Семейдегі № 2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде гимнастика залы ашылды. Спорт нысанының ашылу салтанатына қала әкімі Айбек Кәрімов, спорт қауымдастығы, жанкүйерлері, жас спортшылар қатысты , деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің мәліметіне сілтеме жасап.
Айбек Кәрімовтің айтуынша, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 55 млн. теңге қаржы бөлінген. Баласын спорттың осы түріне бергісі келгендер соңғы он жылдан бері жеке ғимаратты былай қойғанда, жаттығу залын таба алмай, талай рет тұйыққа тірелген. Осынау игі қадам елімізде біраз уақыттан бері қолға алына бастаған бұқаралық спортты дамыту мақсатындағы жүзеге асқан іргелі істердің бірі.
Іргетасы 1985 жылы қаланған ғимарат бүгінде жан-жақты жөндеуден өткізілген. Жаңа мектептің лентасын қала әкімі Айбек Кәрімов пен үстіміздегі жылы көркем гимнастикадан Алматы қаласында өткен оқушылар турнирінің жеңімпазы Әділжан Айтқалиев қиды.
Жиналғандарға көркем гимнастикаға бет бұра бастаған бүлдіршіндер мен оқушылар өз өнерлерін көрсетті.
Спорт ардагері Валерий Носиков, Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушысы Юрий Колмаков жас спортшыларға табысты жетістіктер тілеп, сый-құрметін көрсетті.