KZ
Өскемен
+23°
пасмурно жел 4 м/с, В
444.14 477.05 4.85

Береке-бірлік самалы ескен мекен

28.04.2012, 18:00 137


Береке-бірлік самалы ескен мекен
Қазақстан бойынша алғаш рет 1992 жылдың аяғында шаңырақ көтерген Достық үйінің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ қатысқан болатын.

Облыстық Достық үйінің мақсаты – ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту, әр халықтың мәдениеті мен ана тілін, салт-дәстүрін жаңғырту, мәдени мұраны сақтау, Қазақстан жас-тарын патриоттық сезімге тәрбиелеу болып табылады. Ол сол себепті де қаладағы болжау және талдау институтымен, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесімен, тілдер және ішкі саясат басқармаларымен, ұлттық мәдениет және тілдерді түлету мектептерімен тығыз жұмыс істеп келеді.
Бүгінгі таңда облысымыздағы тоғыз Достық үйінде 86 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр. Оның қанатының астына алғашқылардың бірі болып «Видергебурдт» неміс, «Вайнах» шешен, қытай және ұйғыр орталықтары, Шығыс Қазақстан кәрістер қауымдастығы, славян мәдениеті, облыстық және қалалық «Қазақ тілі» қоғамдары кірсе, кейінірек армян, орыс, татар, украин, белорус, әзербайжан, поляк, еврей ұлттық-мәдени орталықтары ашылды. Ал қазір Өскемендегі Достық үйінде 12 этномәдени бірлестік пен 10 қоғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Сондай-ақ, облыста өтетін көптеген қоғамдық, мәдени шаралардың ұйтқысы болып отырған этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған 20 шығармашылық ұжымның сегізі «Халықтық ұжым» және біреуі «Үлгілі ұжым» атағына ие. Олардың қатарында «Русская песня», «Майглекхен», «Ладушки», «Сарман» «Жігер», «Ақниет», тағы басқа ансамбльдер бар. Сонымен қатар Достық үйінің жанында төрт клуб, соның ішінде «Жемчуга» және қаламыздың зейнеткер азаматтарына арналған «Сіздің денсаулығыңыз» клубтары, екі лекторий, екі музыкалық қонақжай, екі салон, еврей ұлттық орталығының «Сион» театры жұмыс істейді.
Бұл үйдің жұмыс ауқымы жыл өт-кен сайын кеңейе түсуде. Мәселен, өткен жылы жоспар бойынша 51, жоспардан тыс 23 шара өткізіліп, шығармашылық ұжымдары 101 концерт, оның ішінде этноауылда мемлекеттік және ұлттық мерекелерге, этномәдени бірлестіктердің мәдени күндеріне арнап 10-нан аса тақырыптық және концерттік бағдарламалар берді. Этноауылда өткен тағы бір мәдени шара – алғаш рет «Күмбірле домбыра, ойна сырнай» фестивалінің өтуі. Оған қаламыз бен жақын аудандардың домбырашылары мен сырнайшылары қатысып, нағыз халықтық өнер үлгісін көрсеткені бар.
Міне, төртінші жыл Достық үйі қаладағы Республика алаңында 1-мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мәдени шаралар өткізіп келеді. Соның бір мысалы ретінде өткен жылғы театрландырылған қойылымда қа-зақ халқының «Келін түсіру» дәстүрін көрсетумен бірге «Қара жорға» биін бір уақытта бір мың адам-
ның орындауын келтіруге болатындай.
Қазақстандық отаншылдықты қа-лыптастыру мен нығайту және рухани мәдени әріптестік пен этносаралық қатынастарды үйлестіру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сөз реті келгенде айтқан жөн, «Шығыс Қазақстан мұсылман әйелдері», «Алтын арқау» қоғамдық бірлестіктерінің, ақсақалдар алқасының және «Ата мұра» ансамблінің мүшелері қазақ халқының мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін, дінін насихаттап, ұлтаралық қатынасты нығайтуға және қоғамдық рухани құндылықтарды дамытуға зор үлес қосып келеді. Олар қаламыздағы оқу орындарына, мүгедектер үйлеріне, түзету мекемелеріне, сауықтыру орындарына барып, қайырымдылық концерттер беріп жүр.
Достық үйіне ай сайын орта есеппен алғанда төрт – он мың адам келеді екен. Өткен жылы ғана мұнда келушілердің саны 51 мың адамды құрапты. Тағы бір айта кетер нәрсе, мұнда 2009 жылдан бері этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігімен таныстырып, атқарып жатқан іс-шараларынан мәлімет беретін «Ассамблея жаршысы» газеті ай сайын жарыққа шығып келеді. Бұған қоса облысымыздағы поляк, еврей, орыс, белорус, татар халықтары туралы тарихи-библиографиялық кітаптар басып шығарылған көрінеді.
Биылғы ұлу жылының нағыз достықтың самалы есіп тұратын осынау үйге берері көп. Өйткені, биыл Достық үйінің құрылғанына 20 жыл толмақ. Осыған байланысты жақында «Достық керуені» акциясы ұйымдастырылып, оны Курчатов қаласы бастап та кетті.

КЕРЕК ДЕРЕК
Өскемендегі Достық үйінде 12 этномәдени бірлестік пен 10 қоғамдық бірлестік жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктердің жанынан құрылған 20 шығармашылық ұжымның сегізі «Халықтық ұжым» және біреуі «Үлгілі ұжым» атағына ие.

altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив