Аяулы мекен Ақшоқы
Ақшоқыға жол түсті. Семей-Қарауыл бағытындағы жолдың бойынан 21 шақырым қашықтықта жатқан киелі өңірге бұрылуға бұрынғы сапарларда мұрсат бола бермейтін. Кейде автобуспен өтесің, кейде асығыс жүресің дегендей...
«Еңлік-Кебек үңгірі» жайлы шындық
Ұлылар еліне барған осы жолғы сапарымызда арнайы бұрылып, құдіретті Құнанбайға құран бағыштай кетейік деп шештік. Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығысқа келген сапарында «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі - Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол - Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады. Жас ұрпаққа жақсы үлгі-өнеге болатын істі мен әрқашан қолдаймын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін біз, шын мәнінде, осындай сабақтастық дәстүріне жол ашатын бірегей бастамаларды қолға алуымыз керек» деген болатын. Президент осыған орай, алдағы уақытта облыс әкімдігі Құнанбайдың есімін ұлықтауға байланысты тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастыруы қажет екендігін де атап айтқан еді. Екінші бір ойымыз осы тапсырмадан кейін аяулы мекен Ақшоқыдағы оң өзгерістерге назар аудару болатын.
Біз төртеу едік. Қасымда «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Азамат Қасым мен Абай ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы, ақын Ұлан Сағадиев және жүргізушіміз бар.
Асфальт жоқ демесең, бұрылған адамға жол анау айтқандай жаман емес екен. Жүргізуші жігіт қара жолда құйғытып келеді... Бұл жерге талай келген Азамат Ұланға бағыттап сұрақтар қоюда. Бірінші рет қадам басып келе жатқан мен боз даланың төсінен ұлы Мұқаң салған көркем суреттерді іздеп әуремін. Азамат сұрайды: «Еңлік-Кебек тығылған үңгір осы тұста ғой, иә? Алдында келгенде Жандос аға (Семейдегі Абай музейінің директоры Жандос Әубәкірді айтады) мөлшерін айтып еді, ұмытып келем...». Ұлан айтады. «Иә, ғашықтардың үңгірі деп осы тұсты айтады-ау деймін. Бірақ кейбір жігіттердің дерегіне қарағанда ғашықтардың тығылғаны басқа үңгір, оған өткенде Нұржандар (Жидебайдағы музейге жауапты Нұржан Байтөсті айтады) барып қайттық деп жүрген. Негізі ол үңгірге салт атпен де бара алмайсың дейді. Жаяу шықпасаң...». Екеуінің әңгімесі мені елітіп барады. Біз бұрылған бұрылысқа таяу жерде «Еңлік-Кебек» кесенесі тұрған. Екеуінің әңгімесі де сол тұстан басталған еді.
Құнанбайға құрмет жолдан басталса...
Есіңізде ме, бұл ғашықтырдың өмір сүрген кезеңі Құнанбайдың арғы атасы Кеңгірбай бидің тұсы еді ғой. Ендеше, Ақшоқы тарихы Құнанбай дәуірінен де әріге кетіп барады. Ойға белгілі абайтанушы Бейбіт Сапаралының «Ақшоқыны тек Құнанбай қорымы деп қарастырмауымыз керек» деген сөзі оралды. Семейдегі Абай музейінің алдында жолыққан аз әңгімемізде «Құнанбайға әлі күнге совет көзімен қарап келеміз. Олар дінді айтқызбады. Құнанбайдың қандай тұлға екенін айтқызбады. Меніңше, Жидебайдағы музейді мазмұндық жақтан өзгертуіміз керек. Ол жерге 1850 жылы Құнанбай атамыз медіресе салғызған. Кейін барып оған Оспан тұрған. Оспан 1890 жылы қайтыс болған соң әйелі Еркежанды Абай әмеңгерлікке алады. Абай тұрады. Әсілінде Құнанбайдың үйі еді. Ал Ақшоқы Абай атамыздың тұрақты мекені болған. Әрине, жаз жайлау, күз күзеуге көшіп жүрген. Дегенмен, Ақшоқыға отыратын үй салдырған. Сондықтан Ақшоқыны қабірстан деп қарастырмау керек. Оның тарихы бай. Мәселен, «ауылдың маңы терең сай, тасыған өзен гүрілдеп» деп сол Ақшоқының батыс жағында жатқан Ералы жазғын суреттеген» деп өз тұжырымын айтқан еді. Ал менің серіктерім әңгімені тіптен әріге әкетіп барады.
Астымыздағы көлік зымырап келеді. Соңымыздан аппақ шаң тірсектете қуады. Көз ұшында қос ғашықтың мәңгілік махабатына бесік болған үңгірлі тау, арт жағымызда ат құйрығынан ажал құшқан қос ғашықтың мәңгілік тән бесігі – Еңлік-Кебек кесенесі. Ортасында зымырап келеміз. Мендік сана ұлы Мұқаңның эпопеясына ауып болмайды. Дәл осы жолмен рулар арасындағы тартыстың ушықпауы үшін Еңлік пен Кебекке қатал шешім шығарып, Кеңгірбай би қайтқан шығар анау төбеден, қан жұтып. Өскенбай да осы өңірде өмір сүрген шығар. Құнанбайдың талай қуаныш-қайғысы өткен құйқалы мекені, мәңгілік бесігі болған осы Ақшоқы емес пе?!. Абай Шұбар (Шәкәрім) бастаған ақын шәкірттерін ертіп келіп, қос ғашықтың басына құран бағыштап, ақын інілеріне ғашықтық дастан жазуға тапсырма беретін тұсы бар еді ғой. Демек, осы жолмен Абай да жүрген. Әуезов келіп, Құнанбай қорымына мұң шаққанда Еңлік-Кебектің басына дұға оқып, махаббатқа тағзым жасамады деп айта алмассыз. Өйткені, ұлы Мұқаң жазған «Еңлік Кебек» драмасы қазақ әдебиетіндегі алғашқы сахналық шығарма ғой. Сахналаған жері де бұл жерден алыс емес дейді білетіндер. Иә, біз қасиетті жолмен зымырап келеміз. Жол демекші, Абай ауданның ендігі сөз иесі Төлеген Жаңғалиев ағамыз «Құнанбайға құрметті Ақшоқының жолынан бастау керек» деп еді ғой. Иә, ол кісі де ұлылар жортқан осы жолды аппақ шаң көміп жатпасын деген болар. «Құнанбайға құрметті жолдан бастау керек. Оның басына барып құранды құр оқи бергеннен Құнанбай тірілмейді. Оның кім екенін танытатындай басында музейі болуы керек. Жидебайдың көлеміндей болмаса да кішкентай шырақшының үйі болуы керек. Абайдың 175 жылдық тойына орай осы жұмыстарды жасайды деп ойлаймын» деп еді Қарауылда жолыққанымызда. Ал Абай ауданының әкімі Жарқынбек Байсабыров жол жөнделмесе де, Құнанбай қорымында абаттандыру жұмыстары жүргізілетінін айтқан. Тіпті, Абайдың кіндік қаны тамған сырт Қасқабұлақты да мал аяғына бастырмай, қоршау жасаймыз деп отыр.
Азаматтың айтуынша, Ділда мен Абайдың отау құрған жұрты да осы маң. Әне қабырлықтар көрінді. Бұл күнде Құнанбай қорымына жақын жерде жалғыз үй отыр. Бәлки, шаруа қожалық шығар. Бұдан өзге тіршілік ізін көрмейсіз.
Әйтпесе, қаншама тарихты бауырына бүккен Ақшоқы үнсіз жатқан жоқ, сөйлеп жатыр. Әне анау қырқадан Ділдәның бесік өңгеріп келе жатқан нұрлы бейнесі елестесе, енді бірде «Мағашымның денесіне ауыр тимесін» деп мәйіт арқалаған арбаның алдында жүгіре басып жерден кесек теріп келе жатқан Абайдың аянышты бейнесі менмұндалайды. Абай осында тумады, осында өлмеді демесең, қаншама қасіреті мен қуанышының куәсі болған Ақшоқы бұл. Әлемге үлгі болған қаншама ойлы жырдың құндағы бұл Ақшоқы. Бұл туралы ұлы Мұқаң бір эпилогында «Ақшоқыда туған өлең мен ән жатталып, толқып тарап жатты. Абайдың өлеңдері шешесі Ұлжанның құлағына да шалығып, бір қуантады. Әуендер мүлтіксіз кең Тобықтыға, сырттағы Керейге, ойдағы Уаққа, Арқадағы Қаракесек пен Қуандыққа, Аягөз, Тарбағатай мен Алтай наймандарына да жетіп жатты», - деп жазушы еді ғой. Ендеше, бірінші рет келген мен түгілі, өмірі қазақ даласына аяқ баспаған қиырдағы оқырмандар үшін аты мәшһұр Ақшоқы бұл.
Тапа-тал түсте тау қалғып...
Ақшоқыға әкелген осы сезім бізді Құнанбай қорымына бастады. Құнанбай қорымы бұған дейін бірнеше рет жөндеуден өтіпті. Соңғы рет биік етіп жалпақ тастармен қоршалған. Екі есік тұр. Қорымда Құнанбай Өскенбайұлы, Ізғұтты Сәдуақасұлы, Ысқақ Құнанбайұлы, Әбдірахман Абайұлы, Тәңірберген (Тәкежан) Құнанбайұлы, Мағрипа Сүлейменқызы, Мағауия Абайұлы, Мұхаметжан Майбасарұлы, Мұхтардың арғы атасы Әуез, Кәктай Ысқақұлы сынды Өскенбай әулетінің бір қыдыру ұрпақтары жерленген. Қабырстанға қарап тұрып қазақтың қилы тағдырын аңғару қиын емес. Жаңа қорым қайта жөндеуден өтіпті дедік қой. Сол жолы әрбір қабірдегі мүрденің аты-жөндері мен өмір сүрген жылдарын жазып қалдырған екен. Десе де уақыт-жаңбыр ол жазуларды да өшкіндете бастапты. Тас қорғанның сыртындағы Камила Мағауияқызының қатарында жатқан бірнеше мүрде 1932 жылы қайтыс болған екен. Демек, ашаршылық дейтін аждаһаның зәрі құдіретті Құнанбай ұрпақтарына шашырады деген сөз. Осы қатарда Абайдың ХХІ ғасырда өмірден өткен ұрпақтары да жерленіпті. Айталық, 2011 жылы дүние салған Ғазел Мағауина Жағыпарқызы мен 2014 жылы өмірден қайтқан Ишағы Мағауина Жағыпарқызы жатыр. Кім білсін, Құнанбайға деген кеңес үкіметінің кері пиғылы болмағанда барлық үрім-бұтағы осы қорымға жеткізілер ме еді?! Олай дейтініміз, 1904 жылы ұлы Абай өмірден қайтқанда Кіші Шақпақ жайлауынан ұлы ақынның мәйітін осы Ақшоқыға қарай алып жүріпті. Күндіз жер қойнына аманаттап, түнгі салқынмен жүрген қаралы топ Жидебайға жеткенде өзі ет-женді Абай мүрдесін әрі қарай алып жүруге болмайтынын ескеріп, сол жердегі інісі Оспанның қасына жерлепті. Әйтпегенде, Абай да әкесінің, аяулы ұлдарының, ардақты ағаларының қасына келіп мәңгілік тыныстайды екен. Құр құдықтан шығарылған Шәкерім де сонда келетін шығар бәлкім. Онда Ақшоқы ескерусіз қалмас еді...
Ескерусіз қалды деп те айта алмаймыз. Оған бұған дейін жасалған бірнеше реткі қабырлықта тұрған жаңа ғасырдың қолтаңбалары дәлел. Ал ескерілді дейін десең, құдіретті Құнанбайдың 100 жылдық мерейтойы ұлы Абайдың өлімімен тұспа-тұс келіп, алты алаш қара жамылып жатты десек те, 200 жылдығы ше?! 2004 жылы өз қолымыз өз аузымызға жете бастаған кез еді ғой?! Осындай сұрақтарға өткенде облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы жауап бергендей болды.Семейдегі «Дидар» гезітінің меншікті тілшісі Раушан Нұғыманбековамен болған әңгімесінен кейін. «Абайдай алыптың, қазақтың ұлы ақынының туған әкесі Құнанбай бүгінде расымен де ескерусіз қалуда. Абайға арналған музей мен Жидебайдағы мемориалдық кешенге Құнанбай қорымы кірмей қалған. Шыңғыстау баурайындағы Құнанбайдың бәйбішесі Күңкенің қорасы, кіші әйелі Айғыздың үйі, қора-жайы, Шәкәрімнің әкесі, яғни Құнанбайдың ұлы Құдайбердінің үй-жайы, Абайдың хатшысы Мүрсейіттің үйі, зираты және тағы басқаларының да зираттары жермен-жексен болып барады. Семейлік журналист Раушан Қабжанқызы осы жерлерге арнайы пресс-тур ұйымдастырып, бұл проблемаларды қалай назарға алу керектігі жөнінде шешім шығару өтінішін жеткізді. Аталған ұсыныстар ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу бойынша құрылған жұмыс тобы тарапынан қарастырылатын болады», - деген еді жазбасында. Бұл енді бір сөзбен айтсақ, Құнанбай қорымы қараусыз қалмайды деген сөз.
Бірақ бір нәрсенің түйіні шешілмей тұрған сыңайлы. Ол Ақшоқыға Құнанбай құдіретін айшықтайтын шағын болса да музей салына ма деген сауал. Бұған қазірше ешкім де нақты жауап бере алмайды.
Біз ұлылар жортқан қасиетті жолмен кері қайттық. Ақшоқының адырлы таулары қол бұлғап қалып барады. Бұлдыраған тау басына қараймын. Бәлкім жетімсіреп тұрған анау биіктен Еңлік пен Кебектің ел ұмыт қалдырған жетімін іздеген болармын. Бәлкім дөң басына шығып өлең оқып тұрған дана Абайдың сұлбасын көріп қалармын деген көрсоқыр ой шығар.
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт, дел-сал қып,
Түн басады салбырап.
Шаң шығармас жол дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен дағы,
Сабыр қылсаң азырақ» деп тұрғадай ұлы ойшыл. Иә, дәл қазір тапа-тал түсте тау қалғып тұр. Қалғыған тауларды «Рухани жаңғыру» мен ұлы ақының тойы оятар. Сабыр қылайық азырақ.
Абай ауданы.