Италияның Трентино қаласында өткен бүкіләлемдік қысқы универсиада ойындарынан күміс жүлдемен оралған хоккейшілердің өнеріне ел құрамасының бас бапкері Владимир Плющев жоғары баға берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, құрама қоржынына екінші күміс медальды шайбалы хоккейден еліміздің ерлер командасы салды. Олар топтық кезеңде Канада (4:2), Украина (4:2), Жапонияны (3:1) жеңіп, ширек финалға шықты. Онда Латвияны 6:1 есебімен ойсырата ұтты. Ал жартылай финалда біздің жігіттер АҚШ құрамасынан 5:1 есебімен басым түсті. Бір қызығы, ақтық сында қазақ хоккейшілері Канадамен қайта кездесті. Алтын жүлде үшін өткен ақтық матчта Канада құрамасы Қазақстанды 6:2 есебімен ұтып кетті. Сөйтіп, қазақстандық спортшылар күміс медальды қанағат тұтты.
Айтпай кетуге болмайтын дерек, Универсиадаға үкілеп апарып қосқан шайбалы хоккейден ерлер командасының негізін өскемендік «Қазцинк-Торпедоның» ойыншылары құраған-ды.
Еліміздің студенттер құрама командасының бас бапкері Владимир Плющев өзінің тәрбиеленушілерінің жетістігі туралы ойын былайша жеткізді:
– Біздің балалар барлық жағынан көшбасшы болды. Канадалықтармен болған ақтық сында біздің қақпаны қорғаған Андрей Янковтың жанкештілігін ерекше атап өткен абзал. Шабуылшы Евгений Рымарев турнирді ғажап өткізді. Егер ойын қорытындысында әрбір амплуа бойынша үздік ойыншыларды анықтайтын болса, Евгений бірінші кезекте солардың қатарынан көрінуге лайықты еді. Өйткені, осы турнирде оған тең келетін ешкім болған жоқ. Ол ақтық қақпаға шайбаны да соқты, пас та берді, қысқасы командаға ойнады. Сол сияқты торпедолық тағы бір хоккейші Александр Шиннің де өнері талайдың таңдайын қақтырды. Бұған қоса Константин Савенков, Александр Казначеев пен Георгий Петров, жалпы менің балаларымның бәрі де құраманың көшбасшылары болды.
Италия жерінде өткен дүбірлі доданың қорытындысы бойынша бес медаль иеленген ел құрамасы қысқы универсиада ойындарының жалпыкомандалық есебінде он бесінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды Ресей, екінші орынды Польша, үшінші орынды Оңтүстік Корея спортшылары жеңіп алды.
Келесі қысқы универсиадалар 2015 жылы Испанияның Гранада қаласында, ал 2017 жылы – Алматыда өтеді.
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz