Өскемендегі «Азия Авто» автокөлік құрастыру зауыты «KIA Cerato-2014» седанын шығара бастады. Қазақстандық зауыт – бұл көлікті жасауды қолға алған алғашқы кәсіпорындардың бірі. Енді Корея мен АҚШ автосүйер қауымынан кейін жаңа көлікке міну бақытына біздің де отандастар ие болды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«KIA Cerato» кореялық компанияның ең табысты әрі белгілі моделі болып саналады. Әлем бойынша бұл көліктің 2,5 миллионнан астам данасы тіркелген.
Жалпы, «Азия Авто» «KIA Cerato» көлігін 2010 жылдан бері шығарып келеді. Осы үш жылға таяу уақыт ішінде аталмыш седан елімізде ең көп сатылатын көліктердің үштігіне кіріпті. Ал 2012 жылы «KIA Cerato» Қазақстанда жасалатын автокөліктердің ішінде шыға-рылған көлемі жағынан екінші орынға табан тіреген.
«Азия Авто» мамандары «мұнымен шектеліп қалмаймыз» деп отыр. Жыл соңына дейін зауыт «KIA Motors» компаниясының тағы жеті ұсынысын ұсынбақ. Олардың қатарында екі есікті «Cerato Koup» спорттық купелі автокөлігі де бар.