Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 95 жылдығы қарсаңында Батырдың есімімен аталатын кентте жас-кәрінің имандылық ордасы болып келе жатқан Мұса баба мешітінде ардақты ұлдың рухына бағышталып, құран-хатым түсірілді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Одан соң-ақ мерейтойдың көрігі қызып жүре берген. Мерейтойдың қонақтары Қасым-батырдың туған інісі, Алматыдан арнайы келген Ғабдылқайыр Қайсенов, белгілі жазушы Ғаббас Қабышев, ақын Ұлықбек Есдәулет және күйші-сазгер Секен Тұрысбеков және басқалар аудандық спорт модулінде 1999-2002 жылдары туған балалар арасында еркін күрестен өткен аудан біріншілігіне қатысушылардың сайысын тамашалады, әр салмақ дәрежесінде қатарынан озық көрінген жеңімпаздарды марапаттады.
Кенттегі Р.Мәрсеков атындағы аралас орта мектептің өнерпаздары қонақтарды күмбірлеген күймен қарсы алып, көңілдерін бір серпілтіп тастады. Ал оның екінші қабатында өткен Қасым Қайсенов оқуларына ауданның барлық дерлік мектептерінің оқушылары жиналған екен. Олар Қасымның соғыс кезіндегі ерлігінен қойылымдар ұсынса, өлең өлкесіне талпынып жүрген бірнеше ұл-қыз балауса жырларымен көңілдерге шуақ құйғандай болып, бала-Қасым мен дана-Қасымның бейнесін шама-шарықтарынша сомдаған. Бұл шарада сөз сөйлеген Ғабдылқайыр аға Қасым Қайсеновтің екі кітабын мектептің кітапханасына тапсырды.
Елді мекеннің ғана емес, бүкіл ауданның жұртын жинаған мерекені кенттің орталық стадионынан көргеніміз бар. Қаһарман туралы танымдық һәм тағлымдық сөздер айтылған соң қайсыбір қалаларда кездесе бермейтін жасыл кілем төселген алаңдағы көшпелі сахнаға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Сенат депутаты Талғатбек Абайділдин, ресейлік Валерий Труевцев және өзге де қадірлі қонақтар көтерілгенде бүкіл стадион жаңғырығып кеткен-ді.
– Қадірлі Ұлан жерінің тұрғындары, бүгінгі мерекеге, қаһарман батырдың 95 жылдығының салтанатына келген құрметті қонақтар! Бүгін мұнда үлкен іс-шара өтіп жатыр. Біз қай-қашан да өткенді, мынау өскелең өмірді кімнің, қандай қиындықтарды көре жүріп сыйлағанын ұмытпауымыз керек. Соғыс атты алапатта аянбай ерлік көрсеткен батырлардың ішінде Қасым ағамыздың болуы бәрімізді марқайтады. Оның есімі тек біздің елге ғана емес, Белоруссия мен Украй-на жұртына да ерекше ардақты. Ол кісі елді әрдайым бірлік пен ынтымаққа шақыратын. Өз басым ол кісіні жақсы білетін едім. Кезінде ол: «Бердібек, қазақ үшін бір-ақ нәрсе керек, ол – бірлікке ұйысу, сол арқылы болашақты құру» - дейтін. Біз бүгін өте қуаныштымыз. Өйткені, сол ардақты ағамыздың айтқан өсиетін жерлестері, бауырлары ары қарай алып бара жатыр. Қазақта «Алла тағаланы қолдаған адам еш уақытта жаман болмайды» деген сөз бар. Батыр ағамыздың әруағы бәрімізді қолдап жүрсін, – деді мерейтойға жиналған ел алдында ақжарма тілегін жеткізген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Әкім одан соң жас ұрпақты ұлағатты болуға тәрбиелеп келе жатқан батырдың туған ауылындағы Асубұлақ орта мектебінің директорына «ГАЗель» автокөлігінің кілтін тапсырды.
Облыс басшысының жүрекжарды тілек-сөзінен кейін ел Қасым-батырдың інісі Ғабдылқайыр Қайсеновтің сөзін ұйып тыңдаған. Сөзін әріден сабақтаған ол осындай тамаша той өткізіп жатқан ел ағаларына, оның негізгі жүгін бірлесе көтеріп алған кәсіпкерлерге жақсы тілегін айтып:
– Мен бүгін мынау жиындағы жақсылықтарға қарап Қасым Қайсенов менің ғана емес, бүкіл елдің ағасы екеніне көзім жетіп тұр. Ол табиғаты бөлек, елім деумен өткен азамат болатын. Бүгінде осындай үлкен кентке Қасым атын беріп, той өткізіп жатқан елге бек ризамын, – деді.
Айта кетейік, осы күні белгілі қылқалам шебері Еркін Нұразханның батыр жайындағы «Ерліктің ерен тұлғасы» атты кітабы мен «Қазақтың қаһарман Қасымы» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Стадиондағы жақсы тілекпен, жақсы сөзбен өрілген шара барысында Секен Тұрысбеков өзінің екі күйін төгілдіріп, оның соңы аудан көркемөнерпаздарының шаттықты ән-күйіне ұласты.
Ғафура Сәрсенбайқызы
Суреттерді түсірген Е.Орынбаев