара жастардың, әдеби ортадан алыстау жүрген ақындардың жалаң мақтауға кеткені болмаса, көп ақынның поэзия туын жықпағаны қуантты. Дәл осы ойды қазылар алқасының мүшесі Бақытжан Райысова да келтіріп өткен.
– Шыны керек, мұндай өлеңді жастар қалай жазар екен деп, қатты қобалжығам. Міне, олардың барлығы да тереңнен толғап, тамаша жазып шығыпты. Құрғақ мақтауға салынбай, поэзияның деңгейін түсірмей жүрген бауырларыма тек алғысымды білдіремін, – деп Бақытжан Райысова ағынан ақтарылды жүлде үлестіру сәтінде.
Кіл мықты өз сезім-ойын сайысқа салып жатқанда, «Кімнің бағы жанар екен?» деген бір сұрау әр адамның санасында болғаны шындық. Сол сауалға жауап та берілді. Сайыста бесқарағайлық Айнұр Құмархановамен қатар бүгінде поэзия аспанында жасындай жарқылдап жүрген семейлік жас ақын Бауыржан Игілік, Көкпекті ауданының атынан қатысып,
«Бағына сыйлаған мол нәсіп,
Тұранның кіндігі Қағанат.
Қазақты тербеген тал бесік
Алаштың ұлына аманат» деп толғаған Жандос Аманжолұлы, Өскемен қаласындағы №33 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, қаламы төселген ақын Мұратхан Месейхан ынталандыру сыйлығын алды.
Бұлардан бір саты жоғары көтерілген бородулихалық Медет Демежанов пен Абай ауданының абыройын арқалап жеткен Дулат Аюбаев арнайы тігілген екі жүлдені еншіледі.
Ал жүлделі үшінші орын Семей қаласының үкілі үміті Рүстем Мұхамет-Рахымға, тарбағатайлық Бақытгүл Қанипановаға және соңғы кездері поэзиядағы өзіндік аяқ алысымен халықтың ризашылығына бөленіп жүрген, бұл жолы Катонқарағай ауданының намысын қорғаған Қызырбек Дүргінбай сынды үш ақынға берілді. Екі екінші орын тағы бір семейлік Тілек Тобықбаев пен Аягөз ауданының аманатын арқалап келген, алдыңғы буынның өкшесін басып қалған Ермек Дайырбаевқа бұйырды.
Сайыстың жүлделі бірінші орнын бұл жолы ел ықыласына ерекше бөленген, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ- дың 1-курс студенті Қастербек Сайлауғазы алды. Өлең оқу шеберлігімен де, орамды жырларымен де көрермен көңілінен шыға білген Қастербекті Шығыс өңірі поэзиясындағы жаңа есім деп атауға әбден болады. Болашағынан зор үміт күттіретін осынау жас жігіттің тағы бір «Қош, қара қос» өлеңі жиылған жұртты ерекше тәнті етті десек артық айтпаспыз. Ал мүшәйраның бас жүлдесі есімі жыр сүйер қауымға жақсы таныс, жас ақын Азамат Тасқараұлына берілді. Ол сондай-ақ бас бәйгеге тігілген 100 мың теңгені де қанжығасына байлады.
Марапаттау сәтінде мүшәйраға қатысқан ақындардың барлығына ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдар табысталды. Айта кетейік, байқауды ұйымдастырушы тараптың сөзіне қарағанда, бұл сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ.
Мұратхан Кенжеханұлы