KZ
Өскемен
-8°
ясно Штиль
479.23 534.96 5.16

ШҚО экономикасы жақсы қарқынмен дамып келеді

29.01.2014, 18:00 199



ШҚО экономикасы жылдан-жылға жақсы қарқынмен дамып келеді. Сәйкесінше, тұрғындардың әл-ауқаты артып, күрмеуі қиын проблемалар оң шешімін табуда. Бұған дәлел ретінде былтырғы қол жеткізген көңілге қонымды көрсеткіштер мен табыстарды алға тартар едік, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, өңірдің былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама жоғарылаған. Айталық, өңірдің жалпы өнімі 2 трлн. теңгеден асып жығылып, өнеркәсіп өндірісінде 1 трлн. 7 млрд. теңгенің өнімі өндірілген екен.

Өткен жылғы өндіріс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға ұлғайған. Мұндай өсімге негізгі өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуінің арқасында жеттік. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде жалпы көлемі 91 миллиардтан астам теңгенің өнімі өндіріліп, өсімнің деңгейі 15%-ды құрады.

Ал өңдеуші өнеркәсіп саласында шығарылған тауардың көлемі 838,1 млрд. теңгеден (3%-ға артық) асқан.

Сонымен қатар, машинақұрастыру, құрылыс материалдарын шығару, фармацевтика, жеңіл, химия өнеркәсіптерінде де даму қарқыны байқалады.

Негізгі капиталға тартылған инвестиция 301,1 млрд. теңгені құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 13,1%-ға артса, құрылыс жұмыстарының көлемі 16,3%-ға ұлғайған. Ал жұмыссыздық деңгейі керісінше, төмен-деп, 4,8% болды. Осы арада былтыр ашылған 19 мың жаңа жұмыс орнының оң ықпалы тигенін айта кеткен абзал.

Өткен жылы облыстан Индустрияландыру картасына 658,2 млрд. теңгенің 61 жобасы енгізіліп, осы инвестициялық жобалардың 37-сі нақты жүзеге асырылған. Оның ішінде 21 жоба жүз пайыз толық қуатпен жұмыс істеп тұр.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Елена Ясинская ұсынған деректерге ден қойсақ, өткен жыл аймақтың ауыл шаруашылығы үшін табысты болғанын көреміз.

– Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 296,3 млрд. теңгеге жетті. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 25 пайызға жоғары. Өткен жылы егін шаруашылығындағы егістік жерлердің аумағы 6,3%-ға өсіп, 1,3 млн. гектарды құрады, – деп түсіндірген басқарма басшысы Елена Ясинская сонымен қоса, «Сыбаға», «Жайлау» тәрізді ауылдағы шаруаларды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеде екенін айтты.

Жалпы, облыстағы ауыл шаруашылығы саласының былтырғы даму деңгейі жаман емес. Тек кейбір жекелеген жайттар, мәселен, агроөнеркәсіп кешенінің тауарларын экспорттауды арттырып, импорттың көлемін азайту мәселелерінде әлі де болса жұмысты ширата түсуіміз керек. Бұл міндетті облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ұдайы көтеріп, жауапты орындарға тапсырып келеді. Мамандардың болжамынша, ағымдағы жылы аталған мәселелер өз шешімін таппақ.

Экономиканы ілгері сүйрейтін локомотивтердің бірі – құрылыс саласында облыстың былтырғы нәтижелері көңіл марқайтарлық. Мәселен, 2012 жылмен салыстырғанда құрылыс жұмыстары көлемінің артуы 16,3%-ды құраса, тұрғын үйлерді қолданысқа өткізу бойынша өсім 19,4%-ға жеткен. Яғни, өткен бір жыл ішінде өңірімізде 291,3 мың шаршы метр үй салынып, елдің игілігіне берілді.

– Былтырғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көр-сеткіштері 2012 жылмен салыстырғанда жаман емес деуге болады. Экономиканың даму қарқыны 6% деңгейінде сақталды. Межелеген жоспар-тапсырмалар толық орындалды. Алайда, мұнымен шектеліп қалмауымыз керек. Біздің өңірдің әлеуеті бұдан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан биыл біз былтырғы жіберілген кемшіліктерді ескере отырып жұмыс істеуіміз керек. Ең бастысы, экономиканың даму қарқынын сақтап, жаңа мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек, – деген-ді ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев жуықта өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде.

Серік Әбілхан
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив