KZ
Өскемен
+2°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

ШҚ облысында үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған 21 инвестициялық жобаның 18-і мақұлданды

18.08.2013, 18:00 124


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен өткен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісінде аймақтың индустрияландыру картасына енгізуге ұсынылған 34,5 млрд. теңгенің 21 инвестициялық жобасы қаралды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі

Инвестициялық жобалардың оны ауыл шаруашылығы, жетеуі – тау-кен металлургия және өңдеу өнеркәсібі, үшеуі – спорт және туризм, біреуі – энергетика саласы бойынша ұсынылды.

Осы жолы Индустрияландыру картасына Семей, Курчатов қалалары мен Аягөз, Бесқарағай, Жарма, Ұлан, Тарбағатай аудандарынан ешқандай жоба түспеді. Есесіне бұрын Индустрияландыру картасынан көріне алмай келе жатқан аудандар суырылып алға шығып отыр. Күршім ауданында жергілікті өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізер сүт және қымыз өндірісі, Абай ауданында жүн өңдейтін кәсіпорын ашу сияқты ауыл шаруашылығын алға бастырар ерекше жобалар қолға алыныпты.

Абай ауданы бойынша облыстың Индустрияландыру картасына алғаш рет ұсынылып отырған жоба – «Дерикар» ЖШС-нің жүнді қалдықсыз өңдеу өндірісі енді аймақта ысырап болып жатқан мал өнімін кәдеге жаратуға бірден-бір мүмкіндік туғызбақ. Абай ауданында дайындау сервистік орталығы бар. Серіктестіктің өзі шаруа қожалықтарымен де келісім жасасып отыр. Даяр өнімді шетке экспорттау үшін қытай компаниясымен шарт жасалған. Аймақ басшысы облысқа аса қажетті мұндай өндірістің болашағы бар екенін айта отырып, корпорация тарапынан жобаға қаржы бөлу туралы бақылау кеңесінің шешімі әлдеқашан шығарылғанына қарамастан, қаражат беруді созбалақтатып келе жатқан «Ертіс» ӘКК басшыларына аталған жобаға қарастырылған қаржыны кешіктірмей бөлуді айрықша тапсырды.

Ағаш өңдеу өнеркәсібі де – облыста кенже қалған саланың бірі. Облыс басшысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы мен өзінің орынбасары В.Кошелевке Глубокое ауданында фанер тақтайлар шығаруды қолға алғалы отырған «Екі дос» ЖШС-нің кәсібін дамытуға қолдау көрсетіп, өңірде ағаш өнеркәсібінің өркендеуіне тиісті жағдайлар туғызуды жүктеді.

Кәсіпкерліктің қазанында қайнап келе жат-қан «Екі дос» ЖШС-нің Зырян, Катонқарағай аудандарында да жүзеге асыруға бел буып отырған игі істері жетерлік. Жоба бойынша серіктестік аталған екі ауданда заманауи құ-рал-жабдықтармен жарақтандырылған бүгінгі күннің талабына сай демалыс орындары бар туристік кешендер салуды жоспарлапты.

Бородулиха ауданында «Сахновское», «Лазарев и К» және «Новая заря» шаруа қожалықтары негізінде асыл тұқымды мал басын көбейту, тауарлы сүт фермасының қуатын ұлғайту жоспарланып отыр.

Облыстың Индустрияландыру картасына енетін жобалар қатары анықталып, толықтырылған үйлестіру кеңесінің мәжілісінде Риддердегі «ВостокЭнергоИндустрия» кәсіпорнының өндірісін әртараптандыру, Шемонайхада асфальт-бетон зауытын салу, Зайсан ауданындағы «Сарыбұлақ – Майқапшағай» магистральді газ құбыры құрылысы, Өскемендегі конденсатор зауытының қуатын арттыру, орамалы қаптамалар өндірісі сияқты индустриялық бағыттағы жобалар да бірауыздан мақұлданып, бекітілді.
Кеңес мәжілісінде Катонқарағай ауданынан ұсынылған «Рахман қайнарлары» аймағынан санаторийлер, үш жұлдызды отельдер салу және «Елдар» шаруа қожалығының қымыз өндірісі жобалары құжаттарының толық жиналмауы, қаржыландыру көзінің нақты айқындалмауы себептерінен қайтадан қарап, толықтырылуға жіберілді.

Инвестициялық жобалардың жүзеге асуы олардың дұрыс жасалуына, қаржыландыру көзінің жеткілікті болуына, халыққа қажеттілігіне, экономикалық негізділігіне байланысты. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовтың баяндағанындай, жалпы алғанда бүгінде еліміздің Индустрияландыру картасы аясында облыста 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық аудандар мен қалалар әкімдеріне, салалық басқармалар басшыларына кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып үйлестіру кеңесінде бекітілген жобаларды салалық министрліктерде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде қорғап, бекітуді тапсырды.

– Шалғайдағы ауылдардан да жақсы жобалардың қосылып отырғаны қуантады. Күршім, Абай аудандары бүгін өз жобаларын ұсынып отыр. Бұл үрдісті жалғастыру керек. Осы жолғы ұсынылып отырған жобалардың бәрі де – Шығыс Қазақстан үшін аса маңызды, бірақ олардың аймақ үшін аса қажетті екенін үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында дәлелдеу керек. Одан соң оларды толық қуатында жұмыс істеуге жеткізіп, жаңа жобалармен айналысуды бастау керек. Оның ішінде бұл жұмыстарды жобалар жасау жөнінен артта қалып келе жатқан аудандар мен қалаларда жетілдіру қажет, – деді облыс әкімі.

Үйлестіру кеңесінің қарауына ұсынылған 21 жобаның 18-і мақұлданды.

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив