ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Жиында облыстың Индустрияландыру картасына жаңа инвестициялық жобаларды іріктеу мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жиынға қатысушылар мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі жолдарын ұсынды, сонымен қатар, инвестиция тарту, экспортты алға жылжыту, мемлекеттік даму институттары мен банктердің жобаларды қаржыландыруы туралы сөз қозғады.
Жалпы, Шығыс Қазақстанның Индустрияландыру картасына бүгінге дейін құны 685 миллиард теңгені құрайтын 61 жоба енгізілген. Олардың 37-сі іске асырылған, ол жобалардың құны – 201 миллиард теңге шамасында.
Қазақстан жаңғырту мен инновация салаларына үлкен мән беруде. Мемлекет басшысы атқарушы билік органдарына аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырып, жаңа индустриялық нысандарды ашуды, барлық инвестициялық жобаларды толық іске қосуды жүктеп отыр. Өкінішке қарай, қазіргі кезде облыстағы 11 жобаның өндірістік қуаты 50 пайызға да толмаған. Десек те, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Олар кестеге сәйкес өндірістік қуаттарына жетуі тиіс.
– Индустрияландыру картасына инвестициялық жобаларды іріктеуде ең алдымен мақсатының айқындығы, экономикалық тиімділігі, шығаратын өнімінің ертеңгі күнгі сұранысы ескерілуі қажет. Кейбір жобаларды бұл картадан алып тастау туралы ұсыныстар айтылып жүр. Бұл олардың үйлестіру кеңес отырыстарында жөнді қарастырылмағанын, мұқият зерделенбегенін көрсетеді, – деді облыс Әкімі. Ол сонымен қатар алдын ала әзірленген жоба құжаттарының дұрыс жасалмағанына, олардың көпшілігінің министрліктің талаптарына жауап бере алмай отырғандығына қынжылыс білдірді.
Кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтов бұрындары облыстың Индустрияландыру картасына енгізілген 4 жобаны алып тастау жөнінде мәселе көтерді. Олар – «ДСК стройинновация» ЖШС, «Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы» ЖШС, «Семейавиа» АҚ, «Бұғаз» ЖШС тарапынан ұсынылған жобалар.
Елбасы биылғы Жолдауында индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызына ерекше тоқталып, бұл бағдарламаның экономиканы дамытуда басты бағдар болып қала беретінін атап айтқан болатын. Қазіргі кезде облыстық кәсіпкерлік және индустриялықинновациялық даму басқармасына аудан-қалалардан түрлі жобалар көптеп түсуде. Осы жолғы кеңес отырысында 22 инвестициялық жоба қарастырылды.
Кеңес отырысында бірқатар жобалардың құжаттары қайта өңдеуге жіберілді. Мәселен, «НұрБилдинг» ЖШС-нің Өскеменде отындық брикеттер шығаратын зауыт салу және «Бельсан и К» ЖШСнің Семейде жүн өңдеу фабрикасын құру сынды жобалары экономикалық тұрғыда тиімді болып табылғанмен, әлі де мұқият зерттеуді қажет етеді деп танылды.
Ал Риддердегі Долинный кен орнын барлау, Абай ауданындағы жүнді майсыздандыра отырып қалдықсыз өңдеу және 500 басқа арналған бордақылау алаңын қайта құру, Бесқарағай ауданындағы «Е.Арбиев» шаруа қожалығы қолға алған 3000 басқа шақталған бордақылау алаңын салу, Бородулиха ауданындағы «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығы ұсынып отырған сиырларды ерікті сауу жүйесін енгізу секілді әрі инновациялық, әрі экономикалық тиімді жобалардың барлық қажетті құжаттары дайын тұр.
– Жобалар алдымен басқармада қаралып, одан соң үйлестіру кеңесіне шығарылуы керек. Басқарма басшылары, қалалар мен аудандар әкімдері, жобалардың авторлары бірлесе, алдағы екі апта ішінде жобаларды қайта қарап, ретке келтірулері, жөндеулері тиіс. Республикалық үйлестіру кеңесінен өтуі үшін олар ең алдымен сапалы болуы қажет. Осы шаруаларға жауапты менің бірінші орынбасарым – Ермек Көшербаев. Бізге енді тағы да жобалар керек. Мемлекет қазынасында инвестициялық жобаларды қолдауға қаржы бар, тек кәсіпкерлер тарапынан идеялар мен ұсыныстар жетіспейді, – деп түйіндеді жиынды аймақ басшысы.
Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz