KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
439.43 473.31 4.82

«Туризм. Саяхат. Демалыс» туристік көрмесінің өңір үшін берері мол

19.05.2013, 18:00 203


Облыс орталығындағы Б.Александров атындағы Спорт сарайында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен екінші аймақтық «Туризм. Саяхат. Демалыс» атты көрме өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Шараның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жомарт Мұратов қатысып, көрмеге қатысушы қолөнер шеберлерінің жұмыстарымен танысты.

«Туризм. Саяхат. Демалыс»  туристік көрмесінің өңір үшін берері молДәл осындай көрме былтыр да өткен болатын, біздің аймаққа алыс-жақын шетелдерден келетін туристер санының жылдан-жылға арта түсуіне мұндай көрмелер көп үлес қосып келеді. «Изумрудный Алтай» туристік компаниясының өкілі Евгения Гармонованың айтуынша, биыл екінші мәрте өткізіліп отырған шараның маңызы айрықша. Қазақстанға келетін туристерді көбінесе ұлттық нақышта дайындалатын кәдесыйлар мен әртүрлі қолөнер бұйымдары қызықтырады екен. Осы тұрғыдан алып қарағанда туристік көрменің біздің өңір үшін берері мол.

Бұл жолы көрмеге 30-ға жуық шебер қатысты.

Облысымыздың көптеген демалыс базалары мен сауықтыру орындарынан, сонымен қатар Павлодар облысынан келген турагенттіктер, жастардың туристік ұйымдары, туризм саласын оқытатын оқу орындарының өкілдері де көрме төрінен орын алды.

Туристік көрмеге қонақ болып қатысқан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Данияр Бектібаевтың айтуынша, Шығыста туризм саласын дамытудың үлкен мүмкіндігі бар. Шетелдіктердің бұл өлкеге деген қызығушылығы да ерекше.

Сондай-ақ, ол Шығыс Қазақстанда туризмді дамыту бойынша жасалып жатқан «Табиғат таңғажайыптарының әлемі» атты кластерлік бағдарламаны да атап өтті.

Көрмені тамашалаған қалың жұрт өздеріне ұнаған қолөнер бұйымдарын бағасына қарамай сатып алып жатты. Киізден жасалған көздің жауын алатын әдемі қол сөмкелер, әртүрлі асыл тастар, көрпе-құрақ бұйымдары, тағы басқа да кез келген дүкендерде кездесе бермейтін шебердің қолынан шыққан бұйымдар көрермендер назарына ұсынылды.

Айтулы демалыс орындарының, оның ішінде өз облысымыздағы жағажайлар мен санаторийлердің бағаларын да дәл осы жерден білуге болады. «Жолдаманың құны қанша?», «Оған қалай тапсырыс берем?» деп сұраған жұртта есеп болған жоқ.

Туризм саласына оқуға түскісі келетін талапкерлер мұндағы мұғалімдерден өздері білім алғысы келетін болашақ оқу орнының жай-күйін сұрап білді. Ал студенттер туризм саласының мамандарымен тілдесіп, нақты демалыс базаларында іс-тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер алды.

– Мұндай іс-шаралар дәстүрге айналып, жыл сайын жалғасын табатын болады, туристік фирмалар аталмыш көрмелер арқылы өздерін қалың жұртшылыққа кеңінен таныстыра алады. Көрме мәресіне жеткенде қатысушылар арасынан үздіктер мен жеңімпаздар анықталады, – дейді облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы туризмді дамыту бөлімінің бастығы Айзат Аухадиева.

Дарын Нұрсапаров
Суреттерді түсірген : Е.Орынбаев

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив