ШҚ облыстық жол полициясы басқармасының қызметкерлері «Қан тапсырып, өмірді сақтап қал» атты акция ұйымдастырып, қан орталығына 10 литр қан тапсырды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Облыстық жол полициясы басқармасы басшысының орынбасары Дулат Нұрсолтанов атап өткендей, жол қозғалысы қатысушыларының өмірі мен денсаулығын сақтап қалу – жол полициясы бөлімшелері қызметінің басым бағыттарының бірі.
Жол сақшыларының бастамасын сол күні басқарма ғимаратына жеке көліктерін тіркеу үшін келген көлік иелері мен жүргізушілер де қолдады.
Мұндай шараларды жол полицейлері үнемі өткізіп тұрады. Бірақ осы жолғы акция жаңа оқу жылы қарсаңында көлік апатына түсіп қалған оқушылардың тезірек аяқтарынан тұрып кетуіне көмектесу мақсатында жүргізілді.
Жол сақшылары бір күнде тапсырған 10 литр қан біреулердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізері сөзсіз.