Абай ауданы орталығы Қарауылда шілде айының 5-і күні дүбірлі той өтеді. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі мен «Құнанбай» көркемфильмін түсіруші «Қазақфильм» тобы бірлесіп Құнанбай Өскенбайұлының 210 жылдығына арнап аламан бәйге ұйымдастырады, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Бұл аламанның әдеттегі бәйгелерден бір өзгешелігі ауыздығымен алысқан жүйріктер 25 шақырымдық қашықтықты шеңбер айналып жарыспай, қазақтың бұрнағы дәстүріне сай жазыққа түсіп алып көсіледі.
Аламан бәйгеде көмбе сызығын бірінші болып кесіп өткен сәйгүлікке ұйымдастырушылар су жаңа жеңіл автокөлік тарту етпек. Одан кейінгі жүлделі орындардың иелері де құрмет-қошеметсіз қалмайды. Оларға да тиісті қомақты сыйлықтар бар.
Бәйге бастан-аяқ киноға түсірілетіндіктен, барлық шабандоздар арнайы киіммен қамтылатын болады. Қылқұйрықтардың жарысын түсіру тобы автокөлікпен және әуеден тікұшақпен түсіреді.