KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Күршімдік мұғалім республикада үздік атанды

21.05.2014, 18:00 124



Алматы қаласындағы Ғалымдар үйінде шағын жинақты мектеп директорлары мен мұғалімдерінің «Мәңгілік елге – ақпараттық мектеп, шығармашыл педагог, бәсекелестікке қабілетті оқушы» атты республикалық слет өтті. Слетте Күршім ауданы, Жолнұсқау негізгі мектебінің мұғалімі Қамажай Қайсарова «Менің үздік сабағым» байқауы бойынша үздік атанып, I дәрежелі дипломмен марапатталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Оның мақсаты шағын жинақты мектеп директорлары мен мұғалімдерінің жұмысымен танысып, тәжірибе алмасу, шығармашыл педагогтарды іздестіріп, қолдау көрсету, проблемаларын шешуге отандық және шетелдік ғалымдарды тарту екен.

Күршім ауданы, Жолнұсқау негізгі мектебінің мұғалімі Қамажай Қайсарова осы слет қарсаңында алдын ала 1, 3 сыныптар бойынша математика сабағынан қашықтан оқыту қалыбында өткізілген конкурсқа қатысып, нәтижесінде оған шақырылған болатын. Қамажай аталған деңгейлі мектептердің мұғалімдері арасында өткен «Менің үздік сабағым» байқауы бойынша үздік атанып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.

Шағын жинақты мектептің басты ерекшелігі: біріншіден, бала санының аздығы, екіншіден, әртүрлі жастағы, атап айтқанда 1, 3 сыныптар мен 2, 4 сынып балаларының бір сыныпта отырып, бір уақытта әртүрлі пәннен білім алуы. Бұл ретте мұғалім күніне 8-9 сағаттық сабақ жоспарын жасап, оған тиянақты дайындалатындықтан және сабақтың көбі өздік жұмысты ұйымдастырумен өтіп, сабақ кестесін құратындықтан, өзіндік қиындықтар туындайды.

– Республикалық деңгейдегі бұл слетті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырған-ды. Менің аталған слетке баруымды қолдап, көмек көрсеткен мектеп ұжымына және мектеп директоры Қайырбек Жақып пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Сандуғаш Бұлжановаға алғысым шексіз, – дейді ізденімпаз мұғалім. – Слетке Күршім ауданынан үш, ал жалпы облыс бойынша 14 адам қатыстық.

Қамажай Қабылбекқызы 1980 жылы Күршім ауданындағы Қаратоғай орта мектебін бітірген соң екі жыл шопан әкесінің қасында қой бағып, еңбектің дәмін татты. Оның ұздаздық жолды таңдауына да әкесінің сөзі себеп болыпты. Ол әке аманатымен 1982-1985 жылдары Өскемен педагогикалық училищесінде оқып, оны кызыл дипломмен тәмамдаған екен. Міне, содан бері, 30 жылға тарта уақыт бойы Жолнұсқаудағы мектептің бастауыш сынып оқушыларына білім беріп келеді.

Бұл жылдар ізденгіш, жаңа атаулыға құштар мұғалімге өз жемісін бермей қойған жоқ. Соның дәлеліндей, Қамажай Қабылбекқызының оқушылары қатарынан бірнеше жыл бойы аудандық пәндік олимпиадаларда үнемі жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен, оның Әмина Серғалиева деген оқушысы математика пәні бойынша облыстық пәндік олимпиадада 2-ші орын иеленген. Сонымен қатар, білікті мұғалімнің оқушылары республикалық «Айгөлек» балалар журналымен тығыз шығармашылық байланыста болса, Нұрбол Әбенов пен Гүлдана Халықова Алматыда болып өткен «Айгөлек» фестивалінің делегаттары болып қайтты.

Ғафура Сәрсенбайқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив