Семейдегі Мемлекеттік медицина университетінің Медицина орталығында кардиохирургия бөлімшесі мен рентгеноангиографиялық зертхана ашылды. Оның ашылу салтанатына ШҚО әкімі Б.Сапарбаев, Семей қаласы әкімі Айбек Кәрімов, ҚР ҰҒА академигі Т.Шарманов қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Жоғары оқу орнының Медициналық орталығына 2011-2012 жылдарға бөлінген қаражаттың 1,5 миллиард теңгесіне кардиохирургиялық операцияларды жасауға арналған құрал-жабдықтар мен рентгенэндоваскулярлық ангиограф сатып алынған. Операция залдарын университет өз күштерімен қайта құрастырыпты.
Семей мемлекеттік медициналық университеті мен Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургия орталығының арасындағы келісімшартқа сай семейлік дәрігерлер астаналық әріптестерінің тәжірибелерін басшылыққа алады. Осы жобаның аясында жаңадан ашылған кардиохирургия қызметінің барлық дәрігерлері: кардиохирург-дәрігер, перфузиолог-дәрігер, 4 анестезиолог –дәрігер, инфекция дәрігері және медбикелер Астанада оқу курсын тәмамдап, біліктіліктерін арттырды.
2012 жылдың қаңтар және желтоқсан айларында белгілі кариохирург, Ұлттық орталық басқармасының төрағасы Ю.Пяның жетекшілігімен астаналық кардиохирургтер Семей қаласында шеберлік сыныптарын өткізіп, шығыстың дәрігерлерінің білімдерін ұштай түсті.
Ангиографиялық құрылғыларда жұмыс істеуге Астана мен Өскемен қалаларынан 2 білікті дәрігер шақырылды.
Жаңа бөлімшелердің ашылуы өңір халқының денсаулығын түзеуге, жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім көрсеткішін төмендетуге септігін тигізетін болады.