KZ
Өскемен
-7°
туман жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

«Инновациялық форсаж» Өскеменге келді

30.06.2014, 18:00 247



Кеше «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» АҚ өкілдері мінген «Инновациялық форсаж» автобусы Өскеменге келді. Ұлттық агенттіктің сарапшылары мен кеңесшілері облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановпен бірге «Алтай» технопаркіне қойылған аймақ кәсіпкерлерінің инновациялық жобалары көрмесімен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Сондай-ақ, олар республикалық инновациялық бизнес-жобалар конкурсына қатысудың шарттары мен мүмкіндіктері туралы семинар-кеңес өткізіп, бизнес-тренинг, шеберлік класын ұйымдастырып, конкурсқа қатысушылардың өтінімдерін қабылдады.

Әр аймақтың кәсіпкерлері мен ғалымдарын, жастарын 2010 жылдан бері елімізде жыл сайын өткізіліп келе жатқан республикалық инновациялық жобалар конкурсына қатысуға шақырған «Инновациялық форсаж» инновациялық автобусы 23-маусым күні Астанадан шығып, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарынан соң Өскеменге ат басын тіреді.

Республикалық инновациялық бизнес-жоспарлар конкурсына біздің облыстан ұсынылып отырған жобалар саны жыл сайын артып келеді. 2013 жылы біздің аймақтан конкурсқа 32 өтінім түскен. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда сегіз есе көп.

Инновациялық бастамалар көрмесіне биыл да облыстың 30-ға тарта кәсіпкері өз жобаларын ұсыныпты. Бекіре балығын өсіруден бастап, электр энергиясынсыз жұмыс істейтін тоңазытқыш өндірісіне дейін қамтыған бизнес-жобалардың бәрі де Ұлттық агенттік сарапшыларының назарынан тыс қалған жоқ.

Кәсіпкерлігі дамып, бизнесі гүлденіп келе жатқан Зырян ауданы бұл жолы көрмеге тағы бір тың жоба әкелді. Ол - қысы ұзаққа созылатын біздің аймақта өсімдіктерді жабық түбірлі жүйеде өсіру жобасы. Антон Князев Астанадан келген сарапшыларға ғылыми жағынан өзі жетекшілік етіп отырған «Болашаққа сапар» ЖШС-нің «Өндірістік биоинкубаторы» орман алқаптарына отырғызылатын көшеттерді де, өзге жеміс-жидек, көкөністерді де өсіріп-өндіруде ең тиімді тәсіл екендігін көрсетіп, әңгімелеп берді.

Анатолий Филипповтың қоршаған ортаға зиянын тигізбей жылу, жарық, су алатын жобасы, Семейдегі Шәкерім атындағы университеттің қызметкері Константин Цикаловтың бекіре балығын өсіру жобасы, Герасимовка орта мектебінің оқытушысы Николай Иманжановтың тыңайтқыштарды өсімдіктердің тамыр түйнегіне жеткізе отырып қопсыту, «Профиль» ӨК жарық үнемдегіш шамдары өндірісі, тағы да басқа көптеген жобалар сарапшылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Ұлттық агенттіктің инновациялық белсенділікті қолдау орталығы-ның сарапшысы Дамир Түлеусариев, аталған орталықтың директоры Айтілеу Бауыржан, қолдау тетіктерін әкімшілендіру орталығының сарапшысы Айнұр Түрежанова көрмеге қойылған өзге инновациялық жоба иелерімен де кездесіп, олардың жоспарларын жүзеге асырудың мүмкіндіктері, жолдары туралы жан-жақты мағлұмат беріп, байланыса жұмыс істеуге шақырды.

- Былтыр облыс кәсіпорындарында 60 жаңа технологиялық өндіріс құрылды.

Жыл соңында инновациялық өнімдер көлемі 109,4 млрд. теңгені құрады, аймақ еліміз бойынша осы көрсеткіштен екінші орында келеді (Астана қаласынан кейін). Қазақстанда өндіріліп жатқан инновациялық өнімдердің әр бесінші бөлігі немесе 20 пайызы Шығыс Қазақстанда шығарылуда, - деді инновациялық бизнес-жобалар конкурсының семинар-кеңесін ашқан облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов. - Осы инновациялық өнімдердің 60 па-йызы экспортқа шығарылып отыр. Еңбек өнімділігін арттырып, өндіріске жаңа да озық тәсілдерді қолданудың нәтижесінде өткен жылы инновациялық өнімдер ішкі жалпы аймақтық өнімнің 5,3 пайызын құрады, 2011 жылы 2,1 пайыз ғана болатын.

Инновациялық өнімдер көлемі жағынан көшбасшы болып келе жатқан облысымызда инновациялық кәсіпорындар қатары да көбейе түскен. Соңғы бес жылда олардың саны екі есеге артып, 47-ден 99 бірлікке жетіп отыр.

«Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» АҚ инновациялық белсенділікті дамыту орталығының директоры Айтілеу Бауыржан семинар-кеңеске қатысушы кәсіпкерлерге Ұлттық агенттік тарапынан өміршең жобалар мен бастамаларға қаржылай қолдау көрсетуге қашанда әзір екендіктерін айтып, Шығыста жаңа өндірісті құруға, сирек кездесетін тауарларды шығаруға үлкен мән беріліп, бұл бағыттағы ізденістердің өз нәтижесін көрсетіп отырғандығын атап көрсетті.

Сарапшылар жобаларға мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз гранттарды алудың бағыттарын, шарттарын түсіндіріп, кеңінен әңгімелеп берді.

Айтса айтқандай, аймақта инновациялық ізденістерді енгізуге, жетілдіруге орай жасалып жатқан іс-шаралар өңірде өзіндік инновациялық инфрақұрылымдарды құруға мүмкіндік берді. 2013 жылдың желтоқсанында «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ИЛУ-10 радиациялық стерильдеу корпусы өндірісін іске қосты. Бұл кешен медициналық құрал-жабдықтар мен тамақ өнімдеріне электронды стерильдеу қызметін көрсетіп, бірнеше инновациялық жобаны жүзеге асыртуға мүмкіндік тудыруда. Сондай-ақ, бұл өндірісте заманауи технологиялар бойынша абсорбенттер өндіру жоспарланып отыр. Оған қоса мұнда модифициялық оқшауланған кабельді өнімдер өндірісі құрылмақ.

Облыс орталығындағы тау-кен құрал-жабдықтарының конструкторлық бюросы да - өңір өндірістеріне жаңа жабдықтарды енгізуге ықпалын тигізіп отырған инновациялық инфрақұрылым. Облыс кәсіпорындарымен бірлесе жұмыс істеп келе жатқан үш-төрт жылдың ішінде конструкторлық бюрода 58 конструкторлық құжат жасалып, 55 құрал-жабдықтың тәжірибелік үлгісі жасалған. Шығысқазақстандық кәсіпорындар өздерінің қолдарына тиген жобалық құжаттар бойынша 47 өнім түрін игеріп, өндіріске пайдалануда.

2103 жылы «Алтай» технопаркінде аймақтық коммерцияландыру - қаржы тарту орталығы құрылды. Облыстағы үш ірі оқу орнында орталықтың кеңселері жұмыс істеп жатыр. Олардан Ұлттық технологиялық даму агенттігіне 27 өтінім түсіп, іріктеуден өткен 17 жобаны қаржыландырудың бизнес-жобасы жасалып, қаржы бөлу мүмкіндіктері қарастырылу үстінде.

Өткен жылы конкурсқа ұсынылған өтінімдердің ішінен өскемендік оқушы Глеб Даниловтың «Баланың электронды ақшасы», Бесқарағай ауданының кәсіпкері Амангелді Сейтхановтың биоотын шақпақтары өндірісі жобасы айрықшаланып, қолдау тапқан болатын. Биоотын шақпақтары өндірісінің жобасы былтырғы республикалық конкурста алтыншы орынды иеленді. Ағаш қалдықтарын көмірге айналдыратын жаңа зауыттың құрылысы алдағы күзде салынып бітпек.

Биылғы инновациялық бизнес-жобалар көрмесіне қойылған жобалардың да осал емес екендігін ескерсек, олардың да осылай қолдау тауып, қолға алынатын кезіне аса көп уақыт қалған жоқ.

Жанаргүл Мұқатай
суретті түсірген Есімхан Орынбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив