KZ
Өскемен
+12°
небольшой дождь жел 4,3 м/с, З
441.66 475.14 4.86

Тұңғыш қазақ әлеуметтік-мәдени орталығы

21.09.2013, 18:00 192


Семейде тұңғыш рет қазақ әлеуметтік-мәдени орталығы ашылды , деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

– Соңғы кездері біздің Достық үйіндегі орталықтардың жұмысында үлкен өзгерістер жасалуда. Соның бірі осы қазақ мәдени орталығы деген жөн, – деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев. – Ал қазақ орталығының осындай үлкен ұйым болып бірігуі қаладағы шағын орталықтардың жұмысын күшейтпесе, әлсіретпейді.
Қаладағы орыс, татар, неміс мәдени орталықтарының өкілдері келген шарада жаңа ашылған орталықтың басшысы болып Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шаған Жанаева тағайындалды. Жиынға келгендер Достық үйінің дәлізінде орналасқан мемлекеттік тіл және отбасы құндылықтарын бейнелейтін кітап көрмесін тамашалап, педагогикалық колледж бен этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламасын көрді.

Сондай-ақ, апталық барысында қалада тілдерді оқыту орталығы да ашылды. Оның ашылуына қалалық бюджеттен 6 млн. теңге бөлініпті. Онда Семейдегі түрлі ұлттың өкілдері «Қазтест» жүйесі бойынша тегін оқытылмақ. Орталық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Облыстық лингвистикалық орталықтың директоры Бақыт Ағажаеваның айтуынша, бұл республикадағы ең ірі оқу орталығы болатындай.

– Мемлекеттік тілді оқыту курсы сегіз, ал ағылшын тілін оқыту төрт айға негізделген, – дейді Семей қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлнар Апеева, – аптасына екі рет жүргізілетін сабақта биыл 80 адам қазақ, тағы осынша адам ағылшын, 20 адам орыс, татар, корей, иврит, неміс тілдерін үйренуге ниет білдіріп отыр. Орталықта оқыту тегін. Ал ағылшын тілінің сағаты 100 теңгеден. Сөйтіп, 7200 теңгеге ағылшын тілінің толық бір курсын тәмамдап шығуға болады. Ағылшын тілін тек мемлекеттік қызметкерлер ғана тегін үйрене алады. Келешекте түрік тілін де оқытпақ ойдамыз. Курсты аяқтап, тест-сынақты жақсы тапсырғандар сертификатқа ие болады.

Раушан Нұғманбекова

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив