KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность жел 3 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

Жаңа Бұқтырма кентіндегі сауықтыру лагерінде балалар демалуда

24.07.2013, 18:00 117


Жаңа Бұқтырма кентіндегі «Жігер» балаларды сауықтыру лагері. Бұқтырма аспаны бұлтты. Бірақ, лагерьдегі балалардың қабағы ашық, көңілдері көтеріңкі. Бұқтырманың жағаны шүп-шүп сүйген толқыны балаларға өзгеше бір ләззат сыйлап жатқандай...

«Сауықтыру кешенінде балалар арасында халықаралық жарыс өтеді» дегенді естіген біз асыға жеттік. Халықаралық деп отырғаны, бұл жерде Ресейдің Алтай өлкесінен 20 бала келіп, тынығып жатқан-ды. Облыс басшысының бастамасымен екі өңірдің арасында қол қойылған көптеген меморандумның бірі оқушылардың алмасып, демалуы болатын. Сол мерейлі іс-шараның нәтижесін міне, оқушылар көріп жатыр. Ал келесі, тамыз айының басында біздің аймақтың тәрбиеленушілері көрші өңірдің көрікті жерлеріне аттанбақ көрінеді.

Жарыс та басталды. Тұмса табиғаттың құшағында жеңіске ұмтылған балалардың жігері көрген жанды сүйіндіреді. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топқа бөлінген балалар өз командасының алға жылжуы үшін аянбай еңбектенуде. Жарысқа қатысқан өрендер «Жұлдызды жаңбыр», «Айболит», «Із кесуші», «Туристік лабиринт», «Зообақ» және «Темірқазық» сынды жарыс түрлері бойынша өз топтарына ұпай жинауы керек. Ең көп ұпай жинаған топ жарыс жеңімпазы атанады. Ал белсенді ойын көрсетіп, үздік нәтижеге қол жеткізген жеңімпаз сайыстың ең абыройлы атағы – «Қазақстанның жас турисі» деген дардай куәлікке ие болмақ. Сондай-ақ, жарыстың басқа жеңімпаздарын да тәп-тәтті сыйлықтар күтіп тұр еді.

Әрине, мұндай шара – осы жерде демалып жатқан оқушылардың уақытын тиімді өткізуіне, бір-бірлерімен жақын араласып, достасуына арналып отырған қадам.

– Ең әуелі бұл жердің тамағы ерекше дәмді, онан кейін спорт алаңдары өте көп екен. Шынын айтсам, біздің өңірде мұндай нысандар бұл жердегіден аз. Табиғаты да керемет. Ал мұндағы адамдардың бізді күтіп алып, жақсы ниет көрсетіп жатқаны тіптен керемет. Кешкі шаралары да бізді қуантуда. Осындай жағдай жасап жатқан ағаларға айтар алғысым шексіз, – деді өзін Тимур деп таныстырған көрші елдің баласы.

Бұл балалар біздің спорт алаңдарымызға тегін көз салып тұрған жоқ. Олар Сочи Олимпиадасы қарсаңында аудандарында өткен «Азамат» атты байқау жобасын ұтып алған жеңімпаздар екен. Сол жеңістерінің құрметіне Кенді Алтайдың кереметін көруге мүмкіндік алыпты.

Көрші елден келген оқушыларымен қосқанда, бұл лагерьде дәл қазір 156 бала жазғы демалысын жайлы өткізіп жатыр. Ішінде ата-аналарының көмегімен барып жатқан өрендер де жоқ емес. Көпшілігі қалалық білім бөлімінің қазынасы есебінен демалып жатқандар. Олардың қатарына үздік оқушылар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған қамкөңіл һәм көпбалалы отбасының балалары енгізілген екен.

Айтса айтқандай, 2000 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл сауықтыру кешеніне соңғы 3-4 жылда келушілер тіптен көбейген көрінеді. Лагерь 2009 жылға дейін жылына 120 бала қабылдап келсе, соңғы жылдары бұл сан 620-ға жеткен. Ал биылғы жылдың қазіргі кезеңіне дейін 700 оқушыны қабылдап үлгеріпті.

Мұратхан Кенжеханұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив