KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Өскеменде облыстық сот жаңа ғимаратқа көшті

27.08.2014, 18:00 446




Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Жоғарғы Соттың төрағасы Қайрат МӘМИМЕН бірге облыстық соттың жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Әріптестерін жаңа қонысқа көшуімен құттықтаған Жоғарғы Сот төрағасы айтулы шараның Конституция күні қарсаңында өтуін сәтті
сәйкестік деп атады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Конституцияның сенімді кепілі ретінде заң үстемдігін, адамның негізгі құқықтары мен
бостандықтарын қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық мемлекет құруды негізгі мақсат етіп қойды. Осы бағытқа сәйкес Жоғарғы Сот қазақстандық сот төрелігінің моделін одан әрі жетілдіруді, барынша кемелденген тәуелсіз сот жүйесін құруды, азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін арттыруды көздейді. Мемлекет басшысы сот жүйесінің материалдық-техникалық жай-күйіне зор көңіл бөліп келеді. Біздің бүгінгі салтанатты іс-шарамыз – соның айқын дәлелі. Бүгінгі салтанат Конституция күніне орайлас келіпті.
Ал сот саласы мамандарының барлық жұмысы осы Ата Заңның аясында жүретінін жақсы білесіздер. Биылғы жартыжылдық қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облыстық соты республикада үздік сот деп танылғанын айта кету керек. Реті келгенде, осы ғимараттың сапалы етіп салынуын қадағалап, ыңғайлы жер бөлген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА Қазақстандағы барлық судьялар атынан алғыс айтамын, – деді Қайрат МӘМИ. Сондай-ақ, ол биыл Шығыс Қазақстаннан бөлек Алматы облысы мен Астана қалалық соты да жаңа ғимаратқа көшкенін атап, облыстық соттың барлық заманауи және халықаралық талаптарға сай ғимаратқа көшуі тек сот жүйесінің қызметкерлері үшін ғана емес, заңды сыйлайтын қауымға ортақ қуаныш деген ойын білдірді.

Өскеменде облыстық сот жаңа ғимаратқа көшті


Аймақ басшысы да құттықтау сөз алып, жаңа ғимараттың жаңа тұрғын ауданнан орын тебу себебін түсіндірді.

– Кез келген адамға өз құқығының сақталуы, азаматтық бостандығы қымбат. Қиналған кезде халық бірінші сотқа жүгінеді. Біздің өңірде судьяларға деген халық сенімі артып келеді. Соттың жаңа ғимаратын экологиялық таза әрі келешегі айқын ауданға әдейі орналастырып отырмыз, – деген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ облыстық судьялар корпусына бес бірдей қызметтік көліктің
кілтін табыстады. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін меймандар жаңа ғимаратты аралап көрді. 19-шағын ауданнан бой көтерген әділдік үйінде 222 кабинет, соның ішінде судьялар мен сот отырыстары хатшыларына арналған 45 кабинет, сот отырыстарына арналған 14 зал орналасқан. Сондай-ақ, ғимаратта мәжіліс залы, жалпы отырыстарға арналған зал, конференц-зал, тараптардың
күту залдары, баспасөз орталығы, мұражай мен психологиялық тынығу залы бар. Мұражайдағы құрметті қонақтар кітабының алғашқы бетіне Жоғарғы Сот төрағасы өз қолтаңбасын қалдырды. Мәжіліс залындағы өткен тұңғыш шара Конституция күніне арналып, Қайрат МӘМИ бірқатар судьяларды ведомстволық медальдармен марапаттады. Сот жүйесінің дамуына қосқан елеулі үлесі және көпжылдық жемісті еңбегі үшін отставкадағы судья Галина Михина – Жоғарғы Соттың «Сот жүйесінің ардагері» медалімен марапатталса, облыстық соттың судьясы Александр Лукьянов – Жоғарғы Соттың ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медаліне ие болды. Облыстық соттың судьясы Қыдырғали Ахметов пен Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Еділ Күдербаевқа Жоғарғы Соттың ІІ дәрежелі «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісі тапсырылды.

Облыс әкімі мен Қазақстан Судьялар одағы атынан да марапаттар табысталды. Салтанатты шарада сөз алған Судьялар одағының төрағасы Серік Байбатыров пен облыстық сот төрағасы Абай Рахметулин де сот жүйесіне жасалып жатқан қамқорлық үшін Елбасыға алғыс сезімін білдірді. Салтанатты шара соңында мәртебелі меймандар ғимарат ауласында жас көшеттер отырғызды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив