Елде Әскери медицина академиясы ашылмақ
t.me/ortcom_kz
Осы мақсатта ҚР Қарулы күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы бейінді жоғары оқу орнын құру жобасын дайындады.
Ведомствоның баспасөз қызметі ақпараты бойынша, жаңа білім беру мекемесі Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы базасында құрылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта жоғары медициналық білім беру және әскери интернатура бағдарламалары бойынша әскери дәрігерлерді Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетімен бірлесіп дайындайды. Ал жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламасы бойынша әскери-медициналық кадрларды дайындау "Астана" медициналық университетімен академиялық ұтқырлық шеңберінде ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери медицина кафедрасының базасында жүзеге асырылады.
Жобаны іске асыру қолда бар мекемелерді қайта құруды, ұйымдастыру шараларын жүргізуді, қажетті инфрақұрылымды, академияның оқу-материалдық базасын құруды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді және лицензия алуды талап етеді.
Жаңа білім беру мекемесі Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы базасында құрылмақ.
Іс-шаралар қорғаныс ведомствосының мүдделі құрылымдық бөлімшелерімен, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен, "Қазақстан-Ресей медициналық университеті" мемлекеттік емес білім беру мекемесі және "Әскери медицина ардагерлері" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі.