KZ
Өскемен
-5°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Есірткіні ноутбукпен тасуды ойлап тауыпты

26.01.2014, 18:00 87



Семей станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері Алматы-Новосібір бағытындағы жолаушылар пойызынан ірі көлемде есірткі әкетіп бара жатқан Ресей азаматын ұстады. Иісшіл итпен тексеру барысында 1987 жылы туған жігіттің ноутбугіне мұқият жасырылған салмағы 6 грамм гашиш табылды.

- ҚР Заңнамасы бойынша шетел асып бара жатқандықтан жігіттің бұл әрекеті контрабандаға жатады. Сол себептен есірткілік зат ірі көлемде болып саналады. Әрі ауыр қылмыстар қатарына енеді. Қазір күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Іс сотқа жіберіледі. Есірткіні заңсыз тасымалдаған азамат 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін, – дейді бұл жайында түсінік берген бөлім бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Қалжан Орынбеков.

Бірнеше қабат пакеттерге оралған гашиш ноутбуктің ішкі құрылғыларына аса шеберлікпен жасырылған. Қызметтік иттің қатысынсыз табу мүмкін емес көрінеді.

Бұл іс жыл басталған 20 күн ішінде ескірткіге байланысты тіркелген 9-шы оқиға. Алынған есірткілік заттар арасында 50 грамм гашиш, 200 грамм марихуана бар. Теміржол бойындағы сақшылардың айтуынша, қылмыстың бұл түрі соңғы кездері күрт артып отыр. Өткен жылы заңсыз есірткі айналымына қатысты 23 іс тергеуге алынып, сотқа жолданған. Ал биылғы жылдың алғашқы айы аяқталмай жатып көрсеткіш бірден жоғарылаған.

Айта кетейік, Ресейдің Сібір бөлігін Орта Азиямен жалғайтын теміржол Семей қаласы арқылы өтеді. Есірткі наркотрафигін бақылауға алуда шаһардағы ішкі істер бөлімінің желілік полициясының жүгі ауыр.

Қуаныш Шәкенұлы
Мәлімет көзі: Munara.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив